Жоқ іздеген жиналыс
Дүние-мүлік, мал мен жан ғана емес, бүтін бір ұрпақ та жоғалады екен. «Жоғалған» буын деген ұғымды алға тартушылар оған бір кездері кеңесшіл болған, кеңес үшін аштыққа, нәубетке ұшырап, сол идеологияның жетегінде соғысқан, соңында коммунизм дегеннің елес қана екенін білген, тіпті білмей де құрбан болған біздің аталарымызды, олардан туған балалар, яғни біздің әкелерімізді де жатқызады. Осы бір қоғамдық пікіртартысқа тамызық болып жүрген тақырыпты талқылауға кеше «Айтpark» қоғамдық-саяси пікірталас клубына белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков шақырылды.
Модератор Нұрлан Ерімбетовтің өзі бастап, жиналған көпшілік қостап, жазушыға көптеген қызықты сұрақтар қойылды. Соған сай бірнеше келелі мәселелер де қозғалды:
Жоғалған ұрпақ кім?
– Дулат аға, Сізге кейде болса да «босқа өмір сүрген жоқпын ба?» деген ой келмей ме? Өйткені сіздің буынды бүгінгі ұрпақ коммунист болғандарыңыз үшін кінәлайды, сіздерді тіптен «көптеген саяси қателіктер үшін халықтан кешірім сұрасын» дейтіндер де бар. Бір қызығы, солай деушілерге біріңіз «не деп тұрсың, біз сендер үшін өмір сүрдік» деген жоқсыздар? Әлде бұл үнсіздік солармен келісіп, әлдебір кінәні мойындағандарыңыз ба?
– Айтыңызшы, адам өзі өмір сүретін кезеңді, қоғамды таңдай ала ма? – деп бастады әңгімесін жазушы. – Мәселен, мен соғыс басталған жылы туылып, әкемнің соғыста қаза тауып, анамның да сол күйіктен көз жұмғанын, сөйтіп шиеттей бала-шаға жетім қалуды қалады дейсіз бе? Болмаса мен әкемді Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқаны үшін кінәлауым керек пе? Төрт жауынгер өмірінің бір винтовкаға байланып, бірі тірі қалу үшін үшеудің оққа ұшуы керек болғанын бүгінгі ұрпақ білмейді де ғой, білсе, бұлай орынсыз күстәналамас еді, меніңше. Сіз соғысты мойындамайды деп кімдерді айтып тұрғаныңызды білмеймін. Бірақ, әйтеуір, мен білетін қазақ қан майданда қаза тапқан аталарын қастерлеп, оларды құрметпен еске алады әлі күнге. Білмеймін бұлай деуші ұрпақтың қайдан пайда болып, кімнен туғанын. Сондықтан әр дәуірге өз биігінен қарап, сол биіктіктен баға беру керек. Әрине, коммунистердің қолы қанды екенін, ол биліктің қазақтарды аштыққа, нәубетке ұшыратқанын мойындаймын, онысын құп көрмеймін. Бірақ ол заманда турашылдық, тәртіп болды. Ұрыны «ұры» деді, ол қылмысына қарай жазасын тартып, түрмеге жабылды. Ал бүгін ше, ұрлығы ұлғайған сайын табысы молайып, тынысы кеңейіп, дәулеті тасып жатқан біреулер... Сіздер осындай қоғамда өмір сүруді Тәңірден тілеп пе едіңіздер? Сол себепті «жоғалған ұрпақтың» кім екеніне ешқайсымыз да жауап бере алмаймыз.
Қазақтың заманауи «үш жүзі» қайдан шықты?
– Бүгінде қазақты «нағыз», «шала» және «жаңа» деп бөлу сәнге айналғандай. Бір қазақтың осылай бірін-бірі кінәлап, біріне-бірі менсінбей қарап, іштей бөлінуі қайдан шықты?
– Тіл мәселесінен шықты. Кезінде қандай жағдайлар осы бір мәселенің шығуына себеп болды дегенді қарастырғанда, кеңестік саясаттың азшылық ұлттардың тіліне жасаған қысымы, қазақ мектептерінің жабылып, тіпті астана болған Алматының өзінде жалғыз қазақ мектебінің қалғандығы алға тартылады. Сол тұста қазақ мектебінің жалғыз болғаны үшін мақтанғандар қазір сол мәселені алға тартып ақталады. Кінәні өзгеден іздеп, жетістікке таласу пенденің әдеті емес пе?! Әйтсе де қазақ тілінің жағдайын айтып, алғашқы болып жоғарғы жаққа хат жазған Жазушылар одағы, атап айтқанда, Шона Смаханұлы бастаған ақын-жазушылар болатын. Сол кезде тіпті жаңадан мектеп ашпақ түгілі, монша салдыру үшін Мәскеудің рұқсаты керек еді. Ал Мәскеу бізді осы әрекетіміз үшін «қазақ жазушылары Кремльге қарсы бой көтерді» деп айыптады. Арыға бармай-ақ, «Арасан» моншасын алайық, «кезінде Қонаевтың өзі салдырған» деп мақтанамыз. Қазір жай ғана бір монша салдыруға ел басшысы кірісті десе, кім сенеді? Көрдіңіз бе, заман қандай болды?! Бірақ «мектеп болмады» деген – жай сылтау, ақталу ғана. Әйтпесе, бізде өзге ұлт өкілдері де тұрды ғой, солардың бірде-бір мектебі болмаса да, олар өз тілдерін сақтап қалды. Менің армян көршім болды, мәселен, мен соларға сүйсінетінмін. Шешендер, ұйғырлар т.б. ұлыс өкілдері осында жер аударылып келсе де, өзінің ұлттығын жоғалтпайды да, өз елімізде отырған біз жоғалтамыз.
Түйін
«Сезікті секірер» дегендей, бір қызығы, осы отырыстың өзінде «батыр қызымыз Әлия Молдағұлова да бір ауыз қазақша білмеген, бәлкім, оны да шала қазақ атандыратын шығарсыздар» деп іштей наразылықтарын айтып салғандар болды. Осындайда Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі ойға оралады. «Жоғалған ұрпақ» та, «шала қазақ», «жаңа қазақ» та басқа емес, қазақтардың өздері шығарған мәселе емей, немене?!