Жат жұрттың табағына қашанғы телміреміз?
Қазақтың ыдыс-аяғы бүгінде төрден ығыстырылып, босағада қалды. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Үйде болсын, дәмханада болсын алдыңызға келген асыңызды салатын ыдыс-аяққа бір мезет көңіл аударып көріңізші. Тәрелкеңіз – Ресейдікі, кесеңіз – Бельгияныкі, «тамақ тасымалдаушы» қасығыңыз – Қытайдікі, самаурыныңыз – тағы да Ресейдікі. Кезінде тайқазан жасаған аталарымыздың бүгінгі ұрпағы қасық та шығара алмай отырғанына қарның ашады осындайда.
Алтынмен апталып, күміспен күптелген небір ыдыс-аяқтар дастарқанымыздың төрінен орын алғаны рас. Құдалық күтуге арналған топтама ыдыс бағасының тіпті миллион теңгеден асып-жығылатыны бар. Көздің жауын алардай жалт-жұлт еткен сол ыдыс-аяқтардың төркіні Қазақстан емес. Теңіз асып, тау асып, шетелден келеді. Жапонның, қала берді неміс пен бельгиялықтардың ыдыстары бүгінде төрден орын бермейтін болған. Ұятты қонағына қашанда әсем ыдыспен ас ұсынуды ұнататын ұлтымыз үшін, әрине, жарқыраған дүние керек. Ал ұлттық жарқырауық ыдыс, табақтар өзімізде өндірілмейтіні белгілі. Сол себептен де өзгеге өңешімізді созуға мәжбүрміз. Жат жұрттың табағына телміруліміз. Ұлттық ыдыс-аяқтарымыз қайда кеткен деп Асан қайғының зарын қағуға да болмас. Бүгінде ағаштан ойып жасалған астаулар сәнге ене бастады. Қымыз ішетін ағаш аяқтар, ағаш қасықтар да сатылымға шықты. Бірақ олардың басым бөлігі көрмеге қоюға арналған. Ал бірді-екілі сатып алуға ниет еткендер болса, бағасы удай қымбат. Бір астауыңыз кемі 15 мың теңгеден басталып, 75 мың теңгеге бір-ақ жетеді. Мұны тұтынушылар да растайды.
Айнұр ҚҰЛЫШБЕКОВА, Тараз қаласының тұрғыны, мұғалім:
– Үйге құдаларым келетін болып, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды іздеп шықтым. Мен іздеген дүние орталық базарда болды. Бірақ өте қымбат бағада тұрды. Мысалы, тамақ араластыратын ағаш қасықтың құны – 1800 теңге. Сол себепті оған қаржым жетпегендіктен, қажетті ыдыстарды үйдің жанындағы супермаркеттен сатып алдым.
Өздеріңіз байқағандай, мұндай бағаға ыдыс сатып алатындай елдің бәрі шылқыған бай емес. Демек, қолдан жасалған, эксклюзивті ыдыстар тек қалтасы қалыңдарға ғана арналатындай... Қолөнер шеберлерінің ұлттық ыдыс-аяқтарына қызығушылар саны артуда. Расында, бүгінде қонағы үзілмейтін, тойханасы көп оңтүстік өңіріндегі тойларда астаумен ет тарту «модаға» айналды. Қазақы етке арналған үлкен астауларыңыз расында әсем-ақ. Ағаштан ойып жасалған, ою-өрнегі көзді арбайтын мұндай астауларды жасайтын шеберлер аз, расында. «Ағашы көп ел ойып жасайды, ағашы жоқ ел жонып жасайды» дегендей, оның үстіне бұл астауға жарайтын ағаш та табыла бермейді. Егер осы салада бәсекелестік болса, әрине, баға да түсер еді...
Тасқа басылған тарихымыздан білетініміз, қазақтың күнбе-күн қолданатын ыдыс-аяқтары – ағаштан жасалған тостағандар, табақтар, астаулар, ожаулар, қасықтар, жез құмғандар, теріден жасалған торсықтар болған. Ағаштан жасалғандары күні бүгінге дейін қолданыстан шықпағанымен, жезден, теріден жасалғандары жеткен жоқ. Болған күннің өзінде де олар мұражайлардың төрінде тұр. Мәселен, қымызға арналған теріден тігілген саба мен мес бүгінде қымыз бизнесімен айналысатын ауылдарда арагідік болса да бар. Осы сабаның да түр-түрге бөлінетінін көпшілік біле бермейді. Мысалы, «бес биенің сабасы», «тай жүзген» деген екі түрі болған. Сүйретпе аттысын қымыз ашыту үшін ақ түйенің мойын терісінен тіккен. Қонақ күтудің мәнісін білетін қазекем құрметті мейманына қымызды мес пен сүйретпеден құюды аса үлкен айып көрген. Сондықтан да тек сабадан ғана құйып берген. Бүгінде кәдесый ретінде жасалып жүрген торсықтардың неше түрі бар. Оны эксклюзивті ұлттық қолөнердің қайталанбас үлгісі деуге де болады. Мұндай ыдысты өзге халықтардың ұлттық ыдыс-аяқ коллекциясынан таба алмайсыз. Тек бізде ғана бар. Саба аяқ, піспек, астау, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі, ағаш шелек, келі, келсап дегендерің бүгінде тарих парақтарында ғана бар. Ата-бабаларымыздың күміс ыдыс аяқтарды да қолдан жасағаны белгілі. Күмістің адам ағзасына пайдасы зор екенін білген халқымыз күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер таққан. Оның бәрін, әрине, Ресейден алдырып отырған. Ең алғашқы күміс ыдыстар сервизі 1711жылы І Петрдің жарлығымен арнайы Қару-жарақ палатасында жасалған екен. Жәңгір хан өмірден озғаннан кейін Орынбор генерал-губернаторы арнайы адамдар жіберіп хан үйінің тұтынған заттарын тізімге алған. Олардың көбісі күміс ыдыс-аяқтар болған. І Петр патшаның тұсында фаянс ыдыстарын шығаратын императорлық зауыт құрылады. Осылайша, ыдыс-аяқ дәуірі басталады. Атағы алысқа кеткен Гарднер-Кузнецов зауыты 250 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда 1766 жылы фарфор шығаратын орыстың тұңғыш жеке кәсіпорны құрылған. Қазақстанда фарфор, фаянс ыдыстарын Ақмола облысындағы «Целфар» АҚ фарфор зауыты мен Қапшағай фарфор зауыты шығарады. Бұл зауыттарда шығыстық үлгідегі шыны-аяқтар, табақтар, құмандар, кеселер, кофе сервиздері шығарылады. Орал қаласында өткен ғасырдың 70-жылдары қыштан ыдыс жасап шығаратын кәсіпорын жұмыс істеген. Бүгінгі күні пластмассадан жасалған табақтар шығаратын «Пластик» зауыты жұмыс істейді. Өзге аймақтарда да ыдыс-аяқ әлеміне үлес қосып отырған шағын-шағын ғана цехтар бар. Алайда олардың өнімі шетелдік тасқынның астында қалып отыр.
Ал шайды баптап қайнататын самаурын шіркін де Ресейдің Тула қаласынан әкелінеді. Бүгінде ең арзаны 10 мыңнан басталатын самаурыныңыз да оңайлықпен қолға түспейтін болған. Тек самаурын шығаратын ресейлік «Штамп» зауыты жыл сайын 1,5 миллионнан астам өнімін экспорттайды екен. Демек, қаншама қаржы өзгенің қалтасын қомпайтуда деген сөз... Импорттық өнім өкшелеп тұрған шақта бұл салаға тыңнан түрен салатын адам табылмайды-ау... Тек астау жасайтын қолөнер шеберлері болмаса. Әлде оған да шүкір дейміз бе?..
Ізәлі НАУРЫЗБАЕВ, «Мұра» ұлттық өнер салонының директоры:
– Бүгінде, расында, қолдан жасалған ұлттық ыдыс-аяқтарға сұраныс артып келеді. Оның ішінде әсіресе ағаштан ойып жасалған астауларға тапсырыс беретіндер көп. Бағасы қымбат болғанымен, алушылар да баршылық. Астаудың ою-өрнек салынғаны да, лакталғаны да бар. Аларман өзінің талғамына сай келгенін сатып алады. Тапсырысты көбейтіп отырғандар – әсіресе ұлттық нақышта безендірілген мейрамхана, дәмханалар. Тойхана иелері де бүгінде көптеп сатып алуда. Осылайша, қолөнер шеберлерінің жұмысы көбейіп отырғаны қуантады. Қандастарымыздың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығының арқасында бабадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық ұстынымыз ұмытылмайды деп ойлаймын.