Ұрланған балалық үшін кім айыпты?

Ұрланған балалық үшін кім айыпты?

Күні кешеге дейін шетелге шыққандардың көбі таңғалып келетін бір жағдай болса, ол – ондағы балаға деген аса сақтық. Яғни «біздегідей бөтен біреудің баласына күле қараудан, абайламасаң, сотталып кетесің» дейтін шетел көргендер шошынып. «Неге?» дейміз ғой біз. Періштедей пәк жаратылысқа сүйсінгенде тұрған не бар дейтін аңқау, ақкөңіл халықтың арасынан көп ұзамай соның «неге» екенін ұқтырғандар шықты. Қазақстан прокуратурасының мәліметтеріне сай, 2010 жылғы 9 айда еліміз бойынша 83 бала жыныстық сипаттағы озбырлыққа душар болса, 26-сы зорланған. Бірақ ол дабыра болмаған соң ба, ел онша дүрліге қоймап еді,  биыл жазда ешкімнің ойына кірмейтін, күллі қазақ қастер тұтып, тіпті екінші Мекке санайтын Түркістан қаласынан төрт жасар баланы зорлау фактісі тіркелгенде... Жә, айтпағымыз – әлгіндей сұмдық фактілерді жіпке тізгендей тізіп шығу емес, мәселенің түп төркініне үңіліп, өзіміздегі сол азғындыққа апарады-ау деген соқпақтар жайы.
Қарап отырсақ, қазір бізде қылымсыған қыздар мен арғымақтай азаматтардың арасын қойып, бала­лар арасында сұлулық байқауын өткізу белең алыпты. Ең бір сорақысы – онда да періштедей пәк жаратылыс ие­лерін жартылай жалаңаштандырып, суда жүзетін киім­мен сахнаға шығаратын кезеңі бар. Осындай бай­қау­лардың біріне әділқазылық етуге шақырылған же­рінен, балалардың жалаңаш денесін көргенде депутат Мұ­рат Әбеновтің өре түрегелгені естеріңізде болар. Біз бала жанашыры, депутат ағамызға қоңырау ша­лып, осы ойын қайта сабақтауын сұрадық.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, балалар арасында ақыл-ойды да­мы­тып, білімін жетілдіруге арналған, олардың бо­йын­­дағы ерекше дарынын ашатын байқауларға мен қар­сы емеспін. Бірақ дәл сол Қызылорда қа­ла­сында өт­кізілген байқауда мені өре түрегелдіргені ба­ла­лардың жалаңаш тәнін көрсетіп, үлкен қыз-ке­­лін­шек­терге арналған суда жүзуге арналған костюм мен биік өкше туфли кигізіп шығарғандығы бол­­ды. Мен де ұл-қыз тәрбиелеп отырған әкемін, өз басым ешқашан баламды осындай байқауға қа­­тыстырмас едім. Сондай-ақ ол әр қазақтың ба­ла­­сына жат әдет, жат қылық деп ұғамын. Нағыз қа­зағы басым, тұрғындарының 97 пайызы қазақ Қы­зыл­ордада ондай байқаудың өтуі мен үшін өте ерсі әре­кет болды. Тіпті әрбірден бұл әрекеттің астарын тү­­сінбедім. Өткізер болсақ, басқа да байқаулар же­­тіп жатыр ғой. Айталық, «Сыр елі – жыр елі» дейді, жырдан неге өткізбейміз? Мысалы, жа­қын­да 11 жа­сар қызымыз шахматтан дүниежүзі бо­йын­ша гран-при алды, неге сол шахматтан жарыс өт­кіз­бей­­міз одан да? Дүниежүзінде математикадан біз­дің қазақ балалары – бесінші орында. Неге осы ма­те­матикадан жарыс ұйымдастырмасқа? Сон­дық­тан ең алдымен қандай да бір байқау ұйым­дас­ты­рарда алдымен оның мақсатына мән беру керек. Ме­ні бір таңғалдырғаны – осындай бай­қау­ды ұйым­­­дастырушы еліміздің Ішкі істер министр­лі­гі­н­ің бол­­ғаны. Байқаудың мақсаты – «на­ша­қор­лық­қа қар­сы күрес» деген. Сонда қисынсыздығы – бес жа­­сар бала мен нашақорлықтың арасында қан­дай бай­ланыс бар? Мен Қызылордада жұмыс іс­теп жүр­­генде мұндай нәрселерге жол бер­мей­тін­мін. Әйт­­песе сол кезде маған 5-7-сынып оқу­шы­ла­ры ара­сында әдемілік байқауын өткізуге ұсыныс келген, сон­да сол ересектеу балалар арасында өт­кі­зуге рұқсат бердім, бес жасар бала түгіл. Балалардың құқын қорғау комитеті бар, соның жұ­мысын күшейту керек. Жалпы, ба­ла­ға қатысты ша­раларды қатаң бақылауға алмай бол­­май­ды.
Таяуда Мұрат Әбеновтің осы мәлімде­месінен кейін «Нур.кз» отандық сайтында «Балалар арасында сұлулық байқауын өткізуге қалай қарайсыз?» деген сұрау салынып, оған қатысқандардың 80 пайыз­дан астамы мүлдем қарсы екенін білдіріпті. Жалпы, бұл – бізге ешқандай қажеті жоқ нәрсе. Қажеті жоқ екенін Еуропа да түсініп, күні кеше Австралияның Мельбурн қала­сына «Балалар мен Диадемалар» атты бай­қау ұйымдастыруға келген америкалық компанияға қарсы бір топ наразылық шеруіне шыққан. Себебі әлгі байқаудан жеңген балалар телевизиялық шоулар мен түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік ала­тын болған. Наразылық шеруіне шыққан ата-анаға әсер еткен – осы жағы. Өз бала­сын дабыраның құрбаны болып, әлдекім­дердің бизнесін дөңгелетуге пайдала­ныл­ғалы отырғанын австралиялық ата-аналар саналы түрде түсініп, сондықтан шеруге шыққан. Олар «Біздің балаларымыз Барби емес! Өз диадемаларыңды балаларымыз­дан ары әкетіңдер! Балақандар жарнама нарығының құрбаны болмауға тиіс!» деген ұрансөздер жазып алған.
Ал енді деймін, осындай байқау біздің елге келсе ше? Біздің ата-аналардың көбі қалпағын аспанға ата қуанып, жартылай ашық киімін өзі тігіп беріп, жайына кетер ме еді? Неге бұлай дейміз, себебі Мұрат Әбенов қарсы шыққан байқаудың ұйым­дастырушылары: «Бес жасқа дейінгі бала­ның денесінде құмарлықты қоздыратын ештеңе жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, балала­рының мұндай байқауда суда жүзетін костюммен шығуына ата-аналарының өзі рұқсат беріп қана қоймай, өз қолдарымен тігіп берген. Ал ата-ана өз баласына жау емес қой?!» – деп ақталған. Міне, мәселе қайда жатыр? Демек, бізде «періштені жолдан тайдырушы» ең бірінші адам ата-ана болса, екінші – сол салада бизнес жа­сап отырған кәсіпкерсымақтар. Жеме-жемге келгенде әлгіндей «байқаушылар» ата-ананы қалқан қылып, өздері соның ығымен құтылып кете алатынына сеніп отыр. Рас, айтса айтқандай, әр ана, әр әке өз баласының әдемілігін, пәктігін қорғап, барынша балалығын ұзартудың орнына тезірек баланы есейтіп, ересек өмірдің был­ғаныштарына араластыруға асыға­тыны несі? Әрине, баласын барынша құлпыртып, құлындай бәйгеге қосқанда ешкім оны жамандыққа итермелеп отыр­мын деп ойламас, бірақ... «соңы не жақсы­лық­қа апаруы мүмкін?» деген ойды бір мезгіл неге ескермеске? Мың-миллион көрермен арасынан сол байқауда, мүмкін, бала зорлағыш педофилдің отырмасына кім кепіл? Тіпті отырмаған күнде де ол әлгі байқауды теледидар арқылы көруі мүмкін. Мейлі, тіпті педофил көрмеген күннің өзінде біз баланың балғын түрін бизнеске айналдыруға өзіміз есік ашып бермейміз бе? Бұл жөнінде психолог пікіріне құлақ түрсек.
Әбдуәли МӘМЕДІЛ, психолог:
– Психопатологияда жалаңаш­тануды жақсы көретін құмарлар және оны көрсеткісі келіп тұратындар бар. Көргісі кеп тұратын визуалистер жас балалардың тәнін көрсеткен кинолар, суреттерді көрумен құмарын қанды­рып, ләззат алып қана қойып, ешқан­дай зиян келтірмейді. Ал екінші топ тәнді көрсеткісі кеп тұратындар кіш­кен­тай балаларды ішкиіммен сән тұғырына, сахнаға шығарып жүрген ұйымдастырушылардың арасында болуы мүмкін. Сәбилердің жетістігіне мақтау айтып, қошемет білдірсек, олар сол іске ынталана түседі. Бола­шақта да ешқандай еңбек етпей, тәнін көрсететін, сәнді киім үлгісін көрсете­тін салаға кетеді. Шындығын­да, сол сән саласындағылардың басым бөлігі – осындай патологияға ұшырағандар. Бұрын ата-бабалары­мыз баланы алдымен киіндіріп, көз тимесін, ұшықтанбасын деп үкі тақ­қан. Ал сән байқауын ұйымдас­тыру­шылар барлығын керісінше істеп отыр. Түптің түбінде бұл баланың психологиясына кері әсерін береді. Мектептегі болсын, басқа да балалар­ға арналған сән сынын ұйымдас­тыру­ды министрлік тарапынан тыю керек. Үлкендер өздерінің киім тігу, киім үлгісін көрсету өнерін көрсеткенімен, жас балаларға бұл қылмыспен пара­пар. Баланың ұялу қасиетін де жоюы мүмкін.

Түйін
«Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, есік алдындағы күңнен тыйым» деген халықтың ұрпағы неге ұсақталып кеттік? Неге бүгін өз қаракөз қарындасын қара домалақ ағасы қорлайды? «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бәлкім, баланы жалаңаштап берген өзіміз кінәлі шығармыз? Негізі, «Билеуші – билеуші, ал бағынышты – бағынышты, әке – әке, ал ұл ұл болуы керек» деген Конфуций сөзін ескерсек, әркім өз орнында қоғам бақытты болатыны түсінікті бола қояды. Ендеше, баланың ең пәк, ең алаңсыз шағын ұрламай, керісінше, оның ұзағырақ бала болуына, санасының тұнық болып қалыптасуына жағдай жасайық та. Осы ретте Мұқағалидың: «Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ, Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге» деген сөзін неге әр қазақ өз жүрегіне ұран етіп жазбасқа?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста