ДІНГЕ ШАҚЫРУ БӘРІМІЗГЕ МІНДЕТ ПЕ?
Сұрақ: Дінге шақыруға барлық мұсылман міндеттелген бе әлде имамдар ғана ма?
Жауап: Діннің негізін сақтаушы басты жолдардың бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Құран: «Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар», – деп әмір етеді (Әли Имран, 104).
Сондықтан әрбір адам тәрбие мақсатында өзінен кіші немесе білімсіз адамға жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты және обал мен сауапты айтып түсіндіреді. Дәл ата-ананың баласына жақсы мен жаманды үйреткені сияқты. Бірақ бұл дегеніміз, көрінген адамға орынды және орынсыз ақыл айту дегенді білдірмейді.
Ал енді дінге шақыру мақсатында айтылатын уағыз-насихатқа келер болсақ, онда уағызды имам немесе арнайы діни білімі бар уағызшы, дін ғалымы айтады. Мысалы, елімізде діни уағызды ҚМДБ тарапынан тағайындалған мешіт имамдары, арнайы бекітілген уағызшылар және Дін істері комитеті тарапынан мақұлданған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері айта алады. Өйткені дінді дұрыс жеткізе білу, тура түсіндіру дегеніміз де білім мен біліктілікті қажет етеді.
mazhab.kz