Жоғары мектеп: корпоративтік басқару жолында
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен Бақылау кеңесінің бірінші отырысы өтті. Іс-шараны тек университеттегі жаңалық деп емес, сондай-ақ отандық білім беру жүйесіндегі жаңалық деуге болады. Жоғары оқу орындарында Бақылау кеңесін құру – білім берудегі басқару жүйесінің мемлекеттік-қоғамдық қалыптасуындағы маңызды дүние.
Бақылау кеңесі жұмысының іске асуы 2011-2020 жж білім саласын арттыруға жасалған мемлекеттік бағдарламаға сай жасалған. Бақылау кеңесі халықаралық тәжірибеде әзірленген, білім және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарды корпоративті басқарудың жаңа формасы. Білім саласында бақылау кеңесі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық аграрлық университеті сияқты төрт ірі жоғары оқу орындарында құрылған. Бақылау кеңесінің мән-мазмұнына тоқталған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Бақылау кеңесі жұмысының нәтижесі отандық ғылым және білім кеңістігінің болашағына, дамуына әсер ететін үлкен маңызға ие. Бұл саланы әлемдік деңгейде мойындатуымыз да осы кеңеске », – деп атады. Сонымен бірге министр бақылау кеңестері жұмыс жасайтын жоғары оқу орындары болашақта бір үлкен автономияға айналатынын, бұл бағытта олар министрлікке емес, тек осы бағытқа ғана бағынатынын тілге тиек етті.
Бақылау кеңесінің бірінші отырысында ректор Ғалымқайыр Мұтанов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы даму стратегиясының жоспары жайында баяндап, Қазақ ұлттық университеті қызметінің басым бағыттары бойынша ұсыныстар жасады.
Бақылау кеңестерінің негізгі міндеті – мемлекеттік бақылауды қоғамдық бақылауға өзгерту. Сондықтан да бақылау кеңестері министрлікке жоғары оқу орнының даму жоспарының жобасы бойынша және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қорытынды беру, даму жоспарының орындалуы туралы есептің жобасын келістіру, жоғары оқу орнының жылдық қаржылық есептілігін алдын ала бекіту, демеушілік, қайырымдылық көмектер мен қосымша көздерден алынған қаражатты, оның ішінде жоғары оқу орнының иелігінде қалатын таза табыстың бір бөлігін бөлу туралы шешім қабылдауға өкілетті. Сонымен бірге бюджеттік қаражаттар мен қосымша көздерден алынған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау үшін жоғары оқу орнының және оның құрылымдық бөлімшелерінің құжаттарымен кедергісіз танысады және көрсетілген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын тексеруді жүзеге асыру үшін министрлікке ұсыныстар енгізу, жоғары оқу орны қызметінің басым бағыттары бойынша ұсыныстарды тұжырымдау сияқты өкілдіктерді қамтиды. Бақылау кеңесінің тағы бір басым бағыты кадрлар сұрақтарын шешуге де құқылы, олар университет ректорларын ауыстыру мен тағайындауды да ортаға салып ақылдаса алады.
Жоғары оқу орындарының бақылау кеңесінің қаншалықты тиімді жұмыс атқаратындығы бүкіл білім беру жүйесінде корпоративті басқаруды енгізуден белгілі болмақ. Бүгінде білім саласындағы өзгерістер мемлекет, қоғам және бизнестің өзара әрекеттесуін қалыптастырады.