Жеті ішектің шеберлері Алтай төрінде бас қосты
Қара домбыраның құлағында ойнайтын қазақ баласы гитараны да жатсынбайды бүгінде. Осынау жеті ішекті аспаппен сахнаның көркін келтіріп жүрген қазақтың талантты ұл-қыздары аз емес. Көп те емес. Гитара жайлы бекерге сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Осыдан бірер күн бұрын өскемендік өнерсүйер қауым жасандылықтан ада, табиғи сипаттағы тамаша бір қоңыр кештің қуәсі болды. Жеті ішекті жандарына серік еткен, әрісі Астана мен Алматы, берісі өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың өнерлі қыз-жігіттері шаһар жұртшылығына екі сағат бойы естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Айта кетейік, гитара құшақтаған өнер иелері азаттығымыздың 20 жылдығы қарсаңында Облыстық мәдениет басқармасы ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырып отырған «Жан серігім – гитара» атты фестиваль аясында бас қосты.
Өр Алтай бауырындағы тамаша кешке Қорабай Есенов, Сейіл Аяғанов, Қадырғали Көбентай, Ержан Белғозиев, Мақсұтхан Жиһанбаев, Гүлмира Ақүрпекова, Баян Нұрмышева секілді есімдері елге танымал өнерпаздардан бөлек, өнер әлеміне енді аяқ басқан өңіріміздің жас орындаушылары қатысты. Бұл ретте Бақытжан Балғабаев, Ершат Қайырханов, Болат Хамзин, Алтай Мүбәрак, Бекзат Омашев есімдерін де атауға болады.
Қазақ өнерінде гитарамен алғаш ән шырқаған жан кім дегенде, ең әуелі қарағандылық Қорабай Есеновтің, (марқұм Табыл Досымовтың) есімі ойға оралады. Содан болар, фестиваль шымылдығы әншінің сонау 60-жылдардың бел ортасында жұртшылық жылы қабылдаған «Жас қалам» әнінен басталды. Жерлесіміз Қадырғали Көбентай халыққа Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауынан жақсы таныс «Өнер адамы» әні мен халық әні «Абайкөкті» нақышына келтіре шырқады. Бәрінен де Ержан Белғозиевтің өнері ерекше көрінді. Гитарамен күй орындағанды бұрын-соңды кім көрген?! Өнерпаз Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін жұрт назарына ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Гитараны нәзікжандылардың арасында алғаш болып сахнаға әкелген Гүлмира Ақүрпекова екенін жұрт жақсы біледі. Сонымен қатар жас буын өкілдері арасынан әдемі әндерімен жұрт ықыласына бөленіп жүрген Баян Нұрмышева есімін құрметпен атауға болады. Қос әнші де фестивальға арнайы келіп, бар өнерін ортаға салды. Баян халық әні «Қарғам-ау» мен «Жібектің елі» әнін нақышына келтіре шырқаса, Гүлмира Шәмші Қалдаяқовтың «Жайықта» әні мен Ержан Серікбаевтың «Шырқа, гитара» әнін тамылжыта орындады.
Жақсылық Омар, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Бұл фестивальдың Шығыс өңірінде ұйымдастырылуы бекер емес. Өйткені Аягөз ауданында гитараның қалыптасқан дәстүрлі мектебі бар. Бүгінде есімдері елге белгілі Қадырғали Көбентай, Мақсұтқан Жиһанбаев, Ершат Қайырхан секілді өнерпаздар — сол өңірдің тумасы. Фестиваль жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Алла сәтін салса, бұл шараны алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғастыратын боламыз. Бірақ формасы өзгеруі мүмкін. Бәлкім, келесі жылы байқау түрінде өткізерміз. Мұндағы мақсатымыз – жас таланттарды қолдау.
Баян Нұрмышева, әнші:
– Ең әуелі Шығыс өңірінің басшылығына және Облыстық мәдениет басқармасына алғысымды айтқым келеді. Неге десеңіз, олар үлкен жұмысты, үлкен жауапкершілікті мойындарына алды. Шыны керек, біз өңір-өңірдегі гитарамен ән айтатын әншілерді танымаймыз. Бүгін, міне, бір-бірімізбен, бір-біріміздің шығармашылығымызбен танысып, пікір алысып, мәре-сәре болып жатырмыз. Жақсы бір үрдіс басталды деп түсінемін. Бұл шараның біз үшін бұған дейін өткен республикалық деңгейдегі басқа концерттерден ерекше қымбат, ыстық болып қала берері анық.