Ықылас мұражайына ықылас керек болып тұр
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы орналасқан ғимарат 1903 (кейбір деректерде 1908) жылы салынған, ғасырдан астам уақыт тарихы бар ежелгі ғимараттарың бірі. Ал мұражайда Құрманғазы, Махамбет, Біржан сал, Абай, Қазанғап, Бөлтірік, Сүгір, Дина секілді небір дүл-дүл ұлыларымыздың қолдарының табы түсіп, исі сіңген музыкалық аспаптар сақталған. Бұл музыкалық аспаптардың республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналғанына қарамастан, 2005 жылдан бастап мұражайдың республикалық дәрежесі жойылып, Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына өткен. Айта кетер жайт, әлем бойынша мұндай музыкалық аспаптарға арналған мұражайлар саны саусақпен санарлық болса, ТМД елдері бойынша үшеу-ақ көрінеді. Алайда бүгінгі күні сирек кездесер мұражайымыздың қадіріне жете алмай отырмыз.
Мұражайға соңғы рет 2005 жылы жөндеу жұмысы жасалыпты. Содан бері мұражай залдары ең аяғы әктелмеген де көрінеді. Бес жылдан бері әктелмеген мұражай қабырғалары қарайып кеткені көзге көрініп тұр. Кірген бетте сыздың исі мұрынға келеді. Мекеме басшысы мұражайдың бұл жағдайын «айта-айта шаршадым» – дейді.
Хасен ҚОЖАХМЕТ, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының директоры:
– Мұражайдың дәл артына гараж салып қойған. Ол гараждан аққан су мұражайдың қабырғасына ағып, ағаштарын шіріте бастады. Сыздың исі мұражай ішіндегі құнды жәдігерлер Біржан сал, Абай, Құрманғазы аталарымыздың домбыраларын шіріте ме деп қорқамын. Мұны мен талай жерге хат жазып ескерттім. Бірақ ешкім құлақ асар емес. Содан өткен жылдың аяғында «жиһаз ал» деп бөлген ақшаға әк алып кіреберіс залды әктеттім. Қалған залдар сол күйі тұр. Тіпті бізге бөлінген ақшаның бір бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізейін десем де рұқсат бермей отыр.
Негізі, заңға сәйкес тарихи ескерткіш болып табылатын мұндай ғимараттардың жанына басқа мекемелер 20 метрден жақын салынбауы тиіс. Ал іші де, сырты да құнды жәдігерге толы тарихи ғимараттың дәл желкесіне гараж мінгізіп қойыпты. Ал гаражға кафе жалғасып жатыр. Гараждан аққан су ғимарат төбесінен құйылып жатқанын көріп не айтарымызды да білмедік. Ал тарихи ғимарат ағаштан жасалғандықтан, алда-жалда өрт тұтана қалса, ішіндегі құнды жәдігерлерімізден айырылып қалуымыз да әбден мүмкін. Мұны мұражай басшылығы да жоққа шығармай, ғимарат ішіндегі дабыл жүйелерінің талапқа сай емес екенін жасырмады. Мұражай алдындағы 1981 жылы жасалған қобыз бейнесі де жарылып, мүжіліп дымы қалмапты. Мұражай басшысы «сол қобызды жаңа заманға сай басқа ескерткіш белгімен ауыстырайық деп талай рет айттым. Ескерткіш қобыз ағаштан жасалғандықтан бөлініп кете береді, жоқтан бар жасап, ағаштың сыртын темірмен қаптап қоңыр бояумен сырлап қойдым. Тіпті кейде біреудің үстіне құлап кете ме деп қорқамын» – дейді. 2000 жылы күрделі жөндеу жасаған түрік компаниясы да күрделі жөндеуді қатырмапты. Мұражай алдындағы баспалдақ тастарының бәрі сынып қалған. Кейбір үңірейіп қалған жерлерін мұражай қызметкерлері қара целлофанмен қаптап қойыпты. Біз мұражай ішіне кіргенде кейбір залдарда жарық та жоқ екен. Мұны мұражай басшылығы «2000 жылы күрделі жөндеу жасаған түрік компаниясының сапасыз, әрі әртүрлі шамдар салуына байланысты бүгінде ол шамдарды ауыстырудың өзі қиынға соғып отыр» – деп түсіндірді.
Бүгінде бір ғана Мәскеу қаласының өзінде 200-ге жуық мұражай бар екен. Ал Алматыдағы онсыз да саны аз мұражайларымыздың кімнің көзіне көп болып көрінгені түсініксіз.
Басшыдан базына
Мұражайды «Зенков салды» – деп осы мұражай орналасқан көшеге Зенковтың аты берілген. Зенков – тек архитектор. Негізі, мұражай ғимаратын Ақши-Күртіден шыққан кәсіпкер Ғали Ордабайұлы былғары илейтін цех үшін өз ақшасына салдыртқан. Мұны Ғали Ордабайұлының қызы Гүлжаһан Қалиева дәлелдерімен айтып берді. Зенковқа «Қызыл таң» ғимаратын да, Горький атындағы парк пен осы мұражай ғимаратын да салдыртқан Ғали Ордабайұлы екен. Алайда көп жағдайда салдыртқан кәсіпкердің аты аталмай, салған адамның аты ғана аталуы қынжылтады.
Ғимарат бос тұрған соң сол кездегі Верный қаласының әкімшілігі мұражай ғимаратын жалға сұраған көрінеді. Әкімшілік офицерлерді орналастырғаннан соң, кейін «офицерлер үйі» аталған. Уақыт өте кинотеатр да болып, 1984 жылдан бері қарай Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы орналасқан.