Емшіге алданып қалмаңыз
Алланың атын жамылып емшілікпен айналысқан, аруақтармен емдейміз деп мола-моланы аралаған кейбір топтардың әрекеттері көпшіліктің есінде болар. Осыдан бірер жыл бұрын «Ата жол», «Алля-аят» секілді дін атын жамылған осындай құрылымдардың теріс әрекеттері әшекере болып, оларға заңмен тыйым салынған еді.
Соған қарамастан, жоғарыда аталған құрылымдардың бірлі-жарым мүшелері басқа атаумен және жеке-дара әрекетте істерін әлі де жалғастырып жүргенге ұқсайды. Олай дейтініміз, қабылдау орындарына Құран кітабы мен қамшы іліп қойып, қабылдауға келгендерге «жыр-толғау» тиегін ағытатын емшілер Екібастұзда жетерлік. Көпшілігі халықтың сенімін жаулап, қаржы табу мақсатында массаж емін де жасай береді. Бірақ массаждың өзі медицинада түр-түрге бөлінеді емес пе? Және оны бейберекет қабылдау кейбір науқастар үшін аса зиян. Сол себепті көпшіліктің емші-домшыға абайлап барғаны абзал.
Дамир СИРАЗИДИМОВ, Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі:
–Құқыққорғаушылар дәстүрлі емес медициналық қызмет ұсынатын тұлғалардың жарнама, хабарландыруларын да ұдайы тексеріп отырады. 2014 жылғы 30 мамырда өткен кезекті тексеріс кезінде Екібастұ қаласының 8 Юго-Западный өтпесі, 24 мекенжайында «Ата жол» бүркеншік діни құрылымының заңсыз қызмет ету фактісі анықталды. Қазір ол жерден алынған әдебиеттер мен құрылым жұмысы тексерілу үстінде.