Бірнеше күннен кейін қасиетті Рамазан айы басталады
18-маусым күні мұсылман қауымы ниеттеріне қарай ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Кешірім мен сабырлыққа үндейтін Рамазан айы туралы бүгін еліміздің бас мүфтиімен болған баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болды. Он екі айдың сұлтаны Рамазан биыл 29 күнге созылады. Ауыз бекітуге ниет еткен жандар ішіп-жеуден ғана емес, жаман қылықтар мен лағнет сөздерден бойды аулақ ұстауы абзал. Шілденің 13-інен 14-не қараған түні Қасиетті Қадыр түні, ал 17 шілдеде Ораза айт басталады. Ал пітір садақаның құны биыл 200-теңгені құрайды. Бас мүфти әдеттегідей халықты, қалталы азаматтарды жетім-жесірге және қарттар үйіне көмек көрсетіп, қайырымды іс жасауға шақырған үндеуін жолдады. Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы -Биыл Алланың сынағымен солтүстк өңірлерде су тасқыны болды, осы су тасқынында зардап шеккен отандастарымызға қолдан келгенше жәрдем жасалса, жолдар бұзылды, көпірлер бұзылды, міне осыларға да үлес қосқаны болса, үлкен сауап іс болар еді. Жолаушы, науқас немесе денсаулығы сыр берген қарт адамдар мен жүкті әйелдер ауыз бекітпеуіне болады. Ал қандай жағдайда оразаны бұзылады немесе бұзылмайды деген сұрақтарға биыл бірінші рет Алматыда ұйымдастырылып отырған «Қош келдің, Рамазан. Берекелі мерекелі» атты рухани-мәдени кештен білуге болады. Нұрбек Есмағанбет, Алматы қаласының Бас имамы -Мұндағы мақсат, Қасиетті Рамазан айында оның артықшылығы, Рамазан айының ерекшелігі, Рамазан айындағы әрбір адамға берілетін жалпы жақсылықтарын жеткізумен қатар, таңда нешеде тұру керек, кешке қалай болу керек деген сияқты осы сауалдардың барлығын қойылымдар арқылы көрсетіп, халыққа жеткізу мақсаты көрсетілген. Ал бүгінде дүниені дүрліктірген Қиыр Шығыстағы коронавирустың белең алуына байланысты Сауд Арабиясына қажылыққа баруға тиым салынған жоқ. Бұл сапарға баратындардың қатарында денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен 5 дәрігер болады. Серікбай қажы Ораз, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы -Қазақстан Республикасының азаматтары Сауд Арабиясындағы қажылық парызын өтеудің алдында елімізде әртүрлі вирустарға, сырқаттарды алдын алу мақсатында егілуден өткізілуі міндетті. Еліміздің 5-мыңға жуық азаматы қыркүйек айының соңғы күндерінде Меккеге қажылыққа баруға ниет білдіріп отыр.
khabar.kz