Дәретханада сәлемдесуге бола ма?
Жалпы сәлем беру – сүннет, ал оған жауап қайтару – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
وَإِذَا حُيِّيتُمْ بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّوا بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا
«Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!»[1].
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
السلام تطوُّعٌ، والرد فريضةٌ
«Сәлем беру сүннет, ал жауап қайтару парыз»[2] – деген.
Маусули «әл-Ихтияр» атты кітапта: «Сәлемді естіген әрбір адамның оған жауап қайтаруы парыз. Егер олардың кейбірі жауап берсе, басқаларының мойнынан түседі. Ал сәлем беру сүннет»[3] – деп келтірген. Яғни, сәлемге жауап қайтармау оны кемсіткенмен тең. Біреуді кемсіту харам болып саналады.
Алайда әжетхана ішіндегі адамға сәлем беруге болмайды. Әл-Мәусуғату әл-Фиқһия атты кітапта: «Әжетханада қажетін өтеп жатқан адамға сәлем беру мәкруһ. Сәлем берілген жағдайда, оған жауап қайтару тиіс емес. Ибн Омардан (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен риуаятта былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әжетханада еді. Бір адам оған сәлем берді. Бірақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған жауап қайтармады»»[4], – деп жазылған[5].
Кәмал ибн Һумам: «Әжетханада қажетін өтеп жатқан адамға сәлем берілсе, ол сол сәтте әрі одан кейін де оған жауап қайтармайды. Өйткені мұндай жағдайда сәлемге жауап беру – харам»[6], – деген.
Имам ән-Нәуауи: «Ғалымдар әжетханадағы адамға сәлем беруді құптамаған. Сәлем берілген жағдайда жоғарыдағы Ибн Омардың хадисіне орай ол сәлемге жауап берілмейді»[7], – дейді.
Қорыта айтқанда, әжетхананың ішіндегі адамға сәлем беру әрі оның сәлемге жауап қайтаруы мәкруһ. Ал әжетханадан шыққаннан кейін сәлемді беруге де, оған жауап қайтаруға да болады.
Алла Тағала толық білуші.
[1] «Ниса» сүресі, 86-аят.
[2] Бухари, №4848.
[3] Маусули, әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 4/143.
[4] Муслим, №370.
[5] Әл-Мәусуға әл-Фиқһия, 25/164-165.
[6] Фатху әл-Қадир, 1/248.
[7] Әл-Әзкар, 27.