Ұлы ұстаз ұлағаты
Халқымыздың ұлы ұстазы, көрнекті ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 140 жасқа толуына орай Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында мерекелі шара болып өтті. Аталған шараға елімізге белгілі ғалымдар және әдебиет пен мәдениет өкілдері қатысты.
Еңбек еткендер еленді
Осы уақытқа дейін еліміздің әр өңірінде ұлы ұстаздың мұрасын зерттеп-зерделеуге байланысты ғылыми-көпшілік шаралар ұйымдастырылып келген. Әліпбиден бастап Ахаңның ағартушылық бағыттағы өзге де тұщымды еңбектерін саралаған бірқатар ғалымның еңбектері бірнеше том кітаптарға арқау болып келді. Танымдық жағы басым мұндай бастамалар әлі де игі жалғасын тауып отырмақ.
Мәдени шараны алғашқы болып ашқан белгілі ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет барша жұртты – ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері есімін ұлықтаған кеш қонақтарын құттықтады. Шара барысында Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, профессор Рахман Алшанов Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамына сіңірген еңбегі туралы айта келіп, Ахмет мұрасын насихаттауға еңбек сіңірген тұлғалар мен мекемелерді арнайы марапаттап, қауымдастық атынан сый-сияпат көрсетті. Атап айтсақ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Мұхтар Өтеуов, «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин, «Ұлт болмысы» журналының бас редакторы Гүлжанар Амантайқызы, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбет Жоғары оқу орындары қауымдастығының алғысхатымен марапатталды.
Ал ғұлама ғалымның атын иеленген мұражай-үй ұжымына ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың аяулы есімін және оның артында қалған мол мұрасын насихаттау мақсатында атқарған зор еңбегі үшін А. Байтұрсынов атындағы орден табыс етілді.
Сондай-ақ Ахаңның артында қалған мол мұрасын насихаттау мақсатында атқарған зор еңбегі үшін білікті педагог Серік Самұратұлы – А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, ал өнер майталманы Жанар Сүлейманова күміс медальмен марапатталды.
Рахман АЛШАНОВ, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:
– Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді ардақты ағаларымыз елдің болашағы жолында өз өмірлерін қиды. Ұлы ұстаздың армандаған арманы орындалып, ойлаған ой-мақсаттары іске асты деп есептеймін. Біз егеменді ел болдық, атымызды бүкіл әлем танып жатыр. Экономикамыз дамып, мәдениетіміз өрістеуде. Ғылым саласында да көп өзгеріс болып жатыр. Жоғары оқу орындары қауымдастығы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына байланысты бірнеше шара өткізді. Еліміздің көптеген оқу орнында ғалымның мұрасын насихаттаған бірқатар шара жүзеге асырылды.
Еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін тұлғалар мен ұйымдарды ынталандыру мақсатында Жоғары оқу орындары қауымдастығы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қола, күміс, алтын медальдар тағайындадық. Биылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орден шықты. Мұндағы мақсат – ғұлама ғалымның ісін жалғастырғандардың ісін ынталандырып отыру.
Қауымдастық сондай-ақ оқулық мәселесіне айрықша серпін беріп келеді. Қазақстанның оқу орындарында 50 млн кітап болса, соның сегіз-ақ миллионы – қазақ тіліндегі кітап. Еліміздегі 146 жоғары оқу орнында 60 мыңнан астам студент тәлім алуда. Жыл сайын тәлімгерлер қатары 30-40 мыңға өсуде. Тәжірибелі ғалымдар мен оқытушылар бірігіп, биыл қазақ тілінде 200 мың кітап шығардық. Ал келер жылы 400 мың кітап шығару жоспарлануда. Бұған мемлекет тарапынан қаржы да бөлінді. Осы игі іске білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ерекше қолдау көрсетіп отыр. Электронды кітапхана арқылы кітап тапшылығын шешуді ойластырудамыз. Мұның барлығы – Ахаң армандап кеткен ұлы істер. Ендеше, Ахмет мұраларын зерделеген ұрпақтың болашағы да зор болмақ.
Музыкамен көмкерілген кеш
Шынында да, бұл жолғы кештің әдеттегі мерейтойлық шаралардан өзгешелеу сипатта өткендігін атап өткен жөн. Онда ұзын-сонар баяндамалар мен жарыссөздердің орнын әсерлі музыкалық бағдарлама алмастыра алды. Салтанатты шара аясында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, халықаралық конкурстардың дипломаты Жанар Сүлейменова арнаулы концерт берді. Фортепианолық музыкалық кешке ұласқан ұлы ұстаз мерейтойында өнер көрсеткен музыкант Жанардың әкесі Мұхамет-Халел Төлебайұлы (мамандығы – физик әрі математик) кеңестік рухта тәрбиеленген ұрпақтар ұғымына лайықтап Ахмет Байтұрсынұлының таңдаулы өлеңдері мен кейбір келелі қағидаларын орыс тіліне аударып, «Яркий носитель духа человечности» атты кітапшаны 1998 жылы ғалымның 125 жылдық мерейтойына арнап шығарған екен. Шындығында, бұл Ж.Мұхамет-Халелқызының Ахаң рухына арнап отырған бұл бірінші концерті емес. 1998 жылы күзде ҚР мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері Әбдірашев Төлепбергеннің жетекшілігімен Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойына арналған концертте жеке орындаушы болған. Ал бұл концерттік шара екі бөлімнен тұрды, бағдарлама әр кезеңнің түрлі стильдегі шығармалары – еуропалық классиктердің шығармаларымен бастап, қазақ әуендерімен қорытындыланды. Бірінші бөлімде неміс композиторы Людвиг Бетховен мен венгр композиторы Ференц Листтің шығармалары ойналды. Мұны таңдаудағы мақсат – қос композитордың шығармаларындағы көтерілген қоғамдық-әлеуметтік тақырыптар Ахмет Байтұрсынұлының ерік сезімімен рухтас әрі әділдік жолындағы күрескерлігі үмітке толы болуында. Екінші бөлімде поляк композиторы Фредерик Шопен, орыс композиторы Михаил Глинка мен қазақ музыка өнерінде өзіндік орны ерекше этнограф композитор Александр Затаевичтің туындылары орындалды. Шопен Польшаны қанаушылардан азат етуші ұлт-азаттық қозғалыстың қайраткерлерімен рухани жақын болды, ал Польша, Ресей мен Украинадан жер аударылғандар бір-бірімен идеялас еді, бұл Қазақ елінде Абай мен Ахметтердің өмір сүріп жатқан кезеңі болатын. Глинканың «Айырылысу» атты түнгі музыкалық сарынындағы қайғы-қасіреттерге толы күндер Ахметтің басында да болады. Ең жақын туғандары мен сүйікті жарынан бөлек, тауқымет кешу, қараңғы халқының көмескі болашағының қамын ойлау – бәрі-бәрі бір-бірімен өзектесіп жатыр. Концерт Затаевичтің өңдеуіндегі халық әндері мен күйлері негізінде қорытындыланды. Кеште орындалған «Ага-гу», «Арғын», «Балқадиша», «Қарғам-ау», «Құрышқан», «Әйда, былпылым!» және «Тепенкөк» шығармаларының ішіндегі екі күйді ұлттық аспапта ойнап, жеткізуші – Ахмет Байтұрсынұлы. 1923 жылы Ахметтің 50 жас мерейтойында Затаевичтің өзі фортепианода ойнап, Ахаңа үлкен ілтипат жасаған.