Жұбанованың тұңғыш күйтабақтары жарық көрді
Қазақ музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері, талантты композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың шығармаларынан тұратын күйтабақтар тұңғыш рет жарық көрді. Бұл игі бастама композитордың 85 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отыр. «Жаратқанның шапағаты», «Бейбітшілік туралы дұға», «Әйелдер аралы» тәрізді атпен жарық көрген үш дискі музыкалық жанрдың алуан түрін қамтыған десек, артық айтқандық емес. Таяуда Алматыдағы «Меломан» дүкенінде өткен тұсаукесерде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова бастаған классикалық музыканың белгілі майталмандары бас қосты.
Жұбановтардың композиторлық әулетін жалғастырушы Ғазизаның ұлы Әліби Мәмбетовтің айтуынша, Жұбанованың шығармашылығы сан қырлы музыкалық жанрға бағытталып, түрлі-түрлі тақырыптарды қамтыған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері композитордың бірде-бір туындысы компакт дискілерде шықпаған. «Біз цифрлық ремастеринг үшін қажетті студиялық жабдықтарды сатып алуға үлкен күш жұмсаудамыз. Осы күні Ғазиза Жұбанованың жеті шығармасын қалпына келтірдік. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасын таба береді», – дейді Ә.Мәмбетов.
Ғазиза Жұбанова ораториялар, симфониялар, симфониялық поэмалар, опералар, балеттер, концерттер, хорлар, романстар, әндер, камералық-аспаптық туындылар, спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды. Өз шығармашылығында ұлттық реңкті сақтай білді. Ал оның қоғамдық жұмысы да атанға жүк боларлықтай салмақты. Ол консерваторияның ректоры (1975-1987 жылдар), Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, КСРО Композиторлар одағының басқарма мүшесі және тағы басқа беделді де белді қызметтерде қайыспай қызмет етті. Ғазиза Жұбанова еліміздің музыкалық оқу орындарының ғылыми-педагогикалық құрамының сапалық деңгейін көтеруге, кәсіби мамандардың өсіп-жетілуіне, өнерпаздар еңбегінің дұрыс бағалануына атсалысты. Қазақ кәсіби музыкасын әлдемдік деңгейге көтерген тұлғаның шәкірттері қазір еліміздің түкпір-түкпірінен табылады.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, композитор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры:
– Ғазиза Ахметқызы сияқты ұлы тұлғалар мың жылда бір туылар өнер иесі. Ол кісі өзінің ерекше музыкасымен, ғылыми еңбектерімен, қоғамдық жұмыстарымен, аналық өмірімен, азаматтық ұстанымымен халықтың мәңгі жадында сақталады. Жұбановтар әулеті – қазақ халқына көп еңбек сіңіріп келе жатқан әулеттердің бірі. Ғазиза Жұбанова – ұлт мақтанышы. Оның музыкасы қазақ елімен бірге жасай береді.
Қуат ШІЛДЕБАЕВ, композитор, Ғазиза Жұбанованың шәкірті:
– Ғазиза Жұбанованың дискілері жарық көріп жатқанына қуаныштымын. Бұл баяғыда атқарылуы тиіс шаруа болатын. Артына өшпестей із қалдырған ұстазымыз Алмас Серкебаев, Төлеген Мұхамеджанов сияқты шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісінің жарық көрмей жатқан шығармалары әлі де көп. Келешекте барлық туындылары ел-жұртпен қауышады деп есептеймін. Ғазиза Жұбанова өте мейірімді, білімді еді. Талантты жастарды бірден танитын. Қарапайымдылығында шек жоқ-тұғын. Бізге туған анамыздай қамқорлық көрсететін.