Музыка тыңдаса ораза бұзыла ма?
Аузы берік адам музыка тыңдаса, оразасы бұзылмайды. Алайда, келесі мәселені ескеріңіз! Рамазан айы – Ислам дініндегі үлкен маңызға ие құлшылық ету айы. Бұл айдың негізгі мақсаты мұсылмандды рухани және моралдік тұрғыдан жан-жақты тәрбиелеу.
Қасиетті Рамазан айының барлық күндерін екі дүние үшін пайда келтіретін сауапты амалдарды істеуге арнап өткізу қажет. Осы айды пайдалаланып, қосымша нәпіл ғибадаттарды орындауға, Құран оқуға көбірек уақыт бөлген жөн.
Ұстаған оразаның дұрыс орындалу шарты құлағымызды, көзімізді, қол-аяғымызды және ақыл-санамызды күнә істерден сақтаудан басталады. Яғни, мұсылман адам өз нәпсісін тақуалыққа тәрбиелеу керек деген сөз.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Алла оның жеп-ішуден тыйылуына мұқтаж емес»[1],-деген.
Тағы бір хадисте: «Адам баласының әрбір амалы үшін есе-есе сауап жазылады. Бір жақсылық жасаған болса он еседен жеті жүз есеге дейін сауап беріледі. Бірақ ораза бұдан бөлек. Өйткені ораза мен үшін ұсталады және оның сауабын мен берем. Себебі аузы берік кісі ішіп-жеуін, нәпсісінің қалауын мен үшін тоқтатады»[2], - делінген.
Сондықтан, Алла Тағала уәде еткен ораза ұстаған адамға берілетін ұлы сыйға қол жеткізу үшін істесе де, істемесе де болатын жай ғана көңіл әуестігінен барынша сақ болған абзал.