Өмір үшін емес, өнер үшін жаралған еді...

Өмір үшін емес, өнер үшін жаралған еді...

Ол бар ғұмырын балетке арнағысы келді. Адамзаттың ішкі тебіренісін, ой-сезімін, қуаныш-қайғысын сахнадан көрерменге әдемі қимылмен жеткізу оның асыл арманы еді. Амал қанша? Жаратқанның бұйрығынан қандай жан аса алған? Қыршынынан қиылған Дастанға осынау жалған дүниеден бар болғаны жиырма бір жыл бұйырған екен. Жастайынан жасындай жарқ еткен жас дарын Дастан-ның жұлдызы тым ерте сөнді.

Дастан Шыныбаев – кәсіби балет бишілерін даярлайтын еліміздегі бірден-бір оқу орны А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің түлегі. Ол өзінің сымбатты келбетімен, әсем қимылымен үнсіз өнердің құдіретін көрерменнің жүрегіне жеткізе білген бишілердің бірі болатын.

1984 жылдың 19 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген Дастанды анасы Гүлжан Шыныбаева мен нағашы әжесі Гүлжамал Оспанқызы тәрбиелеп өсірді. Дастан алғаш алты жасында М.Әуезов атындағы №128 мектептің табалдырығын аттады. Ол осы мектепте үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищеден дарынды балаларды іріктеу үшін мұғалімдер келеді. Би мамандары Дастанның бойындағы биге деген икемін байқап, баланы училищеге оқуға шақырады. Бұған дейін Дастанның кішкене кезінде нағашы әжесі Гүлжамал немересінің аяғының ұшымен жүруді әдетке айналдырғанын айтып: «Осы баланы балет мектебіне берсек қайтеді?» – деп жүреді екен. Сөйтіп, Дастанның енді-енді қаз-қаз баса бастаған шағында-ақ, аяғының ұшымен қалбалақтап жүретінін тек анасы мен әжесі қызықтаса, кейін бишінің сахнада классикалық биді нақышына келтіріп орындағанын барша қазақстандықтар, тіпті шетелдік көрермендер тамашалады.

Дастан би әлемінің қыр-сырына тұңғыш ұстазы Елдос Әшімұлы Усиннің сыныбында дәріс алып жүрген кезінде қаныға бастады. Өзінің елгезектігімен, еңбекқорлығымен ұстаздарының көзіне түсіп, көңілінен шыға білген болашақ биші үш жылдан соң
Н.Абдуллиннің сыныбында оқып, білімін жетілдіреді. Одан кейін дарынды бала қазақ балет өнеріне айтарлықтай үлес қосқан КСР Еңбек сіңірген әртісі Эдуард Малыбековтен сабақ алды.

Эдуард Малыбеков, КСР еңбек сіңірген әртісі, Дастанның ұстазы:
– Дастан күні бойы allegro, fouetti және басқа да балет қимылдары туралы әңгімелеуден жалықпайтын. Би залы босай салысымен, қосымша дайындалуға уақыт бола қалса, мұндай мүмкіндікті жібермейтін. Біздің училищеде үлкен видеотека бар. Дастан екеуміз сондағы материалдарды жиі қарастыратынбыз. Ол өз мамандығын жан-тәнімен сүйетін, сүйікті ісіне адал берілген бала еді. Мен оған ұстаз ретінде музыканы толық сезіну үшін тек балетпен ғана айналыспай, симфониялық концерттерді тыңдауға, көркемөнер көрмелеріне барып тұруға кеңес берсем, Дастан сол кеңестерімнің бәрін орындауға тырысатын.

Дастан өзінің алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Абай атындағы Опера және балет театрында бастады. Оның тұңғыш орындаған рөлі «Щелкунчик» балетіндегі Ханзада болатын. Осы театрдағы жас бишінің алғашқы сахналық сыңарлары Әлия Сапугова және ҚР еңбек сіңірген әртісі Ләйлә Әлпиева болды. Жұмыс орнында ол А.Сафронов, Д.Табылды сияқты қазақ балетінің жұлдыздарымен шығармашылық байланыста болатын.

А. Сафронов, балет бишісі:
– Дастанның қызыққан хоббиі – балетке қатысты фотосуреттерді, кітаптарды, бейнежазбаларды жинау еді. Бірде ол түн ортасында маған қоңырау шалып, шетел бишілерінің би үлгілерінің бейнетаспасын алып келуімді өтінді. Көп ұзамай ол шетелге кетті.

Өнер жолын жаңа бастаған Дастан көптеген халықаралық байлауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Солардың бірі Варнада өткен халықаралық байқауда Дастан III жүлделі орынды иеленіп, шетелдік мамандардың көзіне ілігеді. Сонымен Дастан өзінің кәсіби деңгейін жетілдіру, әрі табыс табу үшін 2004 жылы Германияның Висбаден қаласына келісімшарт бойынша жұмысқа кетті.

2005 жылдың желтоқсан айында Дастан өзінің ұстазына қоңырау шалғанында ауырыңқырап тұрғанын, соңғы уақытта басының жиі ауыратынын айтқан екен. Бірнеше күннен кейін Дастан Висбадендегі Мемлекеттік опера және балет театрындағы жұмысына шықпай қалады, телефоны жауап бермейді. Пәтеріне іздеп келген әріптестері есікті бұзып кіріп, Дастанның сырт киімін киген күйде еденде сұлық жатқанын көреді. Ол таңертең жұмысқа жиналып жатқан кезінде талып қалған болса керек. Дастан жеті апта бойы өліммен күресіп, сұлық жатты. Ақыры сұм ажал жас жігітті жалмап тынды. Дастан Шыныбаев 23 ақпанда өмірден өтті. Ол бар болғаны 21 жаста еді...

Гүлжан Шыныбаева, Дастанның анасы:
– О баста-ақ баламның балет өнерін таңдауын құп көрмедім. Бірақ оның биге деген қызығушылығына, қабілетіне қарсы тұрғым келмеді. Дастан мектепте жақсы оқыды, өте жан-жақты еді. Ол шетелге барам дегенде, тіпті жібергім келмесе де, оның мол табыс тапсам, үлкен баспана алсақ деген арман-мақсатына кедергі болмайын дедім. Өйткені біз ол кезде ескі жатақхананың шағын бөлмесінде тұратынбыз. Балам бір-екі жылдан кейін қайтып келіп, міндетті түрде өз еліме қызмет етем деуші еді. Перзентімнің қазасы мен үшін жұмбақ болып қалды. Германиядағы дәрігерлер Дастанның неден қайтыс болғанын нақты айта алмады. «Аш құрсақ жүре бергеннен әлсіреген шығар» дейді. Қазақстанға қайтып келгенімде барлық баспасөз құралдары Дастанды «минингит ауруынан қайтыс болды» деп таратыпты. Бірақ менің балам ешқашан ауырған емес. Неге аяқ астынан бұлай болғанын түсіне алмаймын.

Қазақ балетінің даңқын әлемге паш еткен Дастанның дәм-тұзы жат елде жүріп таусылды. Тағдыр. Біз сөз еткен – тек бір ғана Дастанның тағдыры. Дастандай шекара асқан қаншама жас өреннің тағдырынан біздер бейхабармыз. Кезінде қажеттіліктен шетелге кетуге мәжбүр болған қандастарымыз, өнерпаздарымыз бүгінде туған жерлеріне оралса, оларды шеттетіп жатамыз. Олар да өз елдерін, ана тілдерін жатырқап қалады. Сондықтан болашақта өз топырағымыз тудырған таланттарды өзге елге жалтақтатып, алақан жайғызбасақ екен.

Дастан Шыныбаев жайлы жазылған естелікті дайындауға қол ұшын берген өнер жанашырлары А.В. Селезнев атындағы хореография училищесінің ұжымына, оқушыларына ерекше алғыс білдіреміз.

Дастан Шыныбаев қатысқан халықаралық байқаулар:
•  1997 жылы «Айналайын» байқауы
• 1999 жылы Пермь қаласындағы байқау
• 2000 жылы Мәскеу қаласында өткен байқау
• 2002 жылы Новосибирск қаласында
• 2000 және 2002 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалі
• Болгарияның Варна қаласындағы байқау
• Финляндияның Хельсинки қаласындағы байқау
• Тарлан» фестивалі

Орындаған партиялары:
• П.Чайковский, «Аққу көлі» балетіндегі Зигфрид ханзада және Па-де-труа
• П.Чайковский, «Шелкунчик» балетіндегі Ханзада
• Х.Левенсхольд, «Сильфинда» балетіндегі Джеймс
• Ш.Гуно, «Фауст» операсындағы «Вальпургиев түні» хореографиялық көрінісіндегі Пан
• «Фестиваль цветов и Чинзано», «Коппелия», «Тщетная предосторожность» балеттерінен варияциялар
• Г.Ғаббасовтың қазіргі заман хореографиясы

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста