Жылжымалы планетарий Ақтөбеде ғана бар
Ақтөбеде алдағы уақытта сандық стационарлық планетарий жұмыс жасайтын болады. Ақтөбедегі облыстық планетарий директоры Қорлан Бөлековтің айтуынша, былтырдан бастап мобильді жылжымалы сандық планетарий жұмыс жасап келеді.
– Қазіргі уақытта жылжымалы сандық планетарийдің көмегімен Атырау облысы мектептерінде балаларға дәрістер өткізіп жатырмыз. Мұның алдында Батыс Қазақстан облысында болдық. Алдағы уақытта Маңғыстау, Қызылорда облыстарына сапарға шығамыз. Мұндай жылжымалы планетарий тек Ақтөбеде ғана бар. Оған 25 бала сыяды. Рас, еліміздің басқа өңірлерінде осындай жылжымалы планетарийлер сатып алып, ақылы қызмет көрсетіп жүрген бір-екі жеке кәсіпкер бар екенін естідім, – дейді Қ.Бөлеков.
Жалпы, Ақтөбедегі планетарий Қазақстандағы жалғыз стационарлық планетарий болып есептеледі. Оның ашылу тарихы да қызық. 1967 жылы Ақтөбе өңірінде астық бітік шыққан екен. Сол жылы жергілікті еңбеккерлер Германияға астық жөнелтіп, немістер сыйға сый жасамақ ниетпен ақтөбелік диқандарға керемет оптикалық аппарат ұсынады. Қорапқа салынып, сыртына немісше жазылған бұрын-соңды көрмеген аппараттың не екенін ешкім біле алмайды, осылайша ол қоймада екі-үш жыл жатып қалады. Кейін сол кездегі облыстық комитеттің бірінші хатшысы Н.Журин оның астрономия әлемін қызықтаушылар үшін қажетті аппарат екенін біліп, Мәскеуден мамандар шақырып, қазіргі планетарий ғимаратын салдырады. Қазір бұл құралдың Қазақстанда баламасы жоқ деседі. Мұндай құрал қазір тек Жапония мен Америкада ғана шығарылатын көрінеді.
Қорлан БӨЛЕКОВ, Ақтөбе облыстық планетарий директоры:
– Қазір әлемде 4 мыңға жуық планетарий жұмыс жасайды. Бұл өте аз. Оның 50 пайызға жуығы – Америкада, 40 пайызы – Еуропа елдерінде, 10 пайызы – Жапонияда, 1 пайызы ғана – ТМД елдерінде, соның ішінде Ресей мен Қазақстанда. Ресейде – 40, Қазақстанда үш планетарий жұмыс жасайды. Бірі – Алматы қаласындағы Оқушылар сарайындағы астрономия үйірмесі есебінде тұрған планетарий. Екіншісі – ЮНЕСКО-ның шешімімен халықаралық астрономия жылы болып жарияланған 2009 жылы «Бөбек» орталығының жанынан балаларға арналып ашылған обсерваториядағы планетарий. Үшіншісі – Ақтөбедегісі. Үшеуінің ішінде біздің планетарий ғана заңды тұлға ретінде тіркелген.
Биыл Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты облыстық планетарийдің ұйымдастыруымен «Астрон – 2013» атты астрономия конференциясы өткізіледі. Оған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен жерлесіміз, ұшқыш Юрий Лончаков қатысады.