«Жастар бірлігі» апталығы басталды
Бүгін Астана қаласында «Жастар бірлігі апталығы» атты қалалық фестиваль басталады. Осымен 12-рет өткізіліп отырған фестиваль аясында жоғары және арнайы оқу орындарында білім алатын студент жастардың арасында барлығы 17 іс-шара өткізіледі.
Өткізілетін шаралардың арасында En Counter эсктрим-ойыны, ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат ететін «Патриот» акциясы, қарттар үйі мен коррекциялық мектепте өтетін «Қамқорлық» акциясы, қазақ және орыс тілдерінде өтетін КВН ойындары, «Екі жұлдыз» шоу бағдарламасы, «Жастар – ел болашағы» поэзиялық кеші және қан тапсыру шарасы бар. Қан тапсыру акциясы барысында қалалық қан орталығымен жасалған келісімге сәйкес, арнайы көлік үш күн қатарынан апталыққа қатысушы барлық ЖОО-лар мен арнайы оқу мекемелерін аралап шығады. Бұған дейінгі акцияларда мұқтаж жандарға көмектесуге 1 мыңға жуық жас ниет білдірген болатын.
Биыл жастар апталығына жоғары және арнайы білім беретін барлығы 20 оқу мекемесі қатысады. Жалынды жастардың шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық талаптарын айқындап, қолдау білдіруді көздейтін фестиваль барысында ұйымдастырылатын іс-шаралардың бағыты әртүрлі. Сондықтан әрбір жас өзінің қабілетін көрсетуіне мүмкіндігі бар. Бір жетіге созылатын додаға барлығы 8 мыңнан астам жас қатысады деп күтілуде.
Бұл шара 1997 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Дәстүрге айналған бұл күн кейін (10 қараша) Астана қаласы жастарының күні болып бекітілді. Фестивальдің қорытындысы 17 қараша – Студенттердің бүкіл дүниежүзілік күні шығарылады.