«Жырлайды жүрек» байқауында балалар бақ сынауда
Күллі қазақтың маңдайына біткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың даралығын, оның дарыны мен парасатын мойындамайтын жан жоқ шығар, сірә. «Өлсе өлер – Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп ақынның өзі жырлағандай, жер бетінде қазақ деген ұлт барда ғасырда бір туатын тұлғаның есімі де, жүрегінен жыр болып төгілген сөздері де ешқашан өлмек емес. Кеше Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың жалғасы болып табылатын «Жырлайды жүрек» атты III республикалық байқау басталды.
Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген екі жүздей оқушы қатысуда. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы Шалқар қаласынан, Қарағанды облысы Жезқазғаннан, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен және Семей қалаларынан, Қызылорда облысы Қазалы ауданынан, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан, Жамбыл облысы Тараздан, Алматы облысының бірнеше ауданынан және Алматы қаласынан біршама өнерпаз балалар бақ сынасуда. Көркемсөз оқу мен Мұқағали Мақатаевтың сөздеріне жазылған әндерді орындаудан сайысқа түсіп жатқан балалар бұған дейін де бірнеше байқауға қатысып, лауреат атанып жүрген нағыз қас шеберлер. Байқау шарты бойынша қатысушылар 6 жастан 9 жасқа дейінгі, 9 жастан 14 жасқа дейінгі, 14 жастан 16 жасқа дейінгі балалардан құралған үш топқа топтастырылған.
Қара өлеңді қастер тұтқан жас өрендердің өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер Бейбіт Дәлденбай бастаған әділқазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ төрешілер құрамында «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы; Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ибрагим Исаев; Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті Бақытгүл Қыдырбайқызы; «Шалқар» радиосының жүргізушісі Гүлбағыш Бостан; балалар байқауының ұйымдастырушылары, әнші Айман Тоқтарбекқызы және продюссер Болат Есіркепов тағы да басқа қоғам қайраткерлері мен өнер иелері болды.
Бақытгүл ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ, Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті:
– Қазақ жазба әдебиетінде Абайдың сара жолын жалғастырған ірі тұлғалар көп-ақ. Солардың бірегейі, шынайы поэзияның шыңына шыққан ақын – Мұқағали Мақатаев. Бүгінгі жас ұрпақ ақын аталарының өлеңін оқып, өз өнерлерін дүйім жұртқа паш етіп, сайысқа қатысуға ниет білдіріп, жан-жақтан ағылып келуінің өзі – қара өлеңнің өміршеңдігінің белгісі. Мұндай байқаулар өскелең ұрпақтың әдебиетке, ұлттың ұлылығын танытатын биік тұлғаларға деген құрметін арттырып, елін-жерін сүйетін патриот азамат болып өсуіне оң әсерін тигізбек. Бала кезде жаттаған өлең адамның мәңгілік жадында сақталады. Ендеше, осы байқауды ұйымдастырушылардың, байқауға қатысып жатқан балалардың ұстаздары мен ата-аналарының еңбегі еш кетпейтініне сенімдімін.
Өткен жылдың жазында Алаштың ардақты ақыны Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінде дүркіреп өткенін бәріміз білеміз. Осы тойда өнер көрсеткен еліміздің өнерпаз жасөспірімдері «Жырлайды жүрек» байқауының шымылдығын шағын концертпен ашты. Әуезді әнмен басталған мерекелік шара бірнеше күнге жалғаспақ. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.