Хәкім Абайдың насихатшысы
Белгілі абайтанушы ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жабал Алшынбекұлы Шойынбет 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Келіншектаудың етегіндегі «Октябрь» колхозында, (қазіргі Таукент кеніші) дүниеге келіп, Аққолтық ауылында Ш.Уәлиханов атындағы сегіз жылдық мектепті, 1971 жылы Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1976 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын 1976 жылы Жартытөбе ауылында Октябрдің 50 жылдығы атындағы мектепте (қазіргі Құлыншақ Кемелұлы атындағы) мұғалімдіктен бастап, 1981-1984 жылдары аудандық оқу бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, облыстық педагогика қоғамы төрағасының орынбасары, 1984-1989 жылдары Созақ аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Сызған» мектебінде директор, аудандық «Молшылық үшін» газетінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарады. 1990-2004 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында, ҚР ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, ҚР ғылым министрлігінде бас маман қызметтерін атқарды. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің алғашқы ашылған жылдары аға оқытушы ретінде дәріс берді, 2005-2008 жылдары докторантурада оқыды.
Жабал өмірдің талай қиындығын бастан кешіріп, ғылым жолында талай белестерді бағындырған адам. Ол 1976 жылы Алматы қаласында студенттердің республикалық ғылыми теориялық байқауында бас жүлде алса, 1981 жылы Павлодар қаласында республикалық педагогикалық оқуларда озып шығып, Ереван қаласында өтетін Одақтық педоқуларға жолдама алды.
1995 жылы Абайдың 150 жылдығына байланысты шыққан академиялық екі томдықтың және 2002 жылы Махамбеттің 200 жылдығына арналған академиялық төрт томдығын шығарушылардың бірі, 200-ден аса мақалалар жазып, еңбектері ондаған ғылыми жинақтарға енген.
Республикалық баспасөздерге мақала жазуды 1970 жылдан бастап, жазушылыққа талпынысы 1986 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Үкілі үміт» айдарымен әңгімесі шығып, сол жылы әңгімелері жас жазушылар жинағына енді. 2004 жылы жабық тақырып ретінде зерттелмей қалған «Абайдың қарасөздерінен» кандидаттық диссертация қорғады. Ж.Шойынбет тек қана алған тақырыбын зерттеп ғана қоймай қазақтың рухани құндылықтарын, Абай мұраларын бұрмалаған теріс көзқарастарға соққы берген күрескер ғалым ретінде де танылды. Сөзіміздің дәлелі ретінде оның жазған мақалаларына көзсалсақ та жетіп жатыр: «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?», «Ұлылар үндестігін кім қалай түсінеді?», «Ұлттық философияны ұйықтан кім шығарады?», «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Қазаққа төрелік айтатын сен кімсің?», «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы» т.б.. Қай жерде болсын Ж.Шойынбет пікірін батыл айтады, ойларын үлкен ғылыми жиындарда сенімді, дәлелді фактілермен жеткізе біледі. Қазіргі күндері «Абайдың қарасөздері» монографиясы, «Абайтану» оқулығы, «Теріскей айналайын келбетіңнен», «Түркістан Кентау белестері» эссе, әңгімелер жинағы баспадан шығуға дайындалу үстінде.
Жабал Шойынбетті кезінде Тәкен Әлімқұлов өзіне шәкірт санаған, сенім білдірген азаматы. Жүрген жерінде Тәкен туралы да сөз қозғап, ол кісі жайлы естелік әңгімелер айтып, өзінің Тәкен Әлімқұлов туралы көлемді шығарма жазуға бел буып кірісетіндігін де жасырмайды. Кездесулер кезінде «Абайға бару жолы қиын болды ма?» деген сұрақ та қойылмай қалған жоқ. Әрине, Абайға бару жолы оңай жол емес. Абай – ұлы да, жұмбақ адам. Жәкең Абай туралы көптеген қызықты әңгімелер айта келіп, өзінің «Абайтану» жолындағы жиырма бес жыл еңбегінің арқасында Абай әлемінің есігін енді ашып, табалдырығынан енді аттағанын, әлі де шешілмеген жұмбақтардың көп екенін түсіндірді. Бұл күндері алпыстың белесіне шығып отырған ғалым ағамызға шығармашылық еңбегінде табысқа жете беруіне тілектестік білдіреміз, қазақ әдебиетінің білгірі, академик Серік Қирабаевтың шәкірті туралы айтқан пікірін айта кеткенді жөн санап отырмыз: «Баспасөзде Жабал Шойынбет ұлтшылдығымен танылып жүргенін білеміз. Жабал Абай қарасөздерін 90-шы жылдардан бастап зерттеп келеді. Абайдың 150 жылдығы кезінде дайындық тобының жұмысына белсене қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Асықпай зерттеді, сондықтан Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдардың арасында қай жағынан де пікір айтуға құқы бар абайтанушы деп білемін».
Жәкең жұмбақ дүниенің ізденушісі, тарлан таланттардың жоқтаушысы. Ол кірген әр есік, әр мектептің табалдырығы ертеңгі жастар үшін тарихи оқиға болып қалары хақ.
Гүлнұр АҚТАНОВА