Жүрдім-бардым түсірілген, қазақты көштен қалған экзотикалық тайпа деңгейінде көрсететін түрлі фильмдеріміз өз еліміздегі прокат желісіне ілесе алмаса да, әйтеуір, Батыс пен АҚШ-қа барып, жүлде алып жүр. Соны місе тұтып, «сыртқа жүнімізді қомпитқанымызға» мәзбіз. Ал ұлттық киномыздың өркендеп, жаңаша қалыптасуын қамтамасыз ететін әрі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндіктер беретін кино туралы толыққанды заңымыз да жоқ.
Қарап отырсақ, өзіміз түсірген кинолар өзімізге арналмаған сияқты. Онсыз да «шекесі қызбаған» біздің ұлттық кинорежиссураның әлсіз аяқ алысына енді сол «жүлде үлестіргіш» шетелдіктердің өзі шекесінен қарайтын болды. Сірә, сырттағыларды біздің «жабайы экзотикамыз» әбден мезі қылса керек. Соған қарамастан біз негізгі күшімізді әлі де болса орыстілді аудитория үшін, шетелдік байқауларда көзге ілініп қалу үшін қам жасап қалуға салатын сияқтымыз. Көбіне өз ішімізде тартысты әңгіме өзегіне айналып жүрген бұл мәселелер таяуда кең ауқымды деңгейде Ресейдің орталық теледидары арқылы үлкен талқы таразысында екшелді.
Жарты әлем тамашалайтын әйгілі ОРТ телеарнасында журналист Александр Гордонның «Закрытый показ» («Жабық көрсетілім») деп аталатын бағдарламасы бар. Онда білгілі бір фильм көрсетіліп, соңынан студияға арнайы шақырылған белгілі киномамандар мен сыншылар, режиссерлер мен актерлер, сарапшы-журналистер оның мазмұны мен басқа да жанрлық, кәсібилік жақтарын ашық талқыға салады. Бұл жолғы «Жабық көрсетілімде» белгілі қазақ режиссері Гүлшат Омарованың «Бақсы» атты туындысы мамандардың ой-көкпарына түсті. Десек те, аталған тележобаға кез келген фильм қатыса алмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің киномызға деген басқалардың қызығушылығы төмендемеген сыңайлы. Әйтсе де бұған да тоқмейілсуге болмас. Әрине, бұл киномыз да қатты сынға ұшырады. Фильмнің оқиғасы тоқсаныншы жылдардың басында өрбиді. Қазақ даласының бір жерін ерекше киелі деп санайтын бір бақсы әйел сол жерге тұрақтап, наным-сенім жетегінде жүрген, өмірден баз кешіп, жолы болмай, сырқатына дауа таба алмай жүрген жандарды қабылдап, оларға ем-дом жасайды. Табиғаты тылсым әрі тамаша бұл жерді әлдекімдер тартып алып, сауық-сайран орталығын салады. Қуғын-сүргін, атыс-шабыс басталады. Нәтижесінде бұзық ойлы қылмыскерлер қасиетті жердің киесі мен бақсының қарғысына ұшырайды. Соңында әдеттегідей әділет пен шындық жеңіп шығады. Фильмнің «Бақсы» деп аталуының келесі бір мәні бар. Оның екінші бір мағынасы «баксы», яғни ақша дегенді білдіреді. Жалпы алғанда, фильм көптеген қазіргі қазақ киноларына қарағанда кәсіби тұрғыдан сәтті түсірілген. Бірақ талғамға талас жоқ. Біріне фильм ұнаса, екінші біреулер «бұл туындыда көрерменді таңғалдыратындай ештеңе жоқ» деп түйін жасағандай болды. Қанша көрермен болса, сонша пікір бар. Киноны талқылау барысында осылайша пікірлер екіге жарылды. Драма деп ұсынылған туындының нақты қай жанрда түсірілгендігі де дәл анықталмады. Бағдарламаға фильмнің авторлары мен актерлері да қатысып отырды. Олардың арасында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Наталья Арынбасарова, режиссер Рашид Нұғманов, Гүлшат Омарованың өзі және Ресейдің танымал киномамандары болды. «Бақсыны» талқыға салған білгіштер, осы фильмді кәсіби тұрғыдан сынай отырып, жалпы, қазіргі қазақ кинематографының ортанқол деңгейден аса алмай отырғандығын ашып айтты. «Бақсыға» айтылған сынды бізге айтылған сын деп қабылдадық.
М.ЕЛИЗАРОВ, жазушы:
– Бұл фильмде Кеңес Одағынан қалыптасқан орыс әлемінің сарқыншақтары байқалады. Оның үстіне аталған бұл фильм – қостілді. Қазақ киносы болғанымен, ондағы кейіпкерлер, негізінен, орыс тілінде сөйлейді. Қалай десек те, бұл кино – орыстілді кеңістікке бағытталған ишара. Демек, бұл «біз әлі де сіздермен біргеміз» дегенді айқын аңғартып тұрған сияқты. «Бақсы» – біртұтас туынды емес, тек түрлі мәдени кодтардың, қияли сюжеттердің жиынтығы болып қалған. Меніңше, қазақтар орыстардың рөлін шынайы да сәтті ойнап шыққан деуге болады.
А.ГОРДОН, бағдарлама жүргізушісі:
– Бұл туындыны қазақ киносы дегенімізбен, оны қазақстандық-ресейлік, қазақстандық-батыстық деп қабылдауға да болады. Мұндай фильмдерге қарап отырып, біз кеңес заманынан бері қарай әлі де біртұтас қоғам ретінде қалыптасып келе жатқандығымызды аңғару қиын емес. Біз (қазақтар мен орыстар. – Ред.) бір-бірімізден әлі алшақтап кетпеген екенбіз. Осы көзқараспен зер салсақ, кез келген қазақ, қырғыз, украин және басқалардың киноларын біз туралы түсірілген деуге болады. Десек те бұл фильм тіпті біздің үстімізден ары қарай ұшып өтіп, батыстағы көрерменге бағытталған сияқты.
Гүлшат ОМАРОВА, кинорежиссер:
– Менің тұңғыш түсірген туындымның тұсаукесері алдымен Канн фестивалінде өтіп, содан соң ғана қазақ көрерменінің назарына ұсынылды. Ал «Бақсы» фильмін біз өз елімізде бірінші көрсеттік. Жалпы, көрерменнің ықыласы жаман емес. Бірінші туындымды жерлестерім онша қабылдай қоймады. Дегенмен осы «Бақсы» фильмін көрген отандастарым «сен өзіңнің туған жерің мен еліңді сүйетініңді дәлелдедің» деген шын пейілдерін білдіріп жатты. Сондықтан да көп сыншылар айтқандай, бұл фильм – батысқа немесе басқаға бағытталған дүние емес. Қазақстанда түсірілген бұл фильм, ең алдымен, қазақ көрермені үшін арналған. Рас, бұл туындының тілі қазақшадан орысшаға ойысып кеткен. Бірақ біздегі өмір шындығы – осылай.
P.S.
Қазіргі қазақ киносы ұлттық мазмұн-келбетінен айырылып қалды. Бұл мәселені ел зиялылары мен журналистер қауымы үнемі шырылдап айтып та, жазып та жүр. Қит етсе «маман жетіспейді, техникалық мүмкіндігіміз әлсіз, мықты режиссерлер мен талғампаз сценаристер жоқ» деп сылтауратып, өзгеге телміреміз де отырамыз. Қайта, кезіндегі кеңес өкіметі тұсында қазақ киносы айтарлықтай абырой жинап, көптеген туындылар әлі күнге дейін көрермен назарынан түспей келеді. Ал Тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылға жуық уақыт ішінде қазақ кинематографы «міне, мынау – нағыз біздің киномыз» дейтіндей, өзіміз де көретін, өзгеге де ұялмай ұсына алатын дүние жасай алды ма? Енді қайтпек керек?