АЛТЫН ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Ерте, ерте, ертеде бір кісі ат басындай алтын тауып алыпты. Ауылдың шетіндегі бір төбенің етегіне көміп қояды. Күніне бір рет барып, алтынының бар екеніне көз жеткізіп қайтады екен. Әрине, алтынның қасында болған сәтінде көңіл-күйі өзгереді, үйге де шалқып-тасып жетеді. Бірақ үйде байыз тауып отыра алмайтын көрінеді. Ылғи төбеге қарай асығып тұрады.
Әлгі кісінің жалғыз ұлы жастайынан көпшіл боп өсіп, білім-ғылымға ұмтылған есті бала екен. Әкесінің ұшып-қонып жүретін әдет тапқанын байқаған ол сыртынан бақылап жүреді. Ақыры әкесі тыққан алтынның үстінен түсіп, мән-жайға қанығады. Бірақ сыр білдірмепті.
Әлқисса, бір күні хан жұмсап, әлгі кісі алыс сапарға аттанады. Баласы сол кезде тығулы алтынды ақшаға айырбастап, оның жартысын мешіт құрылысына жұмсап, жартысын жарлы-жақыбайға бөліп береді.
Үш жылдан кейін елге жеткен әкесі қатын-баласымен шала амандасып, төбеге қарай тартқанда ұлы ере шығады. Ақыл-есін алтын алған әке әдетте жан-жағын мұқият шолып шығатын әдетінен жаңылып, бірден алтын көмген жерге тартыпты. Барса, алтын жоқ, орнында көлемі дәл сондай қара тас жатыр екен дейді. Бар даусымен айқай салып жылаған әке бір кезде ғана барып, қасында отырған баласын аңғарыпты. Сонда ұлы:
— Әке, көміп қоюға осы қара тас та жарайды. Ал жаратқанға алтын жақсы, сосын ел игілігі үшін жаратып жібердім, — депті жымиып. Әкесі де ес жиып, тәубеге келген екен дейді.
Бауыржан Бабажанұлы (Фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды)