ЗАҢҒАР
Салық Зиманов – қазақ қоғамында ерекше қадірлі, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлы ғұлама, ірі қайраткердің көзін көрген, ықыласына бөленген, қазір де асылдың көзіндей, солардың ізбасары іспеттес тұлға. Ол – еліміздегі заң ғылымының атасы болумен бірге, халқының ар-намысын биік ұстаған азамат. Тіпті жасының егде тартқанына қарамастан, соңғы он жылда тарихы мыңдаған жылға тереңдеп кететін әдет-ғұрып заңдарын түбегейлі зерттеп, өзіне серік әріптестерін басқарып, «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық теңдесі жоқ еңбекті жарыққа шығаруы – Салық Зимановтың ұлы ерліктерінің бірі әрі бірегейі.
Мен «Қазақ зиялылары туралы антология» топтамасынан «Заңғар» атты бейнефильмді түсірген кезде осы аяулы ағаның мінез-құлқы, жан дүниесі, ой-арманы, тіршілік салтымен жақын таныстым. Бұл адам туралы фильм түсіруді өз жүрегімнің қалауымен таңдаған едім. Қателеспеппін. Ол кісімен әр жолыққан сайын бойға бір нұрлы сезім құйылғандай, адалдықтың, ашықтықтың, тереңдіктің үлгісін көргендей күй кештім. Сол аға, міне, Тайбурылдың шабысындай толассыз екпінмен, тындырымды еңбекпен 90 жасқа жетіпті. Неткен қуат, неткен шабытты өмір!
Осыдан алты жыл бұрын жарық көрген «Заңғар» бейнефильмі көптеген телеарнадан сан мәрте көрсетілді. Бірақ мәтіні баспасөзде жарияланбаған еді. С.Зиманов туралы алғашқы фильм болғандықтан, оқушы жұртқа толық сценарийін ұсынып отырмын.
Көгілдір аспан. Тұңғиық көкте ақша бұлттар қалықтайды. Домбырадан жүрек қылын шертетін сазды, ойлы әуен төгіледі. Алатаудың қарлы шыңдары, жасыл алқап... буырқанған тау өзені... Өзен жағасында баяу аяңдап ақ шашты, қағылез келген адам жан-жағын жіті шолып келе жатыр. Бұл – академик Салық Зиманов. Өмір толқыны тәрізді тасыған су. Ол бір дөңнің басына шығады. Төмен түсіп, қой тасқа келіп отырады. Ойлы, алысқа көз тігеді. Ендігі бір сәтте Ғылым академиясының жанындағы гүлзарды, су бұрқақты аралап жүр. С.Оразалы екеуі әңгімелесіп тұр. С.Зиманов көрінген сәттен бастап музыка баяулап, С.Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– Жасының егде тартқанына қарамастан, ширақ қимылды, ойлы, сымбатты осы адамды қазақ халқы ардақ тұтып, зиялы қауым оның әрбір сөзіне, әрбір ғылыми еңбегіне зор құрметпен көңіл аударып келеді. Өйткені оның өмірі ерлікке, парасаттылыққа, ғылымдағы жанқиярлық еңбекке толы. Ол – өзінің жарқын іс, жалынды сөздерімен, ғылыми жаңалық, тың идеяларымен жұрттың жүрегін жаулап алып, нағыз ұстазға тән болмысымен маңайына нұр шашып тұратын адам. Иә, бұл – әйгілі ғалым Салық Зиманов.
Ғылым академиясының алды. Шоқан ескерткішінің түбіндегі орындықта отырған жүргізуші. Шырша ағаштары, су бұрқақтары жүргізушінің фонында көрінеді. С.Оразалы артында көрініп тұрған ғимаратты нұсқай отырып сөйлейді:
– Сәкеңнің жарты ғасырға жуық өмірі осынау ғимараттың ішінде, ғылым мен білімнің алтын ордасында өтті. Бұл – Қазақстан ғылымының небір ұлы тұлғалары еңбек еткен қасиетті шаңырақ. Шәкірт болып кіріп, өзінің ұлы дарынының арқасында заң, құқықтану ғылымдарының негізін салушы, еліміздегі қоғамдық ғылымдардың абызы дәрежесіне көтерілген Салық Зиманұлы туралы айтудың қиындығын ерекше сезіндім. Сондықтан да осы фильмді түсіру барысында жаныма етене жақын болып кеткен Сәкең туралы оның тұстастары мен ғалым інілерінен көбірек тыңдауға тырыстым...
С.Сартаевтың таудағы дачасы. Жапырақ-желегі төгілген алып ағаштың түбіндегі орындықта отырған академик С.Сартаев:
– Әрбір халықтың белгілі еңбекқор адамдары, ғалымдары бар. Олардың ішінде белгілі тұлғалары бар. Елдің атын шығаратын, жердің атын шығаратын – солар. Салық Зиманұлы – еліміздегі ұлы тұлғалардың бірі. Осындай тұлғалар елдің атын, жердің атын бүкіл дүниеге таныстырады деп ойлаймын.
Алматыдағы бұрынғы Жоғарғы Кеңес ғимаратының алды. Әсем көрініс фонында тұрған академик
Ғ.Сапарғалиев:
– 50 жыл бойы Салық Зиманұлы қазақтың дәстүрлі құқығының 1500-2000 жылдық тарихын зерттеп, қазірдің өзінде қазақ халқының дәстүрлі құқығы туралы үш томдық кітап шығарды.
Академик С.Сатыбалдин кабинетінде:
– Мен Салық Зиманұлын өте үлкен тұлға ретінде бағалаймын. Өз басым оны мына Алатаудың шыңдары тәрізді үлкен азамат ретінде көрем. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан көрінсе екен деп халқының мұңын мұңдап, жырын жырлап, елге сәулесін төгіп тұрған шамшырақ ретінде көрем.
Философия ғылымының докторы Ә.Қалмырзаев:
– Салық Зиманұлының Қазақстандағы рөлі, қазір заңгер ғалым ретінде ғана емес, ол шеңберден шығып кеткен тұлға ретінде есептеледі. Салық Зиманұлының Мемлекеттік Тәуелсіздік декларациясын қабылдауға, Тәуелсіздік туралы заңды қабылдауға қосқан
үлесін бүкіл халқымыз біледі.
Жазушы С.Оразалы Шоқан ескерткішінің түбіндегі орындықта отыр:
– Кез келген дария өзінің бастау көзін шағын бұлақтан немесе сызашықтан алатыны сияқты, Салық Зиманұлының өмір-өзені де балалық шақтан, жастық дәуреннен басталады.
Кинохроникадан 30-жылдардағы ауыл өмірі көрінеді. Құм басқан дала. Жалаңаяқ жүгіріп келе жатқан бала құмтөбенің басына қарай өрлейді. Қала маңына үймелеген аш-арық адамдар. Жайық өзенінің толқыны. Қазіргі Атырау қаласы... Салықтың бала кездегі суреті көрсетіледі. Екінші экспозицияда оның әке-шешесінің суреті. Атырау теңізінің толқыны. Сазды, жүрек шымырлатар мұңды музыка. С.Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– Дүние есігін Тайсойған құмының арасында ашқанымен, оның балалық шағы Жайықтың жағасындағы бұрынғы Гурьев қаласында өтеді. Мектепті де сонда бітіреді. Әкесінің аздап оқығаны бар, көзі ашық адам болуы тұтас бір әулеттің ашаршылықтан аман қалуына себеп болыпты.
Алатаудың әсем қойнауы, С.Зиманов пен С.Оразалы әңгімелесіп отыр. Зиманов сөзінің мазмұнына қарай ашаршылық жылдарындағы деректі кадрлар көрсетіледі. Шаңырағы ортасына түсіп, керегесі ырсиған киіз үй. Оның жанында аштан өліп жатқан адамдар. Әр жерде шашылған балалардың мүрдесі. Қара қазан. Қақпағын көтергенде, ішінде ештеңе жоқ. Көш. Түйенің қомындағы көзіне шыбын үймелеген бала т.б.
С.Зиманов:
– Мен балалық, жастық шағымды қазірдің өзінде есіме көп алмаймын. Өйткені көңілім де, арманым да әлі алда. Сол балалық, жастық шағымда қызықты, көңілді бір сәт бар ма екен?! Шәкәрім айтқандай, балалық шақ, бал шағым деген менде болған емес.
Өзім Атырауда тусам да, бүкіл тұқымым, ата-бабам Қызылқоға деген жерден. Ол бір ауыр кезең еді. Көші-қон, сапырылысып жатқан халық. Қиын-қыстау заман. 30-жылдарды өзің білесің. Ашаршылық. Конфеске... Бүкіл қазақ босып кетті.
– Осының бәрі жас болсаңыз да есіңізде ме?
– Есімде. Біздің үйіміз бұрынғы Гурьев қаласындағы қой базарының қасында еді. «Қалада мұнай бар дейді, темір жол бар дейді, кәсіп бар дейді» деп ауыл-ауылдан ағылған, тіпті орта жүзден босып келген адамдар базардың айналасында толы болатын. Қайыр сұрап отырғандар қаншама! Кейбіреулері күннің ыстығында шыбын-шіркейге жем болып, жанталасып, аштықтан бұралып жататын.
– Ісіп кеткен адамдарды көрдіңіз бе?
– Көрдім. Бір күні кетіп бара жатқанда әкем бір ісіп, қарайып кеткен орта жастағы адамды көрді де:
– Балам, мынау – біздің ағайын, – деді. Соған көмек бере алмады. Біздің өзіміз бір сиырдың құйрығы мен бір түйенің желінінен ұстап әрең күн көріп отырғанбыз. Басқа түгіміз жоқ. Міне, менің балалық шағым. Сондықтан оны еске алғым келмейді. Менде балалық шақ болған жоқ.
Алатаудың бауырындағы арқыраған тау өзенінің жағасында ойлы жүзбен өткенін еске алып отырған ғалым көрінеді. Оның көздері – әрі мұңды, әрі терең ойға батқан. Музыка біраз ойнаған соң баяулап, С.Оразалының даусы естіледі:
– Бәлкім, Зиманов бойындағы шыдамдылық, төзімділік, ерлік мінез осы бір ауыртпалық жылдары қалыптасты ма екен? Оның бүкіл өмір жолына серік болған осы қасиеттері еді ғой.
Москва. Жеңістің 60 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы шеру. Музыка. Барабан үні. Ұлы жеңіске қатынасқан қарт жауынгерлер кеуделеріндегі ордендері жарқырап, жүк машиналарымен өтіп жатыр. Солардың ішінде С.Зиманов та бар. Оның суреті екінші экспозициямен тағы көрінеді. Төсінде жауынгерлік ордендері... Шеруге қатынасуға барған бір топ ардагердің ортасында Президент Н.Назарбаев та бар. Олардың арасынан С.Зиманов бөлініп шығып, журналиске интервью береді. Жүргізуші даусы:
– Жеңістің 60 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы шеруге 84 жасар қарт жауынгер Зиманов та қатысты. Бұл оның қан майдандағы ерліктеріне көрсетілген зор құрмет еді. Бұл оның қайсарлықпен жүріп өткен өмір белесіндегі тағы бір жеңісі, отқа оранған жастық шағының өтеуі болатын.
Ғылым академиясының алдындағы алаң. Шоқан ескерткішінің артындағы сұр шыршаның түбінде тұрған С.Оразалы әңгімені кадрда жалғастырады:
– Соғыстың бірінші сағатынан бастап соңғы күніне дейін өмір мен өлімнің ортасында жүрген балғын жігіттің сан түрлі ерлігінің ішінен замандастары екі оқиғаны бөліп айтады. Соның бірі: 1943 жылы Кавказдағы 3000 метрлік Аджимушкай асуындағы тау атқыштары дивизиясы жау қоршауында қалыпты. Көмек келгенше азық-түліктері әбден таусылып, әлсіреген жауынгерлердің кейбірі адам етімен қоректене бастайды. Аштықтан бұратылып орнынан тұра алмай жатқан 22 жасар Сәкеңе көмекшісі: «Жолдас командир, өлесіз ғой, сіз де жұрттың істегенін істесеңізші», – дейді. «Жоқ, өлсем де адам қалпымда кетейін», – деп шыдайды, ақыры жеңіп шығады.
Соғыс жылдарының көріністері. Белгісіз төбе үшін кескілескен ұрыс... Тау басындағы жау бекінісіне ұмтылған жауынгерлер көрінеді. Кинохроникадан іріктеп алынған осы көріністердің арасында жас жауынгер С.Зимановтың бейнесі жиі-жиі көрінеді. Оның көздері... Композитор Сыдық Мұхамеджановтың атақты ораториясының «Майданға» бөлімі ойналады. С.Оразалы бірде кадрда, бірде даусы кадрдан тыс естіледі:
– Екіншісі: Польша жеріндегі бір биік төбе үшін кескілескен ұрыс болады. Төбе немістердің қолында, берік бекінісі бар. Арт жағы самсаған жау. Төбеден оқ бұршақша жауып, төмендегі кеңес әскерін беттетпейді. Оқтың жойқындығы сонша, қылт еткенді қиып түсе береді. Сол кезде майор Зиманов жанына бір топ жанкешті сарбазын ертіп, оқ боранның арасымен ажал төбесіне аттанады. Тосыннан тап берген көзсіз ерлерден зәресі ұшқан жау бекіністі тастап тұра қашқанымен, олардың азғана адам екеніне көздері жеткен соң, естерін тез жинап, кері шабады. Кескілескен қолма-қол ұрыс басталады. Оларға қарсыласар дәрмен қалмаған сәтте майор Зиманов өзі басқаратын артиллеристерге «Бізді атқылаңдар» деп бұйрық береді. Қасындағыларға: «Өлмеудің қамын ойлаңдар», – дейді жанұшыра. Ақыры жау шегінеді. Күл мен қираған бекіністің арасынан шабуылға барған бірнеше адам ғана тірі қалыпты... Соның бірі – 22 жасар Салық Зиманов.
Алатаудың бөктері. С.Зиманов пен С.Оразалы әңгімелесіп отыр:
Сұрақ: Сіз уыздай жас едіңіз. Өздеріңізді атқылауға бұйрық бергенде өлемін-ау деп ойлаған жоқсыз ба? Сонда өмір қымбат болмағаны ма?
Жауап: Бұл енді өзімнің жеке қасиетім бе, әлде сол кездегі жастардың бойындағы қасиет пе, білмеймін. Отан үшін, ел үшін деп бел буып, керек болса, жанымызды пида еттік. Біз соған сендік. Бізді солай тәрбиеледі. Заманымыз сондай еді. Соғысқа барған кезде кіші сержант болып бастадым. Соғыс кезінде тез өстік. Аға лейтенант, капитан болдық. Қырық төртінші жылы дивизионды басқардым.
Сұрақ: Өздеріңізді өлімге байлап оқтың астында қалғанда қандай күйде болдыңыз?
Жауап: Соғыс күндері деген – өлім мен өмірдің арасындағы өмір. Әрине, еш адам өмірін қиғысы келмейді. Дегенмен сол заманда «Отан үшін, ел үшін» деген ұғым, ар мен намыс күш-жігер берді. Командир болғандықтан өзің туралы аз ойлап, қарамағыңдағы адамдар туралы көп ойлайсың.
С.Оразалы Ғылым академиясының алдындағы гүлзарды аралап келіп, бір шыршаның түбіне тоқтайды. С.Оразалы:
– Мұндай қадамға баруы, жас сарбаздың ержүректігімен қоса, өмірге келген ортасында бойына сіңген жауангерлік рухы еді. Жоғарғы майдан басшылығы гвардия майоры Салық Зиманов туралы «Жастығына қарамай, айрықша батыл, ұстамды, кескілескен шайқас үстінде міндетті өзіне артып, шұғыл шешім қабылдап, қауіпке төтеп береді» деген мінездеме беріпті. Осынау әділ баға Сәкеңнің өмір бойғы мінезіне де сай келеді. Ол қандай қиын-қыстау, тай-таласта болсын, отты өзіне шақырып, қайсарлықпен жеңіп келеді.
Алатау қойнауы. С.Оразалы екеуінің әңгімесі жалғасады. С.Зимановтың соғыс кезіндегі суреттері алма-кезек көрсетіледі.
С.Зиманов:
– Жеті жыл өмірім армияда өтті. Соғыстан соң Қазан қаласына барып, сырттай оқуға түстім. Бірінші курстың студенті атанған соң, Гурьевке қайтып келіп, Папанов дейтін прокурорға жолықтым. Ол кісі «стажер бол» деді. Ол жұмысты екі ай атқарған соң тергеуші, артынан аға тергеуші болдым. Сөйтіп жүргенде бір жыл уақыт өтті. Ол кезде Алматы дегенді естуіміз бар, бірақ көрмегенбіз. Сол қаладан инспекция жасап республиканың бас прокуроры Гурьевке келді. Ол кезде үйдің халі онша емес, мен әлі әскери формамен жүретінмін, әрине, погонды алып тастағанмын.
– Киетін басқа киім жоқ қой?
– Иә, қайдан болсын. Бас прокурор мені артиллерист деп әзілдеп, қасына ертіп жүрді. Екеуміз кейде Жайықтың жағасына барып, балық аулаймыз. Ол кісінің бір аяғы кеміс болатын, көмек керек. Содан кетерінде маған: «Шақырсам, Алматыға келесің бе? Мен сені аса маңызды істерді тергеу бөліміне тағайындаймын», – деді. «Барамын», – дедім. Сөйтіп 1948 жылы Алматыға келдім.
50-жылдардағы Алматы. Көше. Адамдар. Сол кездегі орталық көшені көмкерген гүлзарлар. Бибігүлдің «Алматым қандай тамаша» әні. С.Зимановтың 50-жылдардағы суреттері осы көріністердің фонында беріледі. С.Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– Әсем қала Алматы жас жігіттің бойындағы білімге құштарлықты ашып, ол бар болмысымен ғылым жолына ден қояды. Өзінің алғашқы махаббатын да осында кездестіреді. Жұбайы Шәрбан Батталова да – көрнекті ғалым, химия ғылымының докторы, академик ретінде көпке танымал адам.
Шәрбан екеуінің жас кездегі суреттері. Шәрбан химия лабораториясында, үйде, екеуі табиғат саясында. Бұл суреттер С.Зиманов әңгімесінің арасында көрсетіледі.
С.Зиманов:
– Шынымды айтсам, қызық пен арман қуып құрбылар арасында жүретін, қыздармен қыдыратын жастық шағым армияда өтті. Соғыстан соң алға қойған мақсатым – ізденіс, осы өмірдегі өз орнымды тапсам дедім. Содан аспирантураға түстім. Ал махаббат менің жүрегімнен өшкен емес. Оның аты – Шәрбан. Екеуміз Алматыда жолықтық. Ол Москваға аспирантураға кетейін деп жатыр екен. Екеуміз таныстық. Содан бір жыл өтті, екі жыл өтті. Ақыры үйлендік. Ол Москва университетін,оның аспирантурасын, докторантурасын бітірді. Мен Алматыда жүріп бітірдім. Мәскеу барып бітірдім. Екеуміз де академик болдық. Ол қазақша сөйлегенде, қазақтың әдет-салтын білгенде ғажап болатын. Әсіресе жазушылар, мына Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдоловтар таңғалатын. «Бір үйде екі академик тұрғанда кім басшы?» дегенді сұрадың ғой. Мен өзімше еркек болып жүрдім, ол өзінше әйелдің міндетін атқарды. Арамызда әр уақытта кейбір сөздер болады. Бірақ үйдегі қонақтарды қабылдау, жолдастармен қарым-қатынаста әрқайсымыз өз орнымызды білеміз. Онда «кім бірінші?» деген сөз болмайтын.
Медеу шатқалы. Таубаурайында С.Сартаев, С.Зиманов, К.Ормантаев үшеуі әңгімелесіп келеді. Жүздері жарқын. Жазушылар одағы үйінің алдындағы саябақ. К.Ормантаев сондағы орындықта отырып сөйлейді:
– Салық Зимановпен мені академик Сайын Балмұқанов таныстырған еді. Оған да бірталай уақыт өтті. Содан бастап үй-ішімен араласып, дастарқан басында жиі болып жүрдік. Шәрбан Батталқызы – Москвада Мәскеу университетін бітірген азамат. Мамандығы – химик (шетел ғалымдарымен түскен фотосуреті). Солай бола тұра, үйіне келген адамға дәм бермей, шай ішкізбей жібермейтін. Ерлі-зайыпты адамдар болған соң арасында майда-шүйде келіспеушілік, ұрыс-керіс болады ғой. Олар болса бір-бірімен қалжыңдасып, сөйтіп барып мәселені шешетін. Біз болсақ ондай әңгіменің аяғын төбелеске айналдырып жібереміз ғой, ерлі-зайыпты адамдар. Олар басқаша еді. Соны көрдім. Бұлар от басында үлгілі адамдар болатын. Салық Зиманұлы – соғысқа қатысқан адам. Айтқаны – айтқан, ақ дегені – ақ, қара дегені – қара, көп сөйлемейді, қысқа, нақты сөйлейді. Сондай болса да үйінде балаларымен, немерелерімен (фотосуреттер) қалжыңдасып, еркелетіп отырады. Мүлде басқа адам. Үйіне келсең, басқаша сөйлеседі. Жұмыста басқаша. Сәкеңнің қасиеттері өте көп (фотосуреттер).
К. Ормантаев сөйлеп отырғанда, С. Зимановтың ірі планда күліп отырған, жұбайымен, балаларымен жүрген фотолары көрсетіледі. Кинокадрлар. С. Зиманов Ғылым академиясының бас ғимаратына кіріп келе жатыр. Төрде тұрған Қ.Сәтбаевтың мүсініне тоқтап, басын иеді. Қолынан сипайды. Ірі планда Сәкеңнің көздері. Ұлы ұстазына деген зор махаббаты сезіледі. Ғалымның кітаптары, көптеген даңқты ғұламалармен түскен суреттері. Кинохроникада Қ.Сәтбаев сөз сөйлеп тұр. Ол шәкірті С.Зимановты да бағалап тұрған тәрізді.
С.Оразалының даусы:
– Салық Зиманов – Қаныш Сәтбаевтың үмітін ақтаған, өзі де сол ұлы топта біздің дәуірімізге жеткен жарқын тұлғалардың бірі. Ол өз замандастарымен қатарласа, иық тіресе жүріп, 50-60-жылдары құқық тарихын және оның теориялық мәселелерін зерттеп, қазақ мемлекеттігінің тарихы мен теориясын жасады, сөйтіп, Қазақстандағы құқықтанудың негізін қалады. Оның екінші бір шоғыр туындылары кеңестік дәуірдегі ұлттық мемлекеттің қыры мен сырын ашып, мемлекет және құқықтың жалпы теориясын қалыптастырды. Қ.Сәтбаев оны «Қазақстандағы заң ғылымдарының негізін салушы» деп бағалаған. Салық Зиманұлы соңғы жылдары Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құқықтық негіздерін қалыптастыруға аянбай тер төкті. Қазақ өркениетінің мың жылдық тарихындағы ата заңдарымызды жинақтап, зерттеп, жарыққа шығара бастауын ғалымның ұлы ерлігі деуіміз керек. Бұл еңбектер С.Зиманов жазған 14 монография мен 200-ден астам ғылыми мақалаларда жинақталған.
С.Зиманов Ғылым академиясының кітапханасында жұмыс істеп отыр. Кітап сөрелерін аралайды. Алдындағы қолжазбаларды оқиды. Түрлі томдарды аудара отырып керегін іздейді. Оның даусы кадрдан тыс естіледі, бірақ арасында экранға өзі шығады.
С. Зиманов:
– Менің Кеңес өкіметі кезінде, кеңес заманында жазған еңбектерімнің ішінде бір үлкен сыр жатыр. Ол сыр – аңсаған арманның сыры. Онда қазақ халқы өз алдына тәуелсіз ел болса екен, өз алдына өркениетке жетсе, дүниежүзілік елдердің қатарына қосылса екен деген ниет жататын. Сондықтан біз Ленинді жазсақ та, Шоқанды жазсақ та не болмаса мына ұлттық мемлекет туралы жазсақ та, әр уақытта ар жағындағы ойымыз, түбірлі, түбегейлі ойымыз – қазақ халқының болашағы, өз алдына тәуелсіз ел болу. Сондықтан ол еңбектің түбірлері қай дәуірге, қай тарихқа арналса да, ар жағында бір үлкен арман, сыр бар. Ол сыр еңбекті дұрыс оқитын адамдарға көрініп-ақ тұр.
С.Зиманов пен С.Сартаев екеуі тау баурайында әңгімелесіп келеді. Жүздері жарқын. Әлденені естеріне түсіретін сияқты. Камера біртіндеп таудағы саяжайындағы ива ағашының саясында отырған С.Сартаевқа тоқтайды:
– Мен Салық Зимановтың адамгершілігі, кішіпейілділігі, білгірлігі, ойшылдығы – мұның бәрі осы өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі болатын қасиеттер деп ойлаймын. Сондықтан да біздің жастарымыз осы Салық Зиманұлы жазған еңбектерді жақсылап оқып шықса деймін. Көз жіберіп қарасам, бүкіл тарихымыз Салық Зиманұлының еңбектерінде жазылған. Осы кісінің еңбектерін білген адам басқа тарихи кітаптарды оқымаса да болар еді деп ойлаймын.
С.Зиманов Ғылым академиясының алдындағы алаңда қыдырып жүр. Су бұрқақтың жанына барады. Шоқан бейнесіне ұзақ қарап тұрады. Ойнап жүрген балаларды қызықтайды. Соңынан орындықта отырып, ойлы жүзбен алысқа көз жібереді. Ғ.Сапарғалиевтің даусы кадрдан тыс естіліп, біраздан соң өзі көрінеді:
– Салық Зимановтың шұғылданып жүрген мәселесі Кеңес заманындағы Қазақстан құқығының және мемлекеттің тарихы болатын. Осыған байланысты Салық Зиманұлының басқаруымен үш томдық еңбек шықты. Сонымен қатар өзі жеке көптеген кітап жазды. Мемлекеттің құрылымы туралы, тарих туралы, әсіресе философия және құқық ғылымын ұйымдастыруда Салық Зиманұлының рөлі аса зор. Философия және құқық институтының директоры болып Салық Зиманұлы 70-жылға дейін қызмет істеді. Сонда бұрын-соңды болмаған ғылым саласы, әсіресе философия және құқық Қазақстанда өте кең дамып, біраз ғылымдар дайындалды. Соның барлығына ұйытқы болған – Салық Зиманұлы.
С.Зимановтың жұмыс кабинеті. Ол компьютерден әлденені іздеп отыр. Терең ойға батып, ауық-ауық ақ қағазға үңіліп жазу жазады. Кітап сөресінен бір қолжазбаны әкеліп қарайды. Бұл көріністер оның тауда қыдырып жүрген, кітапханада жұмыс істеп отырған сәтімен алмасады. Кітапханада бір топ шәкірті ұстазымен әлденені талқылап жатыр. Ғалым үнемі жұмыс үстінде. Оның даусы кадрдан тыс естіледі:
– Мен бір проблемамен, бір ғана жұмыспен айналыспаймын, екі-үш тақырыпты қатарынан алып жүрем. Бір күн, бір түн мынаны істесем, енді бір күн, бір кеш басқасына кірісем. Менің өмір бақиғы, міне, 45 жыл болды, режимім былай: Түнгі сағат үште тұрам. Сағат алтыға дейін жұмыс істеймін. Алтыда жатып, жетіге дейін дем алам, бірақ ұйқы жоқ. Жетіде тұрып, жұмысқа баруға дайындалам. Күндіз тағы екі сағат жұмыс істеймін. Сондықтан ой, толғаныс дегеніңде тыным жоқ.
С. Зимановтың тынымсыз өмірі, шәкірттерімен кездесуі, ғалымдармен әртүрлі жиындарда бірге тұрған суреттері көрсетіледі. С. Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– С.Зиманов ұстаздығы, ғылымға келген жастарға қамқорлығы туралы аңызға толы әңгімелер айтылады. Ол Ғылым академиясындағы философия және құқық институтының директоры, ҚазМУ-дың заң факультетінің деканы, Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы бола жүріп, жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Олардың ішінде 16 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты өз еңбектерін Сәкеңнін жетекшілігімен қорғады.
С. Сатыбалдин, академик:
– Сәкең жай ғана ұстаз емес, ұстаздардың ұстазы. Нағыз ұлағатты ұстаз.
Е. Нұрпейсов, профессор:
–Сәкеңнің бір қасиеті өзінің шәкірттерімен тікелей жұмыс істегенде сенің мына жерің нашар екен, ана жерің бұрыс екен деп кемшілікті айтса да, жаныңа тиетін, арыңа тиетін сөздерді өмірі қолданбайды. Өзі сондай намысқой адам болғаннан кейін, басқаның да ар, намысына тиіспеудің талай жолын біледі.
С.Сатыбалдин, академик:
–Салық Зиманұлының өзі құрған мектебі бар. Ол тек заң ғылымының мектебі ғана емес, тұтас қоғамтану ғылымының мектебі дер едік. Бұл кісінің атқарған еңбегі орасан зор.
Е. Нұрпейсов, профессор:
–Сәкең жанында жүрген жас ғалымдарға өсиетін айтады, бірақ олардың жүріс-тұрысына, қылығына араласып, кіріспейді. Біреуді қайта тәрбиелеуге ұмтылмайды. Әркімнің өзіндік қалыптасқан мінезі бар. Ол Сәкең айтты деп өзгере қалмайды ғой. Әр адамды өз қалпында қабылдайтын жақсы мінезі бар.
Ғылым академиясының алдында тұрған С.Оразалы кадрда сөйлейді, артынша 1986 жылдың оқиғаларын көрсететін тарихи кадрлар беріледі. Г. Колбиннің Қазақстанның бірінші басшысы болып тағайындалғаны туралы газет хабары. Г.Колбин портреті. Алаң. Жастарды шаштан сүйреп ұрып жатқан солдаттар. Қантөгіс. Осы кадрлардың арасында аса қызу сөз сөйлеп тұрған С. Зиманов портреті. «Елім-ай» әні. Алаңдағы шу, дабыр.
С. Оразалы кадрда (Ғылым академиясының ғимаратын нұсқап):
– Бұл шаңырақтың астында ғылыми ойлардың таласымен бірге талай рет тарих айрығындағы халық тағдырын шешетін саяси тайталас та болған еді.
Кадрдан тыс:
– Москваның әділетсіз шешімі қазақ халқының ашу-ызасын тудырғаны мәлім. Бірақ өктемдік құрып үйренген орталық өз шешімінен қайтпай, жастарды қуғын-сүргінге ұшыратып, халықтың ар-намысын таптады. Бүкіл қазақ халқына жала жапқан шешім шығарды. Міне, осы кезде дана халқымыздың батыл да батыр, парасатты ұлдары ешкімнен жасқанбай, бұл шешімге қарсы шықты. Соның бірі Ғылым академиясында сөз сөйлеген Салық Зиманов еді.
Колбиннің дүрілдеп тұрған уақытында Орталық партия комитетінің шешіміне қарсы шығу үлкен ерлік еді. Сәкең өз пікірін терең ғылыми дәлелмен, білгірлікпен, асқан шешендікпен қорғап шықты. Колбин Сәкеңнің сөзін ұнатпады, бірақ оған қарсылық білдіруге өресі жетпеді.
Алматыдағы Парламент үйі. Оның бос залдарын аралап келе жатқан С. Зиманов бір сәт тоқтап, әлденені есіне түсіреді. Залдың ішіндегі депутаттардың шуы құлағына келеді. Олардың бейнесі көзіне елестейді. Зимановпен қатар отырған депутаттар, оның мінбеде сөйлеп тұрған фотосуреттері көрсетіледі. С. Оразалының даусы:
– С.Зимановтың терең ғылыми білімін, Отанына деген шексіз сүйіспеншілігін, қайраткерлігін барынша ашқан сәт – оның 90-жылдары тәуелсіз еліміздің депутаты болған жылдары. Сәкең тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаған құжаттарды жазып, қабылдаудағы күреске белсене қатысты. Ол Тәуелсіздік декларациясын, еліміздің тұңғыш Ата Заңын, тарихтан тарихқа кетер талай маңызды құжаттардың қабылдануына жанын салды. Академик Зейнолла Қабдолов: «Елге егемендік алып беру үшін қарсыластардың жағын қарыстыратын, мисыздарды миландыратын, даукестердің діңкесін құртатын Зимановтың зиялылығы, білгірлігі, ағыл-тегіл шешендігі, тіпті көреген көсемдігі керек болды және аумай-төкпей солай болып шықты да», – дейді сол күндерді еске алып.
Тарихи кинохроника. Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясын жариялаған отырыс. Залдан көріністер. С. Зиманов мәжіліс залын аралап келеді. Көз алдына сондағы депутаттар келеді. Қысқа-қысқа көріністер арқылы залдың әр тұсы беріледі. Сәкең мінберге келіп тұрады. Төрдегі Президент, Жоғарғы Кеңес төрағасы т.б. көрінеді. Бәрі ойға оралғандай. Фотосуреттерде депутаттардың көңілді жүздері, күлкілері, бір-бірімен қауышып жатқаны көрінеді. Ортасында С. Зиманов. Кадрдан тыс С. Зимановтың даусы:
– Енді ол кездегі көңіл күйімізді айтпаңыз. Өте көтеріңкі болды. Себебі Тәуелсіздік аламыз, еліміздің, халқымыздың ғасырлар бойғы арманына жетеміз деген сезім бар еді. Айтыс-тартыс көп болды. Жұмысшы комиссиясының төрағасы ретінде мен мінбеге шықтым. Бұл комиссия мүшелерінің жартысына жуығы Тәуелсіздікке қарсылық жасады. Маған көптеген сұрақтар қойылды. Жауап беріп жатырмын. Қанша екенін білмеймін, төрт-бес сағат айтыстық. Осы жерде Нұрсұлтан Әбішұлының жәрдемін ерекше айтамын. Ол алты-жеті рет орнынан тұрып, мені қолдады. Ақыры жеңдік. Көңіл күйді, қуанышты айтып жеткізе алмаймын!
Кинохроника. Залдың іші абыр-сабыр. Қол соғу. Жұрттың бәрі қуанышты. Айқайлаған, уралаған дауыстар. Ірі планда Пре-зидент, Жоғары Кеңес төрағасы көрінеді, депутаттар... С. Зиманов кадрда:
– Ол қуанышты тойладық қой. Ғимараттың сыртына Парламент шешімін күтіп көп халық жиналыпты. Олардың қуанышы қандай! Бұл ерекше күн болды!
Астана. Ақорда. Көгілдір аспанда қалықтаған көк Ту. Шалқыған музыка.
С. Оразалы:
– Осы бір ұлы адамның сан қырлы еңбегін, адамшылық, азаматтық бейнесін, ғылымдағы, өмірдегі ерліктерін түгел көрсетіп беру аса қиын. Бірақ мен өз жүрегіме жақын, өзім таныған адам туралы айттым. Ал Зимановтың жүздеген шәкірттерінің, замандастарының, онымен қызметтес болған адамдардың жүрегінде, көңіл көзінде сақтаған өз бейнелері, өз Зимановы бар. Сондықтан бұл адам туралы ойлар толастамақ емес.
Музыканың фонында кабинетінде жұмыс істеп отырған С.Зиманов көрінеді. Ол ой үстінде. Тау бөктерінде, көшеде, ел ортасында жүр. Бұл кадрлар жылдам ауысып, ғалымның тынымсыз тіршілігінің жалғасып жатқанын танытады. Ғибратты да ғажайып өмір.
Ә.Қалмырзаев, профессор:
–1987 жылдың сәуір айында Алматыда үлкен ғылыми конференция болды. Оны басқарып, өткізген – сол кезде Қазақстанда қаһары жүріп тұрған, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің өзі. Баяндама жасаған адам, негізінен, аралас мектептерді көбейту туралы идеяны ұсынды. Бұл ұсынысты облыстардан келген шешендер де қолдап, елде атқарылып жатқан жұмыстарын жарыса баяндап жатты. Елдің тыныштығын Сәкең бұзды. Ол сөз сұрап, мінбеге шықты да, керісінше, ұлт мектептерін көбірек ашу керектігін дәлелдеп шықты. «Сіздердің ұсыныста-рыңыз Қазақстан жағдайына келмейді», – деді.