«Жиембет батыр» романы жарық көрді
Жақында жазушы Табыл Құлыяс өзінің жаңа туындысын - «Жиембет батыр» роман-эссесін дүйім жұртқа таныстырды. Кітап Орбұлақ шайқасы және оған қатысқан батырлардың бірі, «Есім ханның ескі жолы» дала заңын құрастырған би, жыршы-сазгер Жиембеттің көпқырлы бет-бейнесі туралы әңгімелейді.
Жиембет батырдың ақын, жыршы, сазгер, әскербасы, Есім ханның бас биі, халқын ойлаған тарихи тұлға болғанын аңыз-шежіре мен жазба деректерден анық байқауға болады. Әсіресе оның Орбұлақ шайқасындағы батырлығы тарихта мәңгілік қалатыны хақ. Оған Орбұлақ жотасындағы 20 тонналық ескерткіш тақтадағы мына бір жазулар дәлел бола алады. «Бұл жерде 1643 жылы Салқам Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауынгері ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, оның 10 мыңын жойып жіберген. Осы кезде бұларға Самарқаннан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келіп үлгерді. Ұлы жеңіске шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, тама Жиембет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, қырғыз Көтен мен Табай, дулат Жақсығұл, арғын Қомпай, суан Елтінді батыр, тағы басқа хас батырлар үлес қосты. Батыр бабалардың аруағына бас иеміз!». Негізі, әлемдік соғыс тарихында ор (окоп) қазу тәсілі осы Орбұлақ шайқасынан басталды деседі.
Жиембеттің ақындығы, сазгерлігі өз алдына, оның Есім ханның он екі биін жұмылдырып, заң шығару ісіне белсене атсалысқаны тарихтан белгілі. Ол сарбаздарды соғыс өнеріне тәрбиелеу, әсіресе жекпе-жектегі шеберлікті шыңдауға жеке өзі қатысқан. Осылайша қазақтың байтақ даласын қорғаған жаужүрек батырлар дайындалды. Ол туралы орыс тарихшылары да көптеп жазды.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жазушы:
– Табыл аға өзі жазушы әрі Жиембет батырдың ұрпағы. Осы кітапқа тарихи деректерді жинаған кезде, оған өте қиын болды. Себебі ол кезең – 17-ші ғасыр, 18-ші ғасыр болса, жеңіл болатын еді. Мәселен, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан сөзі жатталып қалған ғой. Оны бәрі біледі. Ал Жиембет жырау туралы дерек жоққа тән. Дегенмен Табыл аға ел аузындағы атадан балаға мирас болып қалған сөздерді жазып алып, қазақ халқының құймақұлақтық ұлттық қасиетін шебер пайдалана білді. Осының арқасында романдағы Жиембет батырдың өр бейнесі жарқырап көрінеді. Жалпы, Жиембет жырау қазақтың санасында Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбеттермен қатар тұратын үлкен тұлға деп білемін. Қазіргі кезде біздің балалар шетелдік киноларда өтірік кейіпкерлерді көріп жүр ғой. Меніңше, біз Жиембет жырау сияқты нағыз тарихи образдарды киноға түсіріп, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Мен өзім осы кітаптан киносценарийдің сұлбасын көріп отырмын.
Табыл ҚҰЛЫЯС, «Жиембет батыр» романының авторы, жазушы:
– Бүгінде біз тарихымызды түгендеп жатырмыз ғой. Бұрын қазақ халқының тарихы дұрыс зерттелмей, жабық күйінде жатқан жоқ па?! Ал тарихты ашып жазған адамдардың барлығын қудалауға салды. Біз өткен-кеткенімізді жинақтауға енді кірістік. Тәуелсіздік қалай келді? Бағымызға біткен мемлекетіміз, елдігіміз бен егемендігіміз жерді сақтап қалған бабаларымыздың батырлығы арқасында жетті. Осы кітапта біздің жастарымызға сол батырларымыз туралы айтқым келді. Негізі, Орбұлақ соғысына қатысқан 600 батырдың әрбіреуі туралы бір том жазуға болады. Мен соны ойлап жүрмін.