Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ өнер иелері әртүрлі ордендермен марапатталған еді. Ал көпшілік құрметке ие болған әншілердің бірін лайықты десе, өзгесіне наразы. Осы орайда, "Жігіттер" тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов мұндай атақ-марапатқа оңай қол жеткізуге болатынын айтты. Бұл туралы ол NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.
"Мерекенің қарсаңында өнердегі жас қыз-жігіттерге көптеген марапаттар мен атақтар беріп жатыр. Мен оған шын жүректен қуаныштымын. Ол істеген еңбектің бағаланғаны деп ойлаймын. Адам болған соң біреу ерте, біреу кеш алып жатады. Біреу 30-40 жылдың ішінде аз дүние істеуі мүмкін, біреу бес жылдың ішінде үлкен еңбек атқарып, халыққа өз үлесін қосуы мүмкін. Сондықтан, мен мынау лайықты, біреуге әділетсіз деп айта алмаймын",- дейді тәжірбиелі продюсер.
Алайда, ол атақтан бұрын, оның жауапкершілігін сезіну маңызды екенін басып айтты.
"Ол кісі Алланың қалауымен алды ғой, енді сол марапаттың жауапкершілігін сезіне білу керек. Марапат, атақты алғанға дейінгі амалдар бір бөлек қой. Енді кеудеңе төс белгі тағылған соң соған сай еңбек етіп, халыққа бір пайдаң тию керек. Атына заты сай, қазақтың өнеріне қызмет етсе мен қуанышты боламын. Бұл менің жеке пікірім", -деді ол.
Иә, өзге әріптестері өз пікірін іште жасырып қалса да, Ерғали мырза продюсерлердің еңбегінің аса еленбейтінін ашып айтты.
"Жігіттер" тобы үнемі сахнада, халықтың алдында жүргендіктен елдің назарында болады. Ал, біздер көпшіліктің көзінен тыс қалып жатамыз. Бірақ, қыруар еңбекті атқарып, барлық жарнамасы бар, ақшасы бар, ротациясы бар, төрт жігіттің басын біріктіріп ұстап отыру бар – соның бәрін продюсерлер реттеп отырады. Алайда, ол продюсердің еңбегі көзге көрінбегендіктен еленбей қалады. Десе де, оған еш реніш, өкпе жоқ. Өйткені, "Жігіттер" тобы бір биікке шықса, бір сыйлықпен марапатталса – менің де жеңісім. Яғни, барлық ұжымның еңбегінің бағаланғаны деп білемін", -деп бөлісті Әбдірайымов.
Ақиқатты ашып айтса көпке жақпайды. Бірақ, бұл тұрғыдан Ерғали мырза еш қорықпайды екен. Ол, тіпті, елімізде атақ пен марапатты тек еңбекпен емес, басқа жолмен да алуға болатынын мойындады.
"Иә, продюсерлерге аса үлкен атақ, марапат берілмейді. Бірақ, қазір 21 ғасыр ғой. Бәрін білеміз, бәрін танимыз. Мұндай марапаттарды басқа да жолмен алуға болады. Былайша айтқанда, таныс-тамырды қосып, қалтасына ақшасын салып, еңбексіз оңай-ақ алуға болады мұндай атақ-марапаттарды. Бірақ, кейін халық сені сынап, күліп, лайықсыз көріп жүрсе несі жақсы?! Дұрысы, өз еңбегімізбен жеткеніміз ғой. Болашақта еңбегіміз бағаланып бұйыратын шығар. Бұйырмаса да өкініш жоқ. Аса маңызды дүние емес қой", - деді ол.