Діни экстремистік ағымдардың ықпалымен күресу
Діни экстремизм белгілі бір идеология немесе көзқарастар жүйесі ғана емес, бәлкім бірқатар елдердегі партиялар мен қозғалыстардың, ағымдар мен топтардың қызметін құрайтын қозғаушы күш болып табылады. Экстремистік діни ұйымдардың іс-әрекеті кең ауқымды әрі сан алуан әдістерді қамтиды. Олар өз мақсаттарына жету үшін қолдарындағы барлық құралдар мен әдістерді – заңдыдан заңсызға дейін, тіпті террорлық түрін қолдануға әзір.
Экстремистік ұйымдардың мүшелері кейбір мемлекеттер аумағында жариялы түрде қызмет етсе, кей жерлерде заңсыз, жасырын әрекеттерге көшу арқылы, сол елдің ресми билігі тарапынан қудалануға ұшырайды. Мұндай ұйымдар, әдетте, қызметін жүргізіп жатқан көптеген елдерде биліктегі үкіметке қарсы болған оппозициялық тарапты жақтайтындығын байқауымыз мүмкін.
Экстремистік діни құрылымдар деструктивті сипаттағы мақсаттарды алға қойып, елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, оның егемендігі мен аумағының тұтастығын бұзуды, өкiметтi күшпен басып алуды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, сондай-ақ қоғам ішінде діни өшпенділіктер мен алауыздықты қоздыруды көздейді.
Қазақстан мен Орталық Азия аумағында діни экстремизмнің таралуы бүгінде халықаралық сипатты алып бара жатқан біршама күрделі проблемаға айналған. Қалыптасқан діни ахуалдың көрінісінен Қазақстандағы діндарлардың, солардың ішіндегі, әсіресе жастардың арасында радикалды, діни-экстремистік тенденциялардың таралуы бірнеше факторларға негізделгендігін көруге болады:
Мұнда ең алдымен, елдегі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар ескерілген жөн. Кейбір ақпараттық көздердің мәліметтері бойынша экстремизм мен терроризм жолына түскен адамдардың 80 пайызға жуығы 19 жастан 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастардан тұрады. Радикалды ағымдарға кіргендердің басым бөлігі тұрмыс жағдайы төмен әлеуметтік қабаттардағы отбасылардан шыққан, әрі тұрақты жұмыспен қамтылмаған тұлғалар.
Сонымен бірге,әрине идеологиялық, рухани-тәрбиелік жұмыстардың тиімді жүргізу ісі уақытында қолға алынбағандықтан, халықтың арасында рухани, адамгершілік және патриоттық идеалдардың тоқырауы басталды.
Діндарлардың діни-радикалды немесе экстремистік ағымдардың қатарларына кіруіне себеп ретінде, олардың діни сауаттылық деңгейінің төмендігін атап көрсетуге болады. Экстремистік және террористік іс-әрекеттері үшін сотталғандардың көбісінің арнайы діни білімі жоқ. Олар дінді жат діни топтардың идеологтарының дәрістерінен үйренетін болған. Бастапқы діни сауаттылық деңгейі төмен болған соң, жаңа адепттер идеологтардың насихаттарындағы деструктивті элементтерді байқай алмайды.
Елді құлатуды мақсат етіп алған түрлі теріс пиғылды күштер саяси және діни экстремизмді насихаттайтын материалдарды қоғамға бағыттап,кең көлемде интернет желісі арқылы таратуда.
Бүгінде экстремистік ақпарат каналдарының соғысып жүрген тәкфірші-жихадшылардың «ерліктерін»БАҚ арқылы белсенді жарнамалауы, сондай-ақ түрлі жағдаяттар аясында террористік әрекеттерді жүзеге асырумен қатар, қолдан жасалынатын жарылғыш заттармен жұмыс істеуді үйрететін арнайы әдістемелік құралдарды кеңінен таратуы діни экстремизм проблемасының қауіптілігінарта түсірмек.
Аталмыш проблемалардың салдарынан 2011 жылы Ақтөбедегі ҰҚК Департаменті ғимаратының жанында, сонымен бірге, Астана, Атырау, Тараз және Алматы қалаларында жарылыстар мен террактілер ұйымдастырылып, орын алған қанды оқиғалар елдің үрейін тудырды.
Мұндай жағдайларда құқық қорғау мен қауіпсіздік органдарының әрекеттері, ең алдымен, террорлық актілерді әзірлеу кезінде алдын алуға және азаматтарымыздың қылмыстық топқа ілесіп кету қауіпін тоқтатуға бағытталғандығын атап өткеніміз дұрыс. Терроризм мен экстремизм көрінісінің негізінде идея ғана емес, қылмыстық мотивтер де қамтылған.
Дінді бүркемелеген радикалды экстремистік және жалған діни ұйымдар түрлі құқық бұзушылықтарды жасап, тіпті адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қылмыстарды да жүзеге асырудан аяқ тартпайды.
Жалған діни ағымдардың мүшелері діни пәндерді оқыту және есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен арылтусылтаулары арқылы азаматтарымызға психологиялық қысым мен зорлық көрсетіп, бас бостандығынан айырып, мүліктерін заңсыз иемденгендігі туралы оқиғалардың орын алғандығы белгілі.Қазақстан аумағындағы діни ахуалды шиеленістіріп, діни экстремистік пікірлер мен көзқарастардың туындауына діннің саяси құрал ретінде пайдалану үдерістерінің салдарлары негіз болып отыр.
XX ғасырда ислам дінінің саясилануы екі сатыда жүріп қалыптасты. Өткен ғасырдың басында мұсылман әлемінің басым бөлігі дінде «әлеуметтік әділдік идеологиясын» көріп, елдегі орын алған көптеген тарихи оқиғалар барысында діни идеологияреформаторлартарапынан әлеуметтік әділдік бағдары ретінде қабылданды.
Ал кейінгі сатыда, шиеленіскен аймақтарда діни идеология, әрине, «қарсылық көрсету идеологиясына» айналатын. Әсіресе бұл сатыдағы үдерістердің көрінісін Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Сирия және тағы басқа шиеленіскен аймақтарда айқын байқалған.
Белгілі болғандай, діннің қоғам өміріне ықпалы орасан зор. Өйткені дін қоғамның, әрі оны құрайтын жеке тұлғаның санасы мен көзқарастарын, әрі халықтың рухани-мәдени құндылықтарын, ұстанымдары мен салт-дәстүрлерін қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан діни идеология қоғамдық санаға күшті ықпал етуі мүмкін. Тіпті, діндар қоғамды біріктіретін немесе ыдыратуға қауқары жететін қуатты идеологиялық тетікке айналмақ.
Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Осыған қатысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы»:қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бізге қоғамда, әсіресе жастарарасында діни экстремизмгеқарсы профилактиканыкүшейтуқажет» деп, бағыт-бағдар берген.
Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремисттік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару керек.
Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асыру қажет.
Ал екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, әріоларды қайта иландыру жолдарын, айла-тәсілдерін зерттей отыра, ондай шараларды іске асыруды қолға алу бүгінгі күніміздің талабына айналды.
Қортындылай келе, отбасы, қоғам болып жұмылып, жастарымызға діни-рухани, патриоттық, дәстүрлі ұстанымдар мен сенімнің негізінде тәрбие беру арқылы оларды түрлі деструктивті әрі радикалды-экстремистік ықпалдарға қарсы иммунитетті қалыптастыруға болады. Дәстүрлі діни-мәдени құндылықтар мен отан сүйгіштікке негізделген қоғам немесе халық қана өміршең келіп, өзінің жарқын болашағына қолжеткізеді.
М. Муслимов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
«Дін істері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы»
Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері