Жақсы сөз – жарым ырыс

Халқымыз «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге  айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. 
Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата екі түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты.  Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы,  жарапазан батасы ас қайыру батасы сияқты түрлері көп.  Бата үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, сияқты көптеген зерттеушілер назар аударып, жинастырды.
Біз оқырман назарына ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып жариялай бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ұсынысыңыз  немесе ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген  батаңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға talgat_74@mail.ru хат жолдаңыз!

Жас балаға бата
Асан Қайғы бабадай саналы бол,
Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол.
Керейде Дәстем салдай бағалы бол,
Атақты Келден бидей саналы бол.
Ер Дәулендей халқыңның батыры бол,
Махамбеттей жұртыңның ақыны бол.
Дау-жанжал болдырмасқа ат салысқан
Қараменде шешендей мақұлды бол.
Маралдай көпке тисін шарапатың,
Шөңкедей арта берсін салтанатың.
Жетім-жесір жарлыға пана болған,
Жоландай елге тисін шапағатың.
Тобықты Әнет бидей баталы бол,
Кіші жүз Әйтекедей аталы бол.
Бекердей қамқа киген оқалатып,
Еменәлі Жабадай опалы бол.
Балтада Итікедей қарулы бол,
Қанжығалы Жантайдай азулы бол,
Кіші арғын Жәнібектей ер атанып,
Өлеңде, дастанда да жазулы бол.
Қазыбектей халқыңның данасы бол,
Қарабастай жұртыңның баласы бол.
Елің қорғап, дұшпанға соққы берген,
Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол.
Қазақта әз Тәукедей тақытты бол,
Керейде Есенейдей бақытты бол.
Топ болсақ қобыз тартып, өлең айтып,
Ән шырқап Салқарадай шабытты бол.
Үш жүздің Абылайдай тілегі бол,
Марабайдай ақыны – жүрегі бол,
Төре, биге тізгінін бермей өткен,
Найманда Барлыбайдай салмақты бол.
Сүйіндік Олжабайдай келбетті бол,
Тәттіқара жыраудай зейнетті бол,
Сыбан Шондай елінің сен ұйшысы,
Тәттімбеттей халқыңның күйшісі бол.
Белгібай, Күлекейдей білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Халқының қамын жеген ертелі-кеш,
Қарауыл Қанай бидей тілекті бол.
Тоқсан бидей көп жаса жүзге келші,
Зілқарадай мал-басың өсіп-өніп,
Кетпес байлық, таусылмас қаржылы етер,
Түсіңде көнек берсін қыдыр келіп.
Жыраудың Бұқар сынды өрені бол.
Алды-артын ойлап келіп, пішетұғын
Адамның Қарабидей зерегі бол.
Көшебеде Тәбейдей беделді бол,
Сүйіндікте Көшетай өнерлі бол.
Кіші Арғында Жанақтай жауырынды,
Үмбетедей жырға бай, кемелді бол.
Нашандай қан-майданда айбатты бол,
Ер Асхаттай шайқаста қайратты бол.
Қабанбайдай жігіттің берені бол,
Сардардың Ер Тарғындай Ерені бол.
Ер Сары мен Баяндай әулетті бол,
Едіге би бабаңдай сәулетті бол.
Ғаскері ат, түйемен жабдықталған,
Керейде Тұрыпбердідей дәулетті бол.
Орынбайдай еліңнің шешені бол,
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол.
Көшебе Майлы бидей тым көреген,
Даулы істе сөзге ұста, көшелі бол.
Кіші Арғын Шоқай бидей алымды бол,
Атығай Шал ақындай шалымды бол.
Шектіде Арыстандай биязы бол,
Таузарда Жанкісідей дарынды бол.
Құрсары Әлдибектей шешімді бол,
Ашамайлы Тілешідей кесімді бол.
Құйса толмай, толғанда аспайтұғын,
Жаңбыршы Малдыбайдай есімді бол.
Көрсеткен бұқараға үлгілі жол,
Толыбай сыншыдайын жолбасшы бол.
Жауларға қарсы шығып, бастайтын қол,
Керейде Ақпанбеттей қолбасшы бол.
Ұлы жүз Төлебидей айлалы бол,
Кіші Арғын Бөгенбайдай пайдалы бол.
Қиын, қыстау кезеңде қоршау бұзған,
Тарақты Байқозыдай айбарлы бол.
Керейде Тұрлыбектей табанды бол,
Шәукерде Байдалыдай амалды бол.
Қиналғанда ерлерге қайрат берген,
Малайсары батырдай жайдарлы бол.
Төле би бабаңдай зейнетті бол,
Тамада ер Есеттей келбетті бол.
Бикеде Манақадай аяулы бол,
Мәуелі бәйтеректей саялы бол.
Тіліне ғазәзілдің ермейтін бол,
Дұшпанға тізгініңді бермейтін бол.
Өнерге өсе келе құштарланып,
Қияға құлашыңды сермейтін бол.

                                                    Әумин

Жолаушыға бата
Иә, құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың періштелер болсын.
Жер жүзіндегі қатерден
Жаппар Иеме тапсырдым!
Судан келер қатерден,
Сапардағы қатерден       
Жаратушы жан Ием,
Сақтай гөр  - деп тапсырдым!
Бір Аллаһ Өзіңе тапсырдым!       
Қайырлы дәулет берсін
Халыққа татулы өмір берсін!
Өткенге иман берсін
Тіріге – береке берсін
Жастарға ғұмыр берсін
Халқымызға бірлік берсін!

Әумин, Аллаһ әкбар!

Көшке берілген бата
Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын,
Ауру-сырқаудан аман болыңдар.
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!

                                                       Әумин

Дастархан иесіні бата
Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Көре алмаған дұшпанның,
Жуа бітсін жолына.
Бақытың жетсін төтелеп,
Дүние малды жетелеп,
Аузыма түскен батаның,
 Жатырмын бәрін түгендеп!
Көтердік міне білекті,
Ақтардым түгел тілекті,
Мынау тұрған балаңыз,
Батыр болсын жүректі.

                                        Әумин

Бауыржан Момышұлының батасы:
Иллаһи құдая,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта,
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Татымсыз қызыңнан сақта,
Ұятсыз ұлыңнан сақта,
Қайырымсыз жекжаттан сақта,
Жалқау бала, тек жат тексізден сақта,
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз шаңнан сақта!
Жастарында әдеп жоқ,
Өлгеніне батуа жоқ,
Құр айғай, шат-шәлекей даңнан сақта!

                                                              Әумин

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста