«Жоғалтып алма сен мені...»

«Жоғалтып алма сен мені...»

Алғаш құлаққа ғашық жанның өз сүйіктісіне айтқан жан сыры се­кіл­ді естілгенімен, ұға білгенге бұл сөздің мағынасы тереңде. Әрине, егер ұлтжандылық тұрғыдан түсінер адам болса... Бұл – біздің тіліміздің жанайқайы. «Егер ертең ана тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге да­йын­мын» деген Расул Ғамзатов сүйгендей сүйсек қой, шіркін, тілімізді...
Бұл – біздің ұлтымыздың ішінде тұншыққан сезімі. Осы жанайқайды тап басып, өзінің шығармашылық кешіне тақырып етіп отырған – актер, сазгер, бард, әнші, мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай деген қазақтың ұлы. Маусымның 29-ы күні кешкі сағат 19:00-де Алматыдағы Студенттер сарайында өтетін кеш алдында біз осынау сегіз қырлы, бір сырлы азаматпен ой бөліскен едік.

Бұл өзі сөйлеудің құрып бара жатқан заманы болды
– Қадырғали аға, көрермен сізді бұрын «Бауыржан шоудан» жиі көруші еді. Кейін одан да, басқа да театрлардан көрінбей кеттіңіз. Ел сізді іздейтінге ұқсайды. Бұған не дейсіз?
– Менің түсінігімде өнер адамының ауық-ауық ел көзінен тасаланып тұрғаны да дұрыс. Өйткені өнерге (жалпы, өнер де­ген­нің өзі баяғыдай біреу емес, қазір бір­нешеге бөлініп кетті ғой: коммерциялық өнер бар, таза өнер бар), адал қызмет ете­мін деуші жан ізденіп, жан дүниесін ба­йытуы үшін ел көзінен таса кетуі керек. Мы­салы, менің қазір көрінбей кетуімнің бір сыры да сонда, яғни гитараны қазақы­лан­­дыру жолын іздеп жүрмін деуіме болады. Шыны керек, әйтпесе гитара қазаққа тән аспап емес дейтін көзқарас басым ғой қо­ғамда. Бұл – бір. Екіншіден, халықтың алды­на шығу үшін өнер адамына тамырын те­реңге жіберген рухани азық, өнерден өзі түйген қор қажет. Әйт­пе­се жұртқа берерің болмаса, әйтеуір, бір бағ­дарламадан көрі­ніп немесе жур­налға сұхбат берген болып көрінгеннен не ұта­сың? Мысалы, қазір сөй­лей алмайтын әртіс­тердің көбейіп кет­кені қарнымды аш­тырады.
– Басқаша айтқанда, сөйлей білмей­тіндер әртіс болып кетті дейсіз ғой?
– Ауызекі тілден басқа ештеңе жоқ. Бұл өзі тілдің, сөйлеудің құрып бара жатқан заманына айналып барады, оның ішінде де біздің қазақ тілінің. Қазіргі кейбір айтарға түгі жоқ, тек киімін айтып, жылты­рап киініп, сахнада ұялмай, арланбай, айқайлай күлгенін биік белес санайтын жандарды өз басым әртіс деп есептемеймін. Оларды көрген сайын өзімді әртіспін деп айтуға ұяламын. Менің ұғымымдағы өнер – тұтас ұлттың құндылы­ғы. Қазақтың жүгін көтеріп жүргеніңді сезі­ніп, өзіңді соныңмен ұлтқа қызмет етіп жүр­гендей сезінбесең, несі өнер?! Жалпы, өнер адамдарын экстрасенспен парапар деп айтар едім. Бұрынғыша айтқанда, бақ­сы секілді. Өйткені халық сізден жақсы бір дү­ние күтеді. Қазір қазақта жаман сөз пай­да болыпты «концертке, кешке барып, бір де­малып қайтайық» деген. Адамдар, жал­пы, концертке болсын, қойылымға демалу үшін емес, шын мәнінде, рухани тазару үшін баруы керек.
Мен өзім концерттер мен кештерге, қойылымдарға жиі барып, әдейі көрермен көзімен бақылап отырамын. Сонда ғана сахнадағы адамның бойындағы күшті, оның қаншалықты білікті екенін, парасаты мен пайымының деңгейін бағамдай аласыз. Өзіңізден бір саты да болса жоғары адамды сезесіз. Сонда ғана «міне, не деген мықты актер» немесе «не деген мықты адам» деп мойындайсыз іштей. Жылт етіп көрінген жерден шыға бермеуімнің бір себебі осы болса, екіншіден, жалпы, кез келген адамның азаматтық позициясы болуы керек. Қазір екінің бірі шетелге барғанын айтып мақтанады. Қарап тұрса­ңыз, сол даңғойлық, ештеңенің парқына жетпеушілік, қуыс кеуделік қой, әйтпесе шетелге әркім өзі үшін барады емес пе? Оны біреуге айтудың қанша қажеті бар? Осындай масқара құбылыстардың орын алуы – меніңше, сол азаматтық позицияның жоқтығынан. Бір сөзбен айтқанда, көрін­бей жүруімнің себебі, осылардың бар­лығын сараптап, саралап, бір шыққанда бірегей шығу керек деп жүргендігімнен деп білгендеріңіз дұрыс.
– Яғни қор жинап жүрмін дейсіз ғой, солай ма? Немен айналысып, қан­дай қор жинап жүрсіз?
– Ғылыммен айналысып жүрмін. Өнер ғы­лы­мымен. Біздегі ең кенже қалған ғы­лым осы өнер ғылымы екен. Сенесіз бе, күні кешеге дейін бізде жалғыз өнертану ғылымының докторы болды: марқұм Ба­ғы­бек Құндақбаев деген ағамыз. Одан кейін ол салаға ешкім ат ізін сала қоймады. Соңғы жылдарда ғана жөпелдеме жасал­ды-ау деймін, екі-үш ғылым докторы бар. Жал­пы, ғылыми еңбек жазсаңыз, бес ғы­лым докторы пікірін жазуы тиіс. Ал бұрын Қазақстанда өнертануда жалғыз ғылым докторы болған кезде, амал жоқ, қалған төрт адамды Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, бір сөзбен айтқанда, шетелден іздеуге мәж­бүр болатынбыз. Ол үшін 300 беттік дис­сертацияны орысшаға аударасыз, екі есе жұмыс, азап болатын, расында. Тіпті әлі де бізде өнертану саласында бес ғылым док­торы жоқ, осыны анық білемін.
Біз, актерлер, өмір бойы осы салаға келгенімізге өкінетін жандармыз
– Жалпы, өзіңізге келсек, сіз басқа өнер адамынан актерлік өнеріңізден бөлек, қазақта өте сирек кездесетін, мар­­құм Табылды Досымов сынды бард стилін ұстанатындығыңызбен ерек­шеленесіз, менің пікіріме қосыла­сыз ғой?
– Жалғыз бард емес, әр салада менің өз соқпағым бар. «Бауыржан шоудан» не­месе «Тамашадан» т.б. кеткенім актерліктен кет­тім деген сөз емес. Орыстың Хазанов, Пет­росян деген актерлері бар, мен солар­дың стилінде жұмыс істейтін актермін. Ком­­позитормын. Ән де саламын. «Мынау Қа­дырғалидың стилінде ғой» дейтіндей ме­нің өз стилім қалыптасқан.
– Әндеріңізді өзге де орындаушы­лар­ға бересіз бе? Мәселен, ел естіп жүр­ген қайсы ән сіздікі?
– Бір ғана мысал келтірсем, Тұңғышбай ағамыз орындап жүрген «Өнер адамы» де­ген әнді естулеріңіз бар болса, сол – менің әнім. Сөзі – Есенқұл Жақыпбековтікі. Мен өз әндерімнің бір-екеуіне ғана болмаса, жалпы, сөз жазған адам емеспін. Қазақта «кү­шеніп ақын болуға болмайды» деген сөз бар. Ақындардың бақшасына түс­кен дұрыс емес-ау деп ойлаймын. Аз-кем ше­гініс жасасақ, Есенқұл ағамыздың жам­ба­сы сынып үйінде жатқан кезі болатын, көңі­лін сұрай барғанымызда, жыр жи­нағын ұсынды. Парақтап отырсам, «Өнер адамы» нақ көкейдегі ойды тап басқан дүние екен. Біз туралы, біздің ішкі жай-күйімізді бере алған туынды. Негізі, оны ән деп те толығымен айтуға болмайды. Әйтеуір, спектакльден кейін орындалатын монолог болса деген оймен шығарған дүнием. Алайда ел оны ән деп қабылдап кетті. Әрине, оған Тұңғышбайдай мықты актер ағамыздың шебер орындауы тікелей әсер етті. Ол – еліміздегі актерлердің ішін­де өнертану ғылымының кандидаты бол­ған жалғыз адам. Қазақстанда дәл ол кісі­нің деңгейінде білімді актер жоқ.
– Сіз әнші, сазгер әрі актерсіз. Осын­ша жүкті арқалаудан шар­­шап, тастап кеткіңіз келген кезіңіз болды ма?
– Осы ой актерлік оқуға түскеннен бастап болады-ау... Ең ауыр мамандық қой. Мұның кітабы жоқ. «Осыны оқисың да, актер боласың» дейтін бір кітап тап­са­ңыз, осы сөзімді жоққа шығарыңызшы... Жалпы, бұл – зерттелмеген мамандық. Әр­тіс­тік деген Тәңірден келген сый ма, әй­теуір, сондай бір нәрсе болса керек адамға. Екін­шіден, бұл мамандықтың кереметі: сіз өмір бойы, өле-өлгенше ізденіп жүресіз. Ағыл­шынның саңырау актері болған, ол адам­дардың айтқанын аузының қимы­лы­нан біліп тұратын сондай сезімтал болса­ керек. Сол мыңыншы рет Отеллоны ойнау­ға бара жатып, «бүгін, мүмкін, Дездемона ора­малын беретін шығар...» деп жазып кетіпті. Сол мыңыншы ойыннан соң өзі де үзіліпті.
– Өз ажалын болжағандай ма сон­да?
– Жоқ, олай емес. Біз, актерлер, өзіміз ойнап жүрген рөлге сенеміз. Ол сахнаға актер ретінде емес, Отелло болып, өзінің шын Отелло екеніне сеніп бара жатқан адам ғой. «Бүгін Дездемонадан орамалым­ды сұрасам, беретін шығар» деп сеніп бара жатқаны – сол сенгендігінің белгісі. Ол 999 рет бермей, қылғындырып өлтірген емес пе? Міне, актерліктің сыры да, шыны да осы. Сіз осы салада өмір бойы із­денесіз де, өмір бо­йы осы мамандыққа келгеніңізге өкіне­сіз.
– Неге?
– Өйткені жүрегіңіз ауыратын болады. Адамдардың сізге адам деп қарамайтынына ренжитін боласыз. Әртіс деп қарайды барлығы сізге...
Ұлтжандылыққа үндейтін құндылықтардың атынан сөйлеймін
– Сөз соңында шығар­ма­шы­лық кешіңізге келсеңіз...
– Бірінші айтарым, ешқандай фо­нограм­масыз өтетін концерт болады. Мен осы «жанды», «тірі» деген сөздерді дұрыс емес деп тапқандықтан әдейі осылай ай­тып отырмын. Тіліміздің бұ­зыл­­ғанын осыдан-ақ байқауға бо­лады да. Термин­дер­ді дәл қа­лай жеткізерімізді білмей қи­на­ламыз өз тілімізде.
– Дұрыс айтасыз, мақала жазарда кейде біз де кей тер­миннің нақты қа­зақ­ша бала­масын таппай қиналамыз.
– Содан кейін жаңа  айттым, біз гитара­ны зерттеп, оның қа­зақ­қа жақын екенін дә­лелдеуге тырысып жүрген адам­дармыз. Со­ны сахнадан көрсетеміз. Гита­ра­мен ха­лық әндерін де, тіпті күй де орын­дауға бо­ла­ды, мүмкіндігі өте жоғары. Со­сын абыз­ғы деген аспап бар. Оның үсті – арфа, ас­ты дауыл­паз сияқты. Сақтардың ке­зін­де пайда болған аспап. Алтайдың қой­науын қазу кезінде табылды дейді. Қа­зір қазақта осы аспапты өлтірмей, ойнап ке­ле жатқан Серәлі деген азамат бар. Сол Се­рәлінің абызғысы мен менің ги­тар­ам қоса ойналады. Осы кезге дейін, бір қы­зығы, қа­зақта домбырадан басқа ас­пап бол­ма­ған­дай етіп көрсетеді ғой. Мен өзім осы көз­қарасқа қарсымын. Шы­нын­да, ас­пап көп болған, бірақ біз сол­ар­дың көбін ұмыт­­қанбыз, жоғалтқанбыз.
– «Жоғалтып алма сен мені...» деген атау­ды қалай ашып түсіндіресіз? Бұл өзі бенефис деп айтуға келетін кеш пе?
– Жоқ, бенефис емес, бұл – тема­ти­ка­лық кеш. Бұл – күллі ақын, актер, жалпы, өнер адамы сахнадан айта алмай жүрген сөз. Алайда бұл бір адамның екінші біреуге айтқан сөзі емес, бұл – біздің жоғалуға таянып бара жатқан тіліміздің жанайғайы. Бұл – біздің жоғалып бара жат­қан ұлттық патриоттық санамыздың ай­қайы. Яғни  ұлтжандылыққа үн­дей­тін біздің барлық құндылығымыздың аты­нан сөй­легім келеді. Ән арқылы да, сөз ар­қылы да.
– Кешіңізге кімдер қатысады?
– Кешті Тұңғышбай ағамыз ашады. Жүргізуші – өзім. Ершат Қайырхан деген мықты гитарашы жігіт бар. Жеті шекті ги­тара­да ойнауда Қазақстанда алдына жан салмайтындардың бірі – сол жігіт. Тамаша әнші. Мен тәрбиелеп жүрмін. Бірақ мен одан гитарашы жасаған жоқпын. Ол өзі  та­маша күйші. Мен тек оның сол біліктілігін ірік­телген поэзияға қарай ыңғайлап әкеле жа­тырмын. Баян Нұрмышева қатысады, ол – Қазақстандағы бірден-бір кәсіби гита­рашы қыз. Ол оқыған гитараны біз оқы­­ма­ғанбыз. Баян нағыз гитараның мектебі­нен білім ал­ған. Аягөзден менің ұстазым, абыз­ғышы Серәлі келе жатыр. Серәлі – сондай-ақ көмейден ән салуды мең­герген азамат. Осындай керемет дү­ние­лер бола­ды. Енді мұны тек көру ке­рек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста