Әскери бөлімдерде намазханалар ашу керек пе?
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында, базарларда, мекемелерде, тіпті түрмелерде намаз оқитын арнайы бөлмелер бар. Алайда әскери бөлімдерде намазханалар ашу жайында дін өкілдері мен әскерилер ортақ пікірге келе алмай отыр. Олардың әрқайсысының өз уәждері бар. Енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін ойлы оқырман өзі ажыратып алар деген оймен қос сала мамандарының пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Оңғар-қажы Өмірбек, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
— Халқымыздың басым бөлігі – мұсылман. Қазіргі таңда жүрегінде иманы бар мекеме басшылары жұмыс орнынан намазханалар ашып қойған. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінің аймақтардағы кейбір басшылары мен әскери саланың жетекшілері арасында қызметкерлеріне намаз оқуға тыйым салып отырған жағдайларын естіп қалып жатырмыз. Тіпті Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары Сәкен Жасұзақов: «Дін әскерден бөлек болуы тиіс», – деп мәлімдеді. Мұның барлығы дінді түсінбегендіктен деп ойлаймын. Әйтпесе ислам діні — ең хақ дін. Намаз адамды жақсылық жасауға, адамгершілікке баулуға, имандылыққа тәрбиелейді. Әрине, әскери сала басшыларының арасында ислам дініне көзқарасы түзу адамдар жоқ емес, бар. Мәселен Қазақстан Республикасы ұланының қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Астанадағы «Нұр Астана» мешітіне жиі келеді. Жұма намаздардан қалмайды. Енді генералдардың өзі намаз оқып жүргенде, жауынгерлерге намаз оқуға болмай ма? Тіпті Ресейдің өзі әскери саланың барлығына, мектеп оқулығына да христиан дінін енгізген. Шіркеу қызметкерлері әскери бөлімдерді аралап, уағыз жүргізеді. Сен мұсылмансың ба, католиксің бе, онда олардың жұмысы жоқ. Православ дінін уағыздайды. Неге біз ресейліктерден үлгі алмаймыз? Қазір Аягөздегі, Қапшағайдағы әскери бөлімдердің жауынгерлері жергілікті жердегі мешіттерге барып намаз оқып жүргенін талай көрдім. Сондықтан әскери бөлімдерде намазханалар ашылуға тиіс. Егер сарбаздар намаз оқып, имандылық жолда жүрсе, олар бір-біріне әлімжеттік көрсетуі тыйылып, сыйластық, татулық орнайтын еді. Біздің Конституциямызда азаматтарымызға дінді ұстануға құқық берілген. Демек дінге шектеу жоқ.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері:
– Әрине, ислам діні адамды имандылыққа тәрбиелейтіні рас. Оны мойындау керек. Дегенмен дін әскерден бөлек болуы керек. Себебі әскердің өзінің жарғылары бар. Мұнда әскери қызметкердің міндеттері мен шарттары, тәртіптері нақты көрсетілген. Сондықтан борышын өтеуші сарбаз ең алдымен әскери жарғыны басшылыққа алуы тиіс. Өйткені Отан қорғау — бұл қасиетті азаматтық парыз. Ал сол парызды орындау барысында жауынгерлер ешқайда алаңдамай, әскери қызметтерін өтеуі керек. Оның үстіне, біз көп ұлтты елміз. Басқа ұлттың өкілдері де біздің әскерде борышын өтеуде. Ертеңгі күні дінаралық қайшылық тумасына кім кепіл? Мұсылмандар бес уақыт намаз оқып, ал христиандар шоқынып жатса, әскери қызметті кім атқарады? Сарбаз әскери тапсырманы орындау кезінде «мен намаз оқимын» деп отыра ма? Онда ол қандай әскер болмақ? Сондықтан бұған зерделеп, байыппен жан-жақты ойланып барып, шешім шығарған жөн. Онымен қоса, қазіргі таңда елімізде түрлі діни ағымдар қаптап кетті. Егер біз әскерге дінді енгізсек, ертеңгі күні бұл салаға да діни ағымдар кіріп, ішкі қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме? Сондықтан сарбаз тек қана әскери антты орындауға міндетті. Әрине, әскери қызметкерлердің дінге деген көзқарасын жақсарту үшін Құрбан айт, Ораза кездерінде арнайы дастарқан жайып, уағыз жүргізген дұрыс. Бірақ, жалпы, күнделікті өмірде дінді әскерге тықпалауға болмайды.
Міне, «әскери бөлімдерге намазханалар ашу керек пе?» деген сауалға жауап берген қос маманның пікірі осындай. Енді мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін анықтау — уақыт еншісіндегі мәселе. Дегенмен сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман? Бұл жөнінде ой саларлық пікірлеріңіз бен айтар орамдарыңыз болса, газетіміздің сайты арқылы немесе арнайы хат жазу арқылы ойларыңызды білдірсеңіздер екен. Алдағы уақытта біз бұл тақырыпқа қайта оралып, міндетті түрде пікірлеріңізді ескеретінімізді айтқымыз келеді.