Ақтөбелік лаңкестер Дарын Мұбаров пен араб шейхтарының уағызын тыңдаған
Ақтөбеде жергілікті теологтар өмір бойына бас бостандығынан айрылған лаңкестердің қатысуымен шағын бейнероликтер түсіруде. Онда 5 маусымда шабуыл жасағандар қателік жасағандарына өкініп, дін жолындағы жастардың адаспауын сұрайды деп жазады Kerek.Info.
Желіде Әлібек Ақпанбетов, Бақыт Қуанышбаев, Асхат Рахметов пен Арсен Таңатаровтың қатысуымен түсірілген шағын фильм пайда болды. Онда лаңкестік бабы бойынша сотталып, өмір бойына абақтыға қамалған Әлібек Ақпанбетов жасаған ісіне өкініп, жастарды қателеспеуге шақырады.
"Өмірімдегі ең үлкен қателік. Қалай болғанын өзім де білмеймін. Эмоцияға берілдік пе, әлде суымызға бірнәрсе қосты ма, бір Алла куә?! Бір айтарым, ешқайсысың қателеспеңдерші. Білім алу керек. Біздікі білімсіздік болды.
Біреудің айтқанымен жүрдік. Анау болмайды, мынау болмайды дедік. Мынау харам десе, харам, халал десе, халал дедік. Бұл дұрыс емес. Бастысы, мешітке барып, имамдардан дәріс алу керек. Пайғамбарымыз өзі қолға мылтық алып, жүгіріңдер демеген. Ұрып-соғып, мәжбүрлеп, адамды дінге шақыруға болмайды", - дейді ол.
Ал тағы бір сотталушы Асхат Рахметов интернеттегі видеоларға сеніп, адасқанын айтады.
"YouTube желісінен сауд шейхтарының видеосын қарадым. Алайда олардың рас-өтірік екендігіне тереңірек үңілген жоқпын. Көзсіз сеніп, соның жолымен жүрдім. Жастарды ең бірінші ата-анасын, жақындарын тыңдауға шақырамын. Өйткені ешбір ата-ана туған перзентіне жамандық тілемейді.
Қазір менің анамның жасы 50-ден асты. Үй сала бастаған едік. Әлі біткен жоқ. Мен оған қамқор болуым керек еді. Ол маған орта және жоғары білім алуға көмектесті. 28 жасыма дейін бағып-қақты. Алайда мен оның қадірін білмедім. Ана, мені кешір", - дейді ол.
Лаңкестік оқиғаны жасағандардың қатысуымен түсірілген келесі бір бейнероликте олардың діни сауаттылығы тексерілді. Сотталушылар елімізде еңбектеріне тыйым салынған салафилік уағыздаушылар Ділмұрат Әбу Мұхаммадтың, Дарын Мұбаровтың уағыздарымен таныс екендіктерін айтқан.
Сондай-ақ сауд шейхтарының, оның ішінде Абу Умар Саситлинскийдің, Сайд Бурятскийдің аудиожазбаларын тыңдағандарын жеткізді.