Халық әртісі өмірден өтті
Қазақ опера өнерінің бір жұлдызы ағып түсті. Кеше өнерсүйер жұртшылық 75 жасқа қараған Қазақстанның халық әртісі Бақыт Әшімованы ақтық сапарға аттандырды.
Бақыт Әшімова 1937 жылы қарашаның 8-інде Алматы облысы Қарасай ауданының Береке ауылында дүниеге келді. 1956 жылы Қызылорда қыздар педагогикалық училищесін, 1963 жылы Алматы консерваториясын бітірген. Консерваторияда оқып жүргенде Қазақ академиялық опера және балет театрына жұмысқа қабылданады. Театрда ұзақ жылдар бойы жетекші солист болды. Ол көптеген опералардағы меццо-сопранолық рөлдерді нәзік лирикалық иірімдермен байытты. Атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» – Дүрия мен Қамқа, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» – Қарлығаш, М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасында» – Аналық, П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» – Ларина, Дж. Пуччинидің «Баттерфляй ханымында» – Сузуки, Ғ.Жұбанованың «Құрманғазысында» – Алқа, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуында» Балым партияларын және тағы да басқа таңдаулы рөлдерді тұңғыш орындады. Әшімова – Н.Тілендиевтің «Куә бол», «Махаббат мұңы», «Күндер-ай», «Жүрегім менің», «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың», Е.Рахмадиевтің «Бала ғашық», «Сағындым, еркем», «Күзде» әндерінің де алғаш орындаушысы. Халық әртісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін де театрдан қол үзбей, жас әртістер үшін репетитор-педагог қызметін атқарды. Одан тәлім алғандар да бүгінде елімізге және шетелдерге танымал әртістер атанды. Әншімен қоштасу кеше Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.