Халық сазын самғатқан «Сазген сазы»
Қазақтың көне музыкалық аспаптарын жаңғыртып, халық музыкасын дәріптеу – «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің басты міндеті. Ансамбль әу баста этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің мұрындық болуымен Ықылас атындағы Республикалық халық аспаптары мұражайы жанынан бой көтерген. Бағзыдан жеткен баба сарынын қазақ топырағының әр нүктесі мен шетелдерге де жеткізіп жүрген ұжымға биыл – 30 жыл. Мерейлі мереке қарсаңында «Сазген сазында» әуелде қобызшы болып істеп, 10 жылдан бері әкімшілік жағын қолға алған көркемдік жетекшісі, «Алматы әуендері» концерттік ұжымының директоры Бағдат ТІЛЕГЕНОВТЕН фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің ахуалын сұрап, әңгімеге тартқан едік.
– Мерекелік концерттерді бастап кетіпсіздер... Шетелге көп шығасыздар, биыл қайда бармақсыздар?
– 30 жылдыққа орай консерваторияда өткен «Фольклордан – джазға дейін» деген концертте аспаптық шығармаға көңіл бөлдік. Алғашқы бөлімді көне аспаптар, фольклорлық-дәстүрлі әуендерге арнап, сақ дәуірінің үлгісінде тігілген костюммен шықтық. Қазіргі заман композиторларының шығармаларын ХІХ ғасырдың қазақы киім үлгісімен танытсақ, классикалық музыка, джазға арналған бөлімді смокинг, фрагпен ұсындық. Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін концерт, гастрольдық сапар да өте көп. Италия мен Францияда өткелі жатқан Алматы қаласының мәдени күндеріне бармақпыз.
– Алматы әкімдігіне қарайтын бірден-бір ұжымсыздар. 30 жылдықтарыңызға орай өнерпаздарға қандай жағдай жасалды? Пәтер жағы ше?
– Консерваторияны бітіре салып келген жас кадрларға бірден үй беріледі дей алмаймыз. Қалалық әкімшілікке қарағандықтан, екі-үш жылда бір пәтерден беріп тұрады. Осы күнге дейін бес-алты музыкант пәтер алды. Әрине, бұл жеткіліксіз. «Сазген сазында» істейтін 20 музыканттың жартысы пәтерсіз. Басқа жағынан әкімшілікке алғысымыз шексіз. Жылына үш-төрт костюмге, аспаптарды жаңартып отыруға, дыбыс күшейткіш, микрофон, басқа да құралдарға сұраған қаражатымызды бөліп отырады. Әндерді өңдетіп, басқа композиторларға тапсырыс берсек, әкімшілік төлемақысын төлейді. Ол жағынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Алматы қаласының шетелдегі мәдениет күндерінен қалмаймыз. Мәдениет министрлігіне қарамасақ та, олар концерттерге жиі шақырады.
– Шетелдегі айтулы фестиваль, байқауларға арнайы шақыртумен барып, шетел жұртшылығын тәнті еткен кездеріңіз болды ма?
– Ондай шақыртулар жиі болады. Ең кереметі 1998 жылы Италияның Неаполь қаласының ұсынысы болды. Әлемнің 30 мемлекетінен фольклорлық ансамбльдер жиналған фестивальға бардық. «Жол қаражаты өздеріңізден, басқа шығынын көтереміз» деген соң, демеушілер тауып, сапарға шықтық. Гран-приді жеңіп алдық. Қазақ түгіл, Қазақстанды білмейтін олар бет-әлпетімізге қарап, кәріс, қытай, жапонға ұқсатып, намысымызға тиді. Фестивальдің бірінші күнінде қаланың ортасында әр елдің өнерпаздары ұлттық киім, аспаптарымен шеруге шықтық. Алдымызда Шотландияның волынка ұстаған 40 адамы бар. Бір волынканың дауысы 30-40 домбыраның үнін басып тастайды. Бізден кейін испандықтар 35 адам. Біз 10-ақ адамбыз. Байқаудың тыңдауы басталған келесі күні бізді ешкім білмегендіктен, бірінші шығарып қойды. Әр мемлекетке өз өнерін көрсетуге 15 минуттан бөлген. Бізбен бірге Бағдат Сәмединова, опералық театрдың белді әншісі Қайыржан Жолдыбаев еріп барған болатын. Қазақтың дәстүрлі әні түрлі мектепке бөлінетіні секілді Италияның оңтүстігі, солтүстігі жеке-жеке мектеп екен. Алдын ала дайындап барған бағдарламамыздағы Италияның классикалық бес әні, абыройымызға қарай, сол оңтүстіктің әні болып шықты. Жан-тәнімізді салып өнерімізді көрсетіп жатырмыз. Ешкім елер емес. Қайыржан «Айттым сәлем, Қаламқастан» кейін «О, соля мионы» шырқағанда, олар есеңгіреп қалды. Бізден мұндай ғажапты күткен жоқ. Қол шапалақтап, «браво», «белиссимо», «грацио» деп өздерінің таңғалыстарын білдіріп жатты. Бөлінген уақытымыз бітсе де, сахнадан Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстанымын» айтып, бір-ақ түстік. Басқа мемлекеттер құттықтап, бізден кейінгілер шығуға жүрексініп жатты. Келесі күні ең соңғы болып шықтық. Ерекше құрмет көрсетіп, бізді «Саранта» деген атақты курортқа, Капри аралына, Римге экскурсия жасатты. Ондай сый-құрметті басқа бірде-бір елге көрсеткен жоқ.
– Ансамбльдеріңізде аспаптық өнерпаздардан бөлек, қандай әншілер істейді? Елге белгілі әншілерді де сүйемелдейсіздер ғой...
– Бізде істейтін Жеңіс Ержанов, Саят Нұрғазин, Гүлнұр Салбанова есімді әншілер бар. Үлкен концерттерде біздің ансамбль Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева, Роза Рымбаеваларды сүйемелдейді.
– Жаңа бітіріп келген жастарды жұмысқа алу жағы қалай? Қандай талап қоясыздар?
– Кәсіби деңгейіне қараймыз. Күрделі шығармаларды орындайтындықтан, білім керек. Үш-төрт ай бұрын домбырашыларға байқау жарияладық. Отыз шақты домбырашыдан екеуін ғана қабылдадық. Қалғандары тек қана мамандықты игерген. Домбыраны ғана шебер тарту жетіспейді. Гармония, сольфеджио, дирижерлік, симфония, хор капелласы, опера, балетті меңгеруі керек.
– Сонау 1981 жылы ашылған уақыттан бері істеп келе жатқан адам бар ма?
– Жаһангер Телғожаев деген сыбызғышы ақсақалымыз «Сазген сазы» құрылғаннан бері істеп келе жатыр. Алғашында ансамбль құрамы Ықылас атындағы Республикалық халық аспаптары мұражайының экскурсиялық қызметкері мен екі-үш қана кәсіби маманнан құрылды. 1986 жылы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның құзырына көшкен соң, кәсіби өнерпаздарды алуға мән берілді. Ол кезде Торғайда «Шертер», «Отырар сазы» оркестрі, біздің «Сазген» ғана болды. Қазір елімізде 50-ге жуық ансамбль бар, құдайға шүкір.
– Әңгімеңізге рақмет. Ұлттық музыканы талмай дәріптей беріңіздер.