«Жарқыра, жайна, Астана!» атты мүшәйра мәреге жетті
Астана қаласының 15 жылдық мерекесі құрметіне орай, елорда әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы жариялаған республикалық жыр бәйгесіне еліміздің әр өңірінен, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздан 70-ке тарта шығарма келіп түсті.
Астанада осымен үшінші мәрте өтіп отырған бұл мүшәйраға өлең өнерінің небір өрелі жүйріктері қатысты. Бәйгенің басты мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның азат Астанасын жан-жақты жарқырата жырлау болғандықтан, көптеген ақынымыздың бәйгеге үкілеп қосқан жырларының көркемдік кестесі құлпырып тұрғанымен, мүшәйра қойған тақырыптық талаптың биігінен көріне алмады. Әйгілі ақындарымыздың осынау мерекелік шараға қатысқанына рақмет айта отырып, алдағы жыр жарыстарында жұлдыздары жарқырауына тілектестік білдіреміз.
Алаш сыйлығының иегері, ақтаңгер ақынымыз Серік Ақсұңқарұлы төрағалық еткен, белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы бәйгеге түскен шығармалардың барлығын талғам таразысынан өткізді. Соның ішіндегі ең бір сүбелісі Серік Тұрғынбековтің «Астана – Дастан» атты өлеңдер циклі болды. Бұдан бұрын да талай мүшәйралардың жүлдесін қанжығасына байлаған Серік ақын бұл жолы тіпті көсіле түсіпті. Көркіне әлем жұрты тамсанып отырған елордамыздың болмыс-бітімін жыр тілімен әдемі айшықтапты:
«Жиегі жасыл құрақ, жас қарағай,
Әлемде қала бар ма Астанадай.
Жүргінші көшедегі біз түгілі,
Қарайды тебіреніп тастағы Абай»,
– деп тұғырда тұрған тұлғалардың өзіне жан бітіргендей әсер қалдырады.
Екінші бір жан сүйсінткен шығармалар арынды ақын Бауыржан Жақыптың «Астанамен сырласу» өлеңдер топтамасы мен бізге бейтаныс автор, таяуда Қарақалпақстаннан көшіп келген қандасымыз Махсет Алсейтовтың «Астана жырлары» болды. Қазақ жырының тарланбозы, ардагер ақынымыз Кәкімбек Салықов та мүшәйра күткен биіктен көріне білді. Ақын ағамыз Астана тойына арнап тұтас бір кітап жазып бітіріпті. Сол еңбегінен бәйгеге таңдап ұсынған бір топ өлеңі Астана ажарын жарқырата ашқандығымен көңілден шықты. Сондай-ақ талантты ақын қызымыз Сәуле Досжанова да Астана тақырыбын әдемі игере біліпті.
Сонымен, қазылар алқасы ақылдаса келе, бас бәйгені (жеңіл автокөлік) Серік Тұрғынбековтың «Астана – Дастан» өлеңдер топтамасына беруді жөн көрді.
Бірінші орынды «Астанамен сырласу» өлеңдерімен оза шапқан Бауыржан Жақып қанжығасына байлады.
Екі екінші жүлдені «Мерейтойың құтты болсын, Астана!» және «Астана суреттері» өлеңдер топтамалары үшін Кәкімбек Салықов пен Сәуле Досжанова еншіледі.
Үшінші үш сыйлыққа Махсет Алсейтов, Жанат Әскербекқызы, Ерлан Жүніс лайық деп табылды.
Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтарын Толыбай Абылаев, Мағиза Құнапияқызы, Ауыт Мұқибек, Роза Сейілхан, Қайрат Сабырбай иеленді.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 2013 жылы 1 шілде күні Астана қаласы Конгресс-Холл сарайында өтеді.
С.САБЫРБЕКОВ, қазылар алқасының жауапты хатшысы