Жаңа жыл кешінде жұлдыздар қаншаға "көңіл көтереді"?
Желтоқсан айыңың екінші жартысы тойлар мен көңілді кештердің қадірлі әрі ақылы қонақтарының жұмыс науқаны десек те болады. Тура қазір әншілер мен асабалар қолдан-қолға тимей, жұмыс кестесін реттеп, сағаттарын сәйкестендіріп қарбаласта жүр.
Себебі, жаңа жыл отбасылық мереке деп айтылғанымен, іс жүзінде оданда ауқымдырақ тойланары жасырын емес.
Қайрат Нұртас бұл жолы да ұжымдық кештерге көп әрі қомақты қаржыға баратын әнші болып шықты. Әрине, бұндай мағлұматты бейресми ақпарат көздері таратып отыр.
Мерекелік шараларды ұйымдастыру агенттіктерінің мәліметінше, әрбір тапсырыс берушінің үшіншісі Қайрат Нұртасты сұрайды екен. Мысалы, осы аптада бұл әнші Батыс Қазақстан жеріндегі ұжымдық кешке шақырғандарға 12 000 АҚШ долларына келіскен.
Ал сахнадан, бұқаралық ақпарат құралдарынан көрінбей кеткен Сырым Исабаев Шымкентте концерт қойып жүр деседі. Сөзінше, мерекелік кештерге, тойға тағы басқа шараларға, ақшасына келіссе, Қазақстанның кез келген жеріне баруға дайын. Негізгі бағасы Алматыда - 1000 АҚШ доллары. Ал Қазақстанның өзге аумақтарына 2000 АҚШ долларын қанағат көреді екен.
Кей әншілер күз мезгіліндегі тойлардан кейін, жаңа жыл қарсаңындағы корпоративтік кештерге де үлкен дайындық көретіндерін жасырмайды. Әрине, ұжымдық мерекелік кештер әншілер мен асабалардың қызмет ақысы өсетін кез.
Бүгінгінің тойының хитіне айналған "Мария арман едің" әнінің орындаушысы Асхат Тарғынов мерекесіз де тойдан тойға жүгіріп қарбаласта жүр. Қазақстанның қай жеріне шақырса да ұжымдық кештерге 5000 АҚШ долларымен барамын дейді.
Ал Алматыда болса арзандау, 3000 АҚШ доллары, уақытының ыңғайы болып жатса, бұдан да арзанға ән айтатын кездері болады екен.
Биылғы жылдың тағы бір хит әні "Аспанға қараймын". Орындаушы Абай Бегей мерекелік кештер мен ұжымдық басқосуларға осы уақыттың өзінде келісіп тастапты. Бағасы 3000-5000 АҚШ доллары аралығында. Егерде осы әнді кубалық "Sin Frontera" тобымен шақырту алатын болса, бағасы екі еселенеді екен.
Белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай той тізгінін қолға алып, асабалықпен де айналысады. Ол мереке қарсаңында негізгі жұмысымен қатар ұжымдық кештердің көңілді өтуіне атсалысады.
Ондай кештерге әсіресе жаңа жыл мерекесі қарсаңында сұраныстар арта түсетінін жасырмайды. Ал қызмет ақысының құны бір бағаға қатып қалмағанын айтады. Ұзынқұлақтан келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, оның нәпақасы кем деген 2000 мың АҚШ долларын құрайды.
Той жүргізуде біліктілігін арттырып алған асабалардың бірі Аман Тасыған. Тележүргізушілікпен қатар мерекелік кештерді көңілді басқарудың шебері.
Алматыда бір тойды басқарғаны үшін 2000 АҚШ долларын алады. Ал жаңа жыл қарсаңындағы ұжымдық кештердегі қызмет ақысы 3000 АҚШ долларына қымбаттайды.
Ал танымал актер әрі әнші Нұрлан Әлімжан сұраныс қанша көп болмасын, асабалыққа да, ән орындауға да, бағаны ойнатуды ұят көретінін айтады. Десе де, өнер адамы ретінде қызмет ақымның құны деп дөп басып айтуды дұрыс көрмейді.
Қазір әндеріне бейнебаян түсіріп жүрген Нұрлан Әлімжан корпоративтік кештерге орай шақыртулардың көп түсіп жатқанын айтады. Уақыты жетіп, мүмкіндігі болып жатса, тойлардан қалмауға тырысады екен.