Берекесіз жанұяда – бірлік болмайды
Берекесіз жанұяның белгісі – отбасы мүшелерінің өмір сүру тәртібінде рет болмайды және олардың ерекшеліктері, талаптары, ескерілмей тіршілік үйлесімі жөн-жосықсыз қойылады. Бұндай жанұяның тірлігі – озбыр мемлекеттердің құпия заңдарына ұқсайды. Барлық іс бақылауда болады. Отбасылық қарым-қатынас жүйесі жылылықтан көрі бұйрық арқылы орындалады. Мұндай жанұяда үй – казарма, отағасы – қолбасшы, жанұя мүшелері – жауынгер қызметін атқарады.
Бұндай жанұяда қандай бір күтпеген келеңсіз жағдай туындаса, отбасы мүшелері бір-біріне сенім арта алмай қалады. Осындай ортаның тәрбиесі сіңген жандар сабын сияқты жылпылдап қолда тұрмайтын тұрақсыз күйге ұшырайды. Қоғамдық ортада құбылып жүреді, әрі берекесіз күй кешеді. Тепе-теңдік таппай дал болады.
Берекесі бұзылған жанұяның тағы бір белгісі мінсіздік дертіне ұшырайды. Шайтан адамды алғаш рет осы бір мінсіздік дерті арқылы адастырған. Құранда айтылғандай шайтан адамды, «Раббыларың сендерді осы ағаштан (жеуді) екеуің періште боп кетеді деп тыйған» (7/20) деп азғырды. Өкініштісі, адам ешқашан періште болмайды. Бірақ қу шайтан оған «періште боласың» деп, мінсіздік дертін жұқтырған жоқ па?! Міне, бұл адам баласын қақпанға түсірудің ең бір тиімді жолы.
Дәл осы қақпан берекесіз жанұя мүшелеріне әртүрлі жолмен құрылады. Әке баланың мінсіз болуын қалайды. Бұл мүмкін емес шаруа. Мұндай талап қойылған адамдардың алдында екі түрлі таңдау болады. Біріншісі, шындықты мойындау, яғни адамның мінсіз бола алмайтынын ұғыну. Екіншісі, мінсіз болуға ұмытылу. Яғни, отағасының айтқанына көну, айдағанына жүру. Мұндай тәрбиеде өскен бала өзіне үнемі көңілі толмайтын, үмітсіз әрі тұрақсыз болып келеді. Нәтижесінде қуыс кеуде, сотқар немесе тұлғалық қасиеттен жұрдай, болашағынан үміті жоқ, қара пиғылды жандар шығады.
Мінсіздік тұзағына түскендер «кінәлауды» құрал ретінде отбасылық тәртібіне орнықтырады. Әрине, отбасы мүшесі мінсіздік талабына сай болмағандықтан кінәлау басталады. Мінсіздікті талап етуші, яғни отағасы «басқаның баласын қарашы, ананың әйелі қандай...» деген сияқты ұрыс-жанжал шақырып отырады.
Берекесіз жанұядағы адамдардың өздеріне тән ой-сезім, мінез, қабілет, қалау, мақсат пен әрекеттері, не мүлде езіп-жаншылады, не болмаса берекесіз күйге ұшырайды. Мұндай жанұяның ұстанымы «басқаның қалауына сай өмір сүру». Өйткені, жанұяда өзіндік жеке пікір айтуға тыйым салынған. Тыйымдар кінәлаудың нәтижесінде туындайды. Жанұя мүшелерінің ойын айтып, жеке ұстанымын білдіруге тыйым салу, олардың адамдық мүмкіндігін және еркіндігін тұмшалау болып табылады. Бұл жағдайдан соң жеке тұлғаның кемелденуі жүзеге аспайды.
Жанұядағы ұзаққа созылған кикілжің мен араздықтың туындауы қалыпты жағдайға айналады. Тіпті осындай жаман әдеттер берекесіз жанұяның өмір сүру әдетіне айналып кетеді. Үнемі проблемалар таусылмайды. Осындай олқылықтардың нәтижесінде жанұяда ешкім, ешкімге сенбейді. Бірақ бір-біріне жалған сенім артады. Бұл көзбояушылық һәм сырттай арбаудың бір түрі: оның астарын ашып қарайтын болсаңыз, сенімсіздіктің үрейлі келбетіне куә боласыз. Мысалы, жанұя мүшелері отбасылық мәселе жайлы сөз қозғағанда бір-біріне сенбейтінін білдіріп қояды. Мұны бірі жоқ кезде ашық айтады. Жүзбе-жүз отырғанда ештеме айтпайды. Осындай жанұяда өскен бала сенімді қарым-қатынас көрмегендіктен, болашақ өмірінде өзі де сенімді қатынас құра алмайды. Өзіне көмек қолын созғандардарға күдікпен қарайды. Олардан астыртын пәле іздеп адасады. Өйткені, ол шынайылылықпен тәрбиеленбеген.