Ұлттық намыс құнсызданып бара жатқан жоқ па?
Қазақстандық телеарналардың бірі Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында тұратын жалдамалы жұмыскерлермен шағын сұхбат жүргізіпті. Сондағы жігіттердің айтқаны: «Осы отырған төңіректегілердің барлығы құлмыз ғой, қысқаша айтқанда, өзіміздің жерде. Орыстар бізді жұмысқа алады. Сол кезде «сендердің өздеріңнің жерлерің, сендер істеулерің керек, ал біз қонақпыз» деп қалжыңдап айтады. Сол ғой, міне, қандай жұмыс айтса да істейміз» деген еді. Бұдан асқан қорлық бола ма?
Иә, сананы тұрмыс билеген заманда жұмыссыздықтың өршіп тұрған кезінде намыс туралы айту асқақ павос, қарапайым пендеге қатысы жоқ болмашы әңгіме сияқты болып көрінуі ықтимал. Оның үстіне, әлемдік дағдарыс биік ұжданға, әсіресе, өршіл намысқа кісен, өткелі жоқ тосқауыл болып алғанға ұқсайды. Осы ретте марқұм Райымбек Сейтметовтің соңғы сұхбатында «Қазіргі жастарға не жетпейді?» деген сауалымызға: «Қазіргі жастарға намыс жетпейді. Бүгінгі жастар намысқойлыққа емес, ездікке бой алдырып бара жатқандай. Көпшілігі күйбең тіршілікті ойлап, ар-намыс дегенді ұмыт қалдырып бара жатқаны жақсылық емес. Намысты әрдайым жанып отыруымыз керек. Әйтпесе қазаққа кім көрінген сес көрсетуі мүмкін. Біле білсек, намысқойлықтың ар жағында Отанға деген патриоттық сезім жатыр. Себебі ата-бабамыз бұрыннан намысқой, адамның ала жібін аттамайтын өршіл халық болған. Сондықтан мен бүгінгі жастардың бойынан намысшылдықты көргім келеді», – деген болатын. Бүкіл зиялылар шоғырланған Алматыны тастап, өзінің туған жеріне барып, театр ашып, туған топырағын рухани байлыққа бөлеген Р.Сейтмет Түркістанидің бұл уәжіне ешкім қарсы шыға алмас. Себебі ерліктің табиғи болмысы намыстан туындайды. Яғни ерліктің өлшемі намыс, адамды қуаттандыратын күш — намысқойлық! Биік намыстың іргесі бала жастан қаланатыны рас, бірақ аса қорқынышты әлеуметтік дерт – жұмыссыздық намыссыздықты тудыратынын да еріксіз мойындайды екенсің.
Қазір жұмыссыздар саны елімізде күрт көбейді. Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1 миллионға жуық жұмыссыздар бар екен. Оның үстіне, бірқатар әлеуметтік зерттеулер бойынша ауыл тұрғындарының 60 пайызы өздерін кедей өмір сүретіндер қатарына жатқызатыны анықталды. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде елімізде ірі деген 642 кәсіпорынның қызметі тоқтаған. Жұмыссыз қалу мүмкіндігі басым салалардың ендігі кезегі: энергетика, газ, су, құрылыс, транспорт және сауда саласы болмақ. Айта кету керек, бұл салаларда республика бойынша 3 миллиондай адам қызмет етеді. Сонда жұмыссыздар саны әлі көбеймек, демек, намысымыз да осыншалықты тапталмақ па? Бұған қоғам қайраткерлері не дейді?
Әшірбек СЫҒАЙ, сыншы:
— Қазіргі кезде тек жастар емес, халықтың да рухы солғын тартып бара ма деп қауіптенемін. Марқұм Райымбек Сейтметовтің соңғы жазған күнделіктерін қарап отырсам, рух, намыс, тек, халықтың бойындағы оттылық туралы әңгімелерді көп жазған екен. Ол кісі үлкен аудиторияларда дәріс оқыған, жастармен көп араласқан ірі тұлға еді. Негізі, мың құбылатындардан гөрі өзінің жеке позициясында мығым отыратын жігіттерді мен де өз басым қатты сыйлаймын. Бірақ базарда арба сүйреп, вокзалда жүк таситын, Сейфуллин көшесінде жұмыс сұрап отырған, жетім бұрыштан пәтер іздеп тентіреп жүрген қазақ жастарында қандай рух болуы мүмкін? Олардың рухын қара жұмыс езіп тастаған. Ертеңгі армандар, аңсаулар, қазақ елін ерлікке, елдікке бастайтын сара жолдар туралы романтикалық, пафостық қиялдар олардың ойына кіріп, соған ұмтылып жатқан жастар аз ба деп ойлаймын.
Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:
– Таяуда мен ауылға барып қайттым. Ондағы халықтың тұрмыс жағдайы өте қиын. Барлығы қалай күн көремін деген ойдың езгісінде діңкелеп жүр. Мұндай жағдайда оларға қалай намысты бол дейміз? Осыдан кейін намыссыздық белең алады. Шиеттей бала-шаға балапан секілді аузын ашып қарап отырған кезде өзіңнің ұлтыңды қалай ойлайсың? Сондықтан мемлекет басында отырған азаматтар жастарға қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қолдау білдіруі қажет. Сондай-ақ жастардың рухын көтеретін мәселелерге көбірек көңіл бөлген жөн. Бірақ біздің шенеуніктеріміз халықтың осылай езгіде, жат жұрттықтың тепкісінде, олардың мемлекеттік деңгейде ойлауға шамасы келмейтіндей болып жүруін қалайтын секілді.