Алханбай САТЫБАЛДЫҰЛЫ: «Электронды жайнамаз» 2 жылғы ізденісімнің жемісі болды
Бүкіл мұсылмандар үшін аса қасиетті Рамазан айында Қазақ елінің атын әлемге алматылық Алханбай Сатыбалды жаңа бір қырынан паш етті. Ол намаз оқуға ниет етіп жүрген жандар үшін «электрондық жайнамаз» шығарып, көпшіліктің алғысына бөленді. Бұл хабарды естіп, біз өнертапқыш бауырымызды іздеген едік. Кездесу бірден сұхбатқа ұласты.
qamshy.kz
– Алханбай бауырым, игілікті ісің берекелі болсын. «Электронды жайнамаз» идеясы қашан, қалай пайда болғанын айтып берші?
– Өзіңіз білесіз мұсылмандардың 5 парызының бірі саналатын намаз тек араб тілінде оқылады. Намазға жығылуды ниет етіп жүрген бірқатар адамдардан жаттай алмаймыз, тіліміз келмейді, ұмытып қаламыз деген сөздерді еститінмін. Соны жеңілдету үшін заман талабына сай бір нәрсе жасап шығарсам деп жүргенде 2012 жылдың мамыр айында «электронды жайнамаз» идеясы туды. 2 жылғы ізденістен кейін міне өзіңіз оның нәтижесін көріп отырсыз. Бұл қазақтың дүниеге танылуына септігін тигізетін жақсы заттардың біреуі болады деп сенімді түрде айта алам.
– Осыдан 2 жыл бұрын Меккеге қаратқанда жарық беретін жайнамаз жасалған еді. Идеяңды жүзеге асыруға бұл жаңалықтың әсері болған жоқ па?
– Мен ол туралы білмейді екенмін. Одан хабарым болмағандықтан идеяны жүзеге асыруда бұған дейін ашылған қандай да бір жаңалықтар әсер етті деп айта алмаймын.
– Өзің ойлап тауып, жасап шығарып жатқан «электронды жайнамаздың» ерекшеліктерін таратып айтып берші?
– Әдеттегі жайнамаздан «электронды жайнамаздың» 3 түрлі басты ерекшелігін атап өтуге болады. Біріншісі, электроника. Технологияның бұл жетістігі намазды толық үйренгенше құлаққапты (наушник) тағып алып, сондағы жазбаға ілесіп отырып және бос уақытта қайталап тыңдау арқылы тез жаттап алуға мүмкіндік береді. Екіншісі, қазақтың ұлттық ою-өрнектері. Өзіңіз білесіз бұған дейін қазақы ою-өрнектегі жайнамаз болмаған еді. Үшіншісі, жайнамаздың дүниежүзілік стандарты 110 см болатын. Ол дұрыс емес екенін дәлелдеп, мен оның ұзындығын 140 см етіп жасап шықтым.
– Стандарттағы өзгеріске Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының көзқарасы қандай?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлының қабылдауында екі рет болдым. Ол кісі «электронды жайнамазды» көріп, онда сәжде жасап көрген соң ұзындығының 140 см. болғаны дұрыс идея деп құптады. Оның шариғатқа сай екенін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама комиссиясы мақұлдап, Шариғат, пәтуа бөлімі сараптама қорытындысын берді.
– Намаз үйренуге арналған «электронды жайнамаз» қайда жасалады және оны саудаға шығару мәселесі қалай жүріп жатыр?
– Оған қажетті жайнамаз, электроника орнатылатын пластмасса мен құлаққапты Қытайдан, ал пластмассаның ішіндегі чиптерді Тайваннан алдырамыз. Ал құрастыру жұмыстары Қазақстанда жасалады. Өнертабыс Қытайда патенттелді.
Тарату жағына келсек қазір тек Қазақстанда ғана саудаға шықты. Оған 2 айдың жүзі боп қалды. Ал ақпарат саласында бұл өнім туралы жаңалықтардың жария болғанына әлі 1 ай да болған жоқ. Әрине насихаты кемшіл түсіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақылы материалдар жариялап, сұхбаттар беруге қаржы жағы қолбайлау болып отыр. Дегенмен бір-бірінен естіп, арнайы іздеп келіп, сатып алып жатқандар қарасы күн өткен сайын өсіп келе жатыр. Бұл бізді де қуантады. Тарату сұранысқа байланысты болғандықтан, өзімізде құрастырылатындықтан өнімді алдағы уақытта бұдан ары қарай жетілдіре беретін боламыз. Құдай қаласа енді бетіне экран қойып, блютюзді пайдаланып жасап шығарамыз. Негізінде оны солай жасап шығаруды бастапқы кезде-ақ жоспарлағанбыз. Бірақ қаржы мәселесі оны бірден жүзеге асыруға кедергі болды.
Әлемнің өзге елдеріне тарату жайына келсек Қытайда бүкіл дүниеге таратуға болатын 2 қала бар. Онда 120 елдің мұсылмандары жиналып тауар алады. Егер ісіміз сәтті жүріп жатса, бұл қалалардан 2 дүкен ашсақ деген ойымыз бар болашақта.
– Мамандығын кім? Осы арада өзің туралы да аз-кем мағлұмат бере кетсең артық болмас деп ойлаймын?
– Қандай да бір жоғары оқу орнын бітіріп, иеленген белгілі бір мамандығым жоқ. Енді өзім туралы айтсам, Қытайда өмірге келдім. Әке-шешеміз ереректе бақилық болып кеткен. Отбасымызда 1 ағам, 3 қарындасым бар. Өзім Қытайдан Қазақстанға 1998 жылы 26-қаңтарда қоныс аударған едім. Қазір өз отбасым және 2 қыз, 1 ұлым бар. Кезінде еркін күрес пен кикбоксингбен айналысқам.
– Электроника маманы болмағандықтан идеяңды жүзеге асыруда қандай да бір қиындықтар туындаған жоқ па?
– Дұрыс айтасыз әрбір адам электрониканы білмейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсе бар. Идея болса электрониканы жүзеге асыратын адамдар қайда болса да табылады. Мақсатқа қол жеткізде ең маңыздысы – идея. Сіз ойыңызды айтып берсеңіз, айтқаныңызды қажетті саланың мамандары жасап береді. Ақшаңызды төлесеңіз болды.
– «Электронды жайнамаздан» басқа да қандай өнертабыстарың бар?
– Шамамен 7-8 жыл бұрын адамның бойын өсіруге жәрдемдесетін тренажер ойлап тапқам. Ол біршама ұзақ уақытты және қомақты қаржыны қажет еткендіктен тоқтап тұр. Бұл құрал 12-16 жас аралығындағылардың денесінің өсуіне және толық дамуына, қан айналымының жақсы болуына ерекше пайдасын береді. Оның әсері 100 пайыз деуге болады. Әдеттегі спортқа жұмсалатын күштің оған 5 пайызы ғана жұмсалады. Сондай-ақ әдеттегі спортта 100 пайыз күш жұмсап, шаршап қиналудан бөлек денеге зақым келтіру қаупі де бар. Ол ағзаңыздың бір жеріне пайдалы болғанмен, екінші бір жеріне зиян келтіруі де мүмкін.
Мен жасайтын тренажердың өзге елдерде қандай да бір баламасы бар деп айта алмас едім. Өйткені қазір қолданыста жүрген тренажерлар біздің жабдықтың мүмкіндігінің 20-30 пайызын да атқара алмайды. Менікінің ағзаға тигізетін зияны жоқ және оған әдетте спортпен айналысу кезінде жұмсалатын күштің 5 пайызын ғана жұмсап, одан 5-10 есе тиімді әсер алуға болады. Әзірге бұл ойымды қалай жүзеге асыратынымды ешкімге айтқан жоқпын. Себебі бәрі ақшаға тіреліп тұр. Ал банктен кредит алу үшін өсімпұлға қоятын дүние-мүлкім жоқ. Мемлекеттен де әзірге өнертапқыштарды қандай да бір тиімді қолдау әдістері туралы естіген жоқпын.
– Бұрын спортпен айналысқанмын деп қалдың, алдыңа мақсат қойсаң онда да қандай да бір жетістікке қол жеткізуге мүмкіндігін бар еді ғой?
– Иә, спортта да жетістіктерге қол жеткізуге болар еді. Бірақ онда өзімнің әлеуетімді білгенмен, оны жүзеге асыруға мүмкіндік шектеулі болды. Басқа елдерді білмеймін Қазақстанда спортшыларға белгілі бір нәтижеге қол жеткізген соң ғана жәрдем беріледі. Бұл салада енді ғана оң өзгеріс басталды де естідім. Ештен кеш жақсы деген бар емес пе?
Өзіңіз білесіз спортта ғана емес, ғылымда да, бизнесте де үлкен табысқа қол жеткізу үшін адамға 5-10 жыл әрекет ету керек. Діттеген мақсатқа ең алдымен Алланың жәрдемімен ниет етіп, тынмысыз еңбек етіп көп тер төккен соң кез-келген адам жете алады. Құранда Алла сабырлымен бірге дейді. Қазақта «сабыр түбі сары алтын» деген сөз бар. Болашақтан үмітіміз үзілмесін.
– Әңгімеңізге рахмет. Алла істеріңіздің жемісін жегізсін.