Фатиха сүресінің қанша атауы бар?
Фатиха сүресінің имам Құртуби (р.а.) атап өткен он екі атауы бар. Олар:
1. әс-Соләт (намаз). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен: «Намаз Менің және құлымның арамызда екіге бөлінген...[1]» деген хадис негізінде;
2. Сурат Хамд (мадақ сүресі). Сүре Алла Тағаланы мадақтаумен басталғандықтан;
3. Фатихат Китаб (Құранның беташары);
4. Үмму Китаб (Кітаптың атасы[2]);
5. Үмму Құран (Құранның атасы[3]);
6. әл-Масани (қайталанушы) Үбай бин Кағб (р.а.) риуаят еткен хадисте: «...Ол жеті қайталанушы (аяттар), ол жөнінде Алла Тағала: «Біз саған қайталанатындардан жетеуін және ұлы Құранды бердік[4]», – деген[5]»;
7. Құран Ъазым. (ұлы Құран[6]) ;
8. әш-Шифа (шипа[7]);
9. әр-Рұқия (ем, дем[8]);
10. әл-Асас (негіз);
11. әл-Уафия (толық қамтушы);
12. әл-Кафия (жеткілікті). Убада бин Сомит (р.а.): «Үмму Құран (Фатиха) басқа сүренің орнын толтырады, ал басқа сүре оның орнын толтыра алмайды[9]», – деген хадис жеткізген.