«Жаужүрек» жүректерден орын алды
«Менің халқым жабайы емес. Кезінде Еуропа әлі жалаңаш, шикі ет жеп жүргенде менің даламда Ұлы Тұран империясы дәуірлеп тұрған». Тек өз халқын шын жүрегімен сүйіп, сүйемдей жер үшін сүйегін қиюға әзір нағыз оғлан ғана осындай сөзді үстем таптың, үстем ұлттың алдында қасқая қарап, тіксінбей айта алады. Мына сөз де Алаштың намысын алып күшімен ғана емес, ақыл-ойымен, өр рухымен, от тілімен де қорғаған батыр Балуан Шолақтың аузынан шыққан.
Сәуірдің 8-і, 9-ы, 11-і күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» атты драмасының тұсауы кесілді. Қазақтың мінезі секілді дарқан да кең-байтақ даласына әлдеқайдан жат жұрт келіп қоныстанып, еркін де көсіле жатқан Алашты тықсыра бастаған тұста, халқын қысымнан қорғау үшін тәуекелге бел буып күреске шыққан күрескер тұлға, әнші, сазгер, сал-сері Нұрмағамбет Баймырзаұлының өміріне, өрлігіне құрылған бұл туынды зал толы аншлагпен қарсы алынды.
Екі емес, тіпті үш құрамда сахналанған қойылымның қоюшы-режиссері – театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев, қоюшы-суретшісі – ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі қылқалам шебері Есенгелді Тұяқов, композиторы – Ермек Елгезеков. Алғашқы күні Балуан Шолақты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләл сомдаса, келесі күні белгілі театр және кино актері, жұртшылыққа әсіресе «Ағайындылардағы» үлкен ағасы Шыңғыс рөлі арқылы жақсы таныс Берік Айтжанов, ал үшінші күні жас актер Еркебұлан Дайыров ойнады.
Есмұхан ОБАЕВ, қоюшы-режиссері:
– «Жаужүрек» қойылымы – театрымыздың көктемгі маусымын ашып отырған премьерасы. Қойылымды әзірлеу үшін төрт ай көлемінде жұмыс істелді. Пъеса негізінен осыдан екі жыл бұрын драматургтер байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романының желісінде жасалған бұл туынды – кинодраматургияға жақын дүние. Соның біз сахналық нұсқасын жасадық. Көріп отырсыз, сарайлар, далалар, яғни декорациясы өте бай қойылымның сахнасын безендіру жұмысы оңайға соққан жоқ, сондықтан біз бұл істі театрымызда көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан үлкен суретші, монументалист Есенгелді Тұяқовқа сеніп тапсырдық. Бүгінгі заман көрерменінің талғамын тап басуға тырысып, музыкалық драма етуді ұйғардық. Серінің өз әндері ғана емес, Ақанның, Біржанның әндері айтылады. Сүйемелдеуге сол заманның қобалжуын, үдерістер мен үрейін өн бойына үйлестіре білген, тартысқа толы Ермек Елгезековтің музыкасын алдық. Міне, осы жағынан келгенде, драматургтің жоғары деңгейдегі туындысы режиссер, композитор, суретші тұрғысынан жақсы толықтырылды деуге болады.
Cмағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Біздің халықтың ұлт-азаттық күресі, Тәуелсіздікке деген ұмтылысы, сол жолдағы қасіреті – тарихтың осы шындық беті соңғы 20 жыл ішінде ашылып жатыр. «Балуан Шолақ» тек қана батыр, тек қана қара күштің иесі – балуан емес, ақын, сері, әнші, бір сөзбен айтқанда, дала көкжалдарының бірі ғой. Сол тұлға кезінде Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романында көрінсе, біз бүгін соның сахнада қайта туған сәтіне куә болып отырмыз. Халқымыз бастан кешкен бұғаулы замандағы шідерлеулі даланың тулағанындай, Балуан Шолақ бейнесі арқылы ұлы даланың рухы көрінді. Қазіргі заманымыздың мықты драматургі Дулат Исабековтің өз кейіпкерлері аузына салған сөзі бір жерде де қате кеткен жоқ. Нысанаға дөп тиген оқ сияқты болды. Спектакльді қойған Е.Обаевқа да, ойнаған актерлерге де аса разы болдым, әсіресе басты кейіпкер Балуан Шолақты ойнаған Берік Айтжанов пен тұтқынға түскен орыс қызы Татьяна рөліндегі жас актриса Салтанат Бақаеваның ойыны мейлінше шынайы шығып, көрерменнің көзінде жас айналып отырды.
Тәуелсіздігіміздің биылғы 20 жылдығына арнайы қойылған спектакльдің өне бойы – толған тартыс. Және бір үлгі етерлігі – қойылым басындағы Балуан Шолақтың ру-руға бөлініп, өзара сөз қағытып жатқан ауылдастарына бір-ақ ауыз «мен сонау француз жерінде керей не уақ болып, сол бір рудың намысы үшін күрескен жоқпын, мен қазақ болып күрестім, қазақ болып жеңдім» деген сөзімен тойтарыс беруі. Сондай-ақ 500 сом, мың қара, қосымша тағы алтыны бар, жеңіп алған жүлдесін түгел елдің кедей-кепшік, жетім-жесіріне бөліп берген палуанның жомарттығы бүгінгі бай-бағландарға ғана емес, әрбір азаматқа үлгі болса игі.
Керек дерек
Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Баймырзаұлы Көкшетау облысы Еңбекші ауданында 1864 жылы дүниеге келген.
Жауырыны жерге тимеген балуанның есімін халық осы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты Балуан Шолақ деп атаған.
Шыққан тегі — Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде өткен.
Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830 келідей) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырған. 1899 жылы орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді.