"Жас қанат-2015" республикалық байқауының бас жүлдесі көкшетаулыққа бұйырды
Елордада өткен XXIV жас орындаушылардың Республикалық «Жас қанат» байқауы өз мәресіне жетті.
Беделді музыкалық сайыс Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы өтті. Биылғы «Жас қанатта» үздік атану үшін 10 қаладан келген 15 орындаушы сайысқа түсіп, бақтарын сынады. Айта кету керек, сахнада Екібастұз, Байқоңыр және Степногорск қалаларының өкілдері алғаш рет өнер көрсетті.
«Жас қанат-2015» байқауының бас жүлдесін қөкшетаулық Ринат Теміржан жеңіске жетті. Ол бас жүлдемен қатар елорда әкімінің ақшалай сыйлығын да қанжығаға басты. Ал доданың күміс және қола қанаттарын қарағандылық Лаура Айтбаева мен елордалық Сұлтан Ахмет иеленді. Биыл 15 қатысушының ішінен ақтық сынға тек 6-ауы ғана жеткен. Олар - астаналық Еркебұлан Тұрмахамбетов пен Сұлтан Ахмет, қарағандылық Лаура Айтбаева, Екібастұз қаласының намысын қорғаған Айбар Ашкеев, Степногор қаласының өнерпазы Владимир Новиков, сондай-ақ жеңімпаз атанған көкшетаулық Ринат Теміржан.
Айта кетейік, байқаудың ұйымдастырушылары – «Хабар» агенттігі, Астана қаласының әкімдігі және «Азия дауысының» дирекциясы.