Дін мен дәстүр: Қазақ халқы ежелден ізгі іс жасауға құштар
Ерте тұру – құт-береке нышаны
Халқымызда таңертең ерте тұру ежелден қалыптасқан үрдіс. Сонымен қатар ғұмыр барда ізгі істерді атқаруға асығу дегдарлардың дағдысы. Қазақ нақылында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» делінеді. Бұл мәтелдің мәні төмендегі хадистен алынғандай.
Сахр әл-Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» – деп дұға қылған.
«Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегенмен, «өлімнен басқаның бәрінің ерте болғаны жақсы» деген нақыл сөз де бар. Мұның мәні жақсылықтың тезірек болғаны қайырлы дегенді білдіреді. Қазақ халқында сақталған мұндай нақыл сөздердің түп-төркіні аят-хадистер мен мұсылман ғұламалары мен тақуалардың насихаттарында жатыр. Мысалы, атақты тақуа Хатим әл-Асамму былай деген екен: «Асыққан – шайтанның ісі. Тек бес жағдайда асығу: келген қонаққа ас беруге, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, мәйітті аттандыруға, істелінген күнәға тәубе жасауға асығу – Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті».
Жақсылыққа ұмтылу
Қазақ халқының табиғаты жақсы іске, қайырлыққа құштар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деп игі жақсының ізгіліктерін насихаттап, басқаларға өнеге етеді. Өмірден өткен жандардың да жақсылықтарын еске алады. Сондықтан да «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл кең тараған.
Жалған өмірде қолдан келгенше жақсы іс жасауға тырысу – әрбір мұсылманның міндеті. Ал жамандыққа қарсы жақсылық істеу кез келген жанның қолынан келе бермейтін текті қасиет. Қазақта мынадай сөз бар:
Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі дүр,
Жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі дүр.
Осы сөздердің негізін біз Құран Кәрімнен табамыз. Жаратқан Ие пендесін теріс пиғылдағы кісімен де тіл табысып, оның оң жолға түсуіне себепкер болуға шақырады.
Алла Тағала былай дейді: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем іспен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу ең жақын достай болар. Әрі бұл (игі қасиет) тек сабыр еткендерге ғана беріледі және бұл тек зор несібеге ие болғандарға ғана беріледі».
Қоғамға қандай да бір пайда тигізу нағыз мұсылмандық қасиет. Адамдардың ең жақсысы да сол.
Ирбад ибн Сариядан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға көбірек пайда әкелгені», – деп жауап берген.
Тәуекел түбі жел қайық...
Қысылтаяң шақтарда Жаратқанға жалбарынып, тәуекел ету нағыз мұсылмандықтың белгісі. «Ер жолдасы – тәуекел» деп Тәңірге шынайы тәуекел етуді тіршіліктің басты негізі етіп алған ата-бабаларымыз хақиқи иманның үлгісін көрсетті. Тіршілікте Алла Тағаланың қолдауына үміт артып, «нар тәуекел» деп білекті сыбана әрекет ету қазаққа тән қажырлылық қасиеті. Содан болар ел аузында мынадай ұлағатты сөздер кең тараған. «Уайым түбі − тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі − жел қайық, мінесің де өтесің». «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан өтпейді». «Ер жолдасы – тәуекел». «Тәуекелшіл тау жығар».
Мұндай шынайы имани ұстаным діннен алынған тағылымның нәтижесінде пайда болған. Ардақты аяттар мен хадистер осыны айғақтайды.
Алла Тағала: «Егер бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Ақиқатында, Алла (Өзіне) тәуекел еткендерді жақсы көреді», – дейді.
Омар (р.а.) Алланың Елшісінің (с.а.с.): «Егер сендер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай ризық берер еді», – дегенін естігендігін айтады.
Тәңірге тәуекел етумен бірге лайықты әрекет ету де қатар жүреді. Әйтпесе, «алма піс, ауызға түс» деп босқа үміттеніп жата берудің еш жөні жоқ.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбардан (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе, жоқ әлде бос жібере салып, тәуекел етейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет», – деген екен.
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 26.01.2015, 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015).