Алматыдағы «Республика сарайында» «Жас қанат-2023» жас орындаушылар байқауы аяқталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Финалда сайыскерлер белгілі композитор, дирижер және өңдеуші Илья Башқатовтың жетекшілігімен тамаша кәсіби Live бэндының сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Бұл – «Жас қанат» байқауының жаңалығы.
Екі жарыс күніндегі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған 8 қатысушы финалға шықты. Айта кету керек, бұл конкурсанттар бірінші жарыс күнінен-ақ өздерін танытқан еді. Финалда қазылар алқасының арасында келіспеушіліктер болған жоқ – барлығы бірауыздан кімге қандай орын беру керектігіне келісті.
Сонымен қатар, қазылар алқасының бірауыздан шешімімен байқауда алғаш рет бекітілген Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев атындағы Гран-при атыраулық Ерназар Жұбанға берілді. «Алтын қанат» (1-орын) ақтөбелік Нарғыз Жанұзақоваға, «Күміс қанат» (2-орын) алматылық Беназир Әлімходжаева, «Қола қанат» (3-орын) алматылық Алмагүл Батталиеваға бұйырды.
Қалған төрт финалист байқаудың дипломанты атанды. Олар – оралдық Аружан Бисембай, петропавлдық Нариман Жолдасбеков, павлодарлық Мәдина Қабдолла және шымкенттік Нұрасыл Сатыбалды.