Діндегі ниеттің маңызы қандай?
Исламдағы ниеттің орны мен маңызын Омар ибн Хаттабтан жеткен: «Расында амалдар ниетке байланысты…» деген мәшһүр хадисі ашық баяндаған. Бұл хадис «дұрыс» санатына жатқызылып, алты имамда да риуаят қылынған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Шынымен де адамның жасаған амалы олардың ниетіне байланысты. Осыдан қазақ әрбір істе «ниетің қабыл болсын» деп біліп айтса керек.
Бұл хадис фиқһтың жетпіске жуық бабын қамтиды. Расында да ешбір амал ниетсіз болмайды, ал ниеттің орны – жүрек.
Ниеттің исламдағы маңызын бірнеше мысалмен келтіруге болады. Мәселен, ниет құлшылық пен әдеттің айырмасын ажыратып береді. Бір адам ғұсыл алды делік. Енді бұл ғұсылдың ыстық күні жәй салқындау үшін алынған душ па, әлде жұма намазына алынған ғұсыл ма екенін адамның ниетіне байланысты.
Сол сияқты бір адам тамақтан тыйылды делік, енді оның бұл тыйылуы құлшылық ораза ма әлде жай диета ма, мұны тағы да ниет ажыратады.
Ниет адамның әрбір амалын анықтайтын құрал десек болады.
Сонымен қатар ниет құлшылықтың түрін анықтайды. Мысалы, бір адам өзінің ораза екенін айтты. Бұл ораза қаза ниеті ме әлде дүйсенбі оразасы ма? Қаза болса оны ұстау парыз, ал дүйсенбі оразасы – сүннет және сол сияқты т.б.