Қызылорда облысының Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйі 2007 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, есігін халыққа айқара ашқан болатын. Міндеті тек «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары қызметкерлеріне арналған мәдени шараларды ұйымдастыру ғана емес, жалы халыққа қызмет ету болып табылатын сол Мәдениет үйі бүгінде Шиелінің көркеюіне үлкен үлес қосып жатқан жайы бар.
Мұнда жас дарындардың бойындағы қарым-қабілетін шыңдайтын бірнеше үйірмелер жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Сурет, қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Зухра Баймырзаева балаларды қолөнер бұйымдарын жасауға, суреттің қыр-сырын меңгеруге үйретіп, жыл бойғы мерекелерде сурет көрмелерін ұйымдастырып жүр.
Сондай-ақ би жағы да қолға алынып, жас маман Ақерке Қантаева балаларды түрлі ұлт өкілдерінің биіне баулуға кіріскен. Әрине, музыка мәдениеттің негізгі бөлшегі болғандықтан, «Ән салу, ән аспаптарында ойнауға үйрету» үйірмесі жолға қойылып отыр. Жетекшісі Марат Шардарбеков тәрбиелеген шәкірттер түрлі шараларда жанды дауыспен ән салуды үрдіске айналдырған.
Сонымен қатар аталған мәдениет үйінде «Театрландырылған қойылым», сондай-ақ Көңілді тапқырлар клубы мен жас ақындар үйірмелері де жұмыс істейді. Жаз мезгілінде балалардың тынығуына арналған «Сыр ұланы» атты лагерін жасақтау да осы мәдениет үйі тарапынан ұмыт қалдырылмаған.
Жыл санап жұмыс қарқыны үдеп келе жатқан «Арманның» шағын да болса талай тарландарды түлеп ұшырған Шиелі кентінің мәдени өмірінде алар орны зор. Жоспар бойынша Қазақстан Республикасының мерекелер туралы Заңына сәйкес, Наурыз, 1 Мамыр (Қазақстан халқының бірлігі күні), Ұлы Жеңіс күні, Халықаралық балаларды қорғау күні, медицина қызметкерлерінің мерекелері атап өтілуде. Мерекелерге жасалынған сценарийлерді кент әкімшілігі, мектеп директоры, оқушылар, лагерь басшыларына бекітіп отырады. Аталған мерекелерге балабақша, мектеп, «Сыр ұланы» лагері атсалысып жүр.
Қысқасы, Шиелі кенті «Арман» мәдениет үйінің арқасында мерекелерді жоғары деңгейде өткізудің орталығына айналып отыр.
Үлгілі мәдениет ошағы
Последние статьи автора