«Ханын сыйламаған Құдайын да сыйламайды»
Жұмыс бабымен Санкт-Петербургте екі жыл тұрып келген досымның Мирас деген тоғыз жасар ұлы басқа пәндерден гөрі тарих сабағына ерекше қызығады екен. Өзінің білмейтін нәрсесі жоқ. Әсіресе, орыстың ұлы императоры
І Петрден бастап, соңғы патшасы
ІІ Николайға дейінгі аралықтағы ірі-ірі билеушілерін, олардың мемлекет тарихындағы рөлін таңдайы тақылдап айтқанда, еріксіз аузыңды ашып, көзіңді жұмасың...
Қысқы Сарайды алғаш көргенде сол бала анасынан: «Мұны кім салған?!» — деп таңырқай сұрапты. «Орыстың бұрынғы патшалары», – дейді мамасы. «Қазақта ондай патшалар болмаған ба?» «Болған. Қазақтың да небір атақты хандары өткен». «Ал олар не істеген? Неге осындай сәнді сарайлар салмаған? Неге бізде мұндай нәрселер жоқ?» Қапелімде не айтарын білмеген анасы тосылып қалыпты. Мирастың тарихқа деген осы қызығушылығы мектепке барғаннан кейін тіпті арта түскен. «Өйткені, – дейді құрбым, – онда 1-сыныптан бастап аптасына бір рет «Санкт-Петербургтің тарихы» деген сабақ жүреді. Және ол кезде балаларды міндетті түрде Эрмитаж бен басқа да салалық мұражайларға, түрлі тарихи орындарға алып барып, сабақты экскурсия түрінде өткізеді». Қандай керемет! Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ осындай білім-тәрбие алған бала бұдан кейін қалайша төл тарихына құрметпен қарамайды, қалайша өнерді түсінетін, өткенін қадірлейтін мәдениетті азамат ретінде қалыптаспайды?!
Ал бізде мұражай деген – бір өлі мекеме. Таным-білімнің қайнап тұрған қазаны, өткен күннің бүгінге жалғаса бүлкілдеген тамыры іспетті болуы тиіс шаңырақты ел-жұрт болып еркін жайлау былай тұрсын, тіпті есігінен сығалайтын жан некен-саяқ. Бұл – әрине, бөлек әңгіме...
Мені кішкентай Мирастың «Біздің хандарымыз не істеген?!» деген сұрағы ойландырады. Шынымен де, бала түгіл, ересектердің өзі күні кешеге дейін қазақтың хан атаулысын «қаныпезер», «ел үстінен күн көрген, жатыпішер дүлей» есебінде елестетіп келген жоқ па? Яғни ұлтымыздың арғы-бергі ел билеушілерінің Қазақ мемлекетін қалыптастыру мен нығайтудағы рөлі, сіңірген еңбегі, даналығы мен даралығы, тұлғалық қасиеті туралы түсінігіміз жоққа тән болды. Жарайды, өзгенің боданында жүргенде, айта алмадық. Бірақ енді одан бергі 20 жылға жуық уақытта да бітірген ісіміз шамалы. Қазақтың «қазақ» болуына, небір алмағайып замандардан аман өтіп, осыншама ұлан-ғайыр жерде емін-еркін түтін түтетіп, ұрпақ өрбітуіне ұйытқы болған ұлы тұлғаларымызды біз әлі күнге лайықты дәрежеде тани да, дәріптей де алмай жүрміз.
Әйтпесе қазақтың жоңғар іспетті тарих сахнасынан біржола жойылып кетпей, еңселі ел, біртұтас мемлекет болып сақталып қалуының өзі сол ұлы хандарымыздың көрегенділігі мен жан-жақты саясатының арқасында ғана жүзеге асты емес пе? Қазақ Ордасының негізін қалаған Керей хан мен Әз Жәнібек ханды тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулати: «Қасым хан бүкіл Дешті-Қыпшаққа билік жүргізді. Оның қарулы халқының саны миллионнан асатын. Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан құдіретті хан болған жоқ», — деп сипаттаған Қасым ханды, елінің мәртебесін биіктеткен Хақ-Назар, Тоғым, Есім, Әбілхайыр хандарды, қазақтың ел болып қалу-қалмауы таразыға түскен сын сағатта үш жүздің басын қосып атқа қонып, қалмақты ойсырата жеңген ұлы Абылайды ұмыту тарихқа қиянат емей, немене?.. Ер етікпен қан кешіп, ат ауыздықпен су ішкен сондай алмағайып заманда тіршілік еткен бабаларымызға біздің қояр қандай кінәміз бар?! Әрине, ешқандай дау айта алмасақ керек. Сөйте тұра, көне тарихты көзге ілгіміз келмейді. Бүгінгі Тәуелсіздік пен елдің егемендігін өз-өзінен келе қалған тосын сый тәрізді көретіндер де баршылық. Ал тарихшы Талас Омарбековтің пікірінше, «мемлекетіміздің бүгінгі құрылымын, билік жүйесін тіпті сол хандық дәуірдің заңды жалғасы ретінде қарауға болады».
«Хандарымыз неге дәріптелмей жүр?» дегенге байланысты тағы бір пікір: «Мұның себебі – қазаққа хан болғандардың бәрі Шыңғыс ханның ұрпақтары екендігінен...» дегенге саяды. Тіпті кезінде бірқатар баспасөз беттерінде: «Абылай да, басқа да қазақ емес. Қазақ 700 жыл бойы моңғолдың тепкісінде болды» деген де әңгімелер көтерілді. Мұның бәрі – қазақты өз тарихынан жерітуді көздейтін әлдебір жымысқы саясаттың көрінісі. Мұхтар Мағауин кезінде оларға мықты тойтарыс берді де. Жазушының уәжіне жүгінсек, «Шыңғыс хан – біздің тарихымыз. Ежелгі түрік қағандығын қайта көтеріп, қайта құрды. Түркі қауымының, түркітекті халықтың бүкіл әлемдік аренаға қайта шығуына Шыңғыс хан ұйытқы болды. Алтын Орданы Шыңғыс ханның өзі бастап, үлкен ұлы Жошы қостап, немересі Бату негіздеді. Ол барып Қазақ Ордасының тарихына ұласты. Шыңғыс хан – біздің ұлылығымыздың көрінісі. Оның ата-тегін қуаласаң, қияттан шығады. Қият – ежелден түрік руы. Ол қазақтың тарихында бар. «Қырық рулы қият» деп «Қобыланды» жырында да, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасында да айтылады. Бәрін жинап қойғанда, Жәнібек пен Керейден бастап, қазақтың бүкіл хандары – Жәңгір, әз Тәуке, Абылай, ең соңғы Кенесарыға дейін Шыңғыс ханның ұрпағы. Кешегі Алашты қайта көтерген Әлихан Бөкейханов та – Шыңғыс ханның ұрпағы. Қазақтың мемлекетін негіздеген – Шыңғыс ханның әулеті. Біздің бүкіл тарихымыз Шыңғыс ханның заманымен байланысты. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Шыңғыс ханнан негіз алады»...
Бір пікір
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:– Бізде қай заманда да дала демократиясына негізделген авторитарлық билік орын алған. Қазақ хандары елді жеке басқарған және мейлінше әділ басқарған. Олардың ең үлкен тарихи еңбегі – қазақтың бір қарыс жеріне дейін шашау шығармай сақтап қалып, ұлан-ғайыр шекарасын белгілеп бергендігінде. Ал «Неге орыстағыдай, Батыстағыдай тарихи ескерткіштер қалдырмаған?» дегенге келсек, бұл жердегі мәселенің мәнісін қазақ халқының көшпелі өмір салтынан іздеу керек. Яғни олар жаугершілік заманда, аттың жалы, түйенің қомында өмір сүруге мәжбүр болды. Сөйтіп, отырықшылықтың жемісіндей озық мәдениет үлгілерін туғызуға жағдай да, алғышарт та болмады.
Соңғы уақытта еліміздің жаңа кезеңдегі жай-күйін, жетістіктерін бөліп алып қарастыруға ыңғай танытушылық байқалады. Меніңше, бұл – ақылға сыймайтын нәрсе. Егер «біз — мемлекеттілігіміздің тарихы тереңде жатқан іргелі елміз» дейтін болсақ, тарихты үзіп-жұлып емес, біртұтас жүйеде қарастыруға тиіспіз. Мысалы, Қазақ хандығының құрылуынан бастап, Қасым, Хақ-Назар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абылай хандардың, былайша айтқанда, әрбір билеушінің тұсындағы саяси-әлеуметтік жағдайы, мәдениеті, әл-ауқаты, ойрат, жоңғар, қалмақ сияқты басқа да жауларға қарсы күресі, ішкі-сыртқы саясаты жан-жақты талданып, таразылануы қажет. Және бұл мәселе «Мемлекет тарихы» институтының бірден-бір ден қоюға тиіс тақырыбы болуы керек деп ойлаймын.
P.S. Тарихпен ойнауға болмайды. Өзінің өткенінен хабарсыз адамға ғана өзгенің қаңсығы таңсық болып көрінеді. Бірақ ол үшін «неге өйтесің?» деп оны кінәлау да орынсыз. Мысалы, манағы кішкентай Мирас... Орыс патшаларының сәнді сарайларына қызыққаны және «қазақта хан болмаған ба, болса, олар не бітірген?» деп таңғалғаны үшін оны сөгуге бола ма?! Қалай дегенмен де, өткен тарихты танып-білу, сол арқылы жас ұрпақтың рухын ояту, елжандылық, ұлтжандылық сезімін ұлғайту мәселесін ерен санамай жүргеніміз рас. Ол — ол ма, біз тіпті әлі күнге дейін өзіміздің хан-сұлтандарымызды дәріптеуді «ұлтшылдық», ал басқаның ірі тұлғаларына бас июді «ұлы достық» деп түсінетін сияқтымыз. «Ханын сыйламаған Құдайын да сыйламайды» деген аталы сөз қалдырған ұлы бабаларымыз кейінгі ұрпағының осындай жүгенсіздікке жол берерін білді ме десеңізші?!