Ұлттық аспап шеберлері ұсынады
Бүгін сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайы «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубымен бірлесіп «Дала сазы» атты ұлттық саз аспаптарын жасаушы шеберлердің I республикалық көрмесін ашады.
Қазақ халқы сонау көне дәуірден бастау алатын өзінің қайталанбас, бірегей қолданбалы өнер туындыларымен, жәдігер бұйымдарымен кең танымал. Қас өнердің бірі – ұлттық музыка аспаптарын жасау. Музыкалық аспаптардың үнінен қазақ ұлтының сыршыл сезімдерін таңғажайып құбылыстармен ұштастыра білгенін байқауға болады. Халқымыздың аса бай музыкалық мұрасы, оның ішінде саз аспаптары бүгінде кәсіби музыка мәдениетінің асыл қорын молайтып, сарқылмас қайнар бұлағына айнала бермек.
Қаперге
«Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы ҚР Суретшілер одағының жанынан 2010 жылы құрылған. Клубтың негізгі мақсаты – қазақ жастарының шығармашылықпен кең айналысуына ықпал ету, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру, ұлттық қолөнерді жоғары деңгейге көтеру және мүмкіндігі шектеулі дарынды жастарға қолдау көрсету.
Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптарының сиқырлы да сүйкімді, ырғақты үні, тебіреністі тербелістері адамды дүние сырын терең түсінуге, сұлулықты жүрегіңмен нәзік сезінуге жетелеп, жан рақатына бөлейді. Көңілді ырғағымен өмірге қызықтыра, құлшындыра түссе, мұңды сазымен бірер сәтке өткеніңді ойыңа оралтып, сезім күйіне бөлеп, толғандырады. Сондықтан да қанша аспап жасаса да, олар бірінің үнін бірі қайталамаған. Осы құдіретті де қасиетті дыбысты шығару үшін бітімі бөлек, даусы ерек, тұлғасы алуан түрлі музыкалық аспаптар ойлап тапқан. Соның арқасында адам ой-арман, қимыл-қозғалыс, көңіл күй, нәзік сезім – бәрі-бәрін музыкалық дыбыс арқылы бейнелей алатын мүмкіндікке ие болған. Мәселен, адам қолынан шыққан қобыз үнінде мұң, зар басым болса, сыбызғы үнінде қуаныш, шаттық бар. Домбыра байсалды үн шығарса, шертердің дыбысы салтанатты келеді. Бұл көрмеде «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы алматылықтарға және қала қонақтарына ұлттық музыка аспаптарының сан түрімен және оларды жасаушы жас шеберлермен танысуға мүмкіндік береді.
Клуб ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы жас шеберлер арасында жарияланған байқау жеңімпаздарының жұмыстарын көрмеге қоймақшы. Олардың қатарында қазақтың ұлттық аспаптары – домбыраның түрлері, қобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, зырылдауық және т.б. бар. Көрмеге байқау нәтижесінде іріктелген республикамыздың 20 жас шебері қатысады. Мұнда 50-ден астам ұлттық аспап қойылады. Көрме жұмысы 10 сәуірге дейін жалғасып, күнделікті сағат 9:30-дан 17:00-ге дейін жүргізіліп тұрады.
«Ғаламарт» жастар клубы