Тынышбаев мұрасына тиянақты қарасақ...
Алаш жұртын ат арбадан отарбаға отырғызуда және тұңғыш түркі жұртының басын қосатын тәуелсіз Түркістан Республикасын құруда Тұрар Рысқұловтай тұлғаның жанынан табылған, сонымен қатар сонау Шыңғыс ханның заманынан бастап, қазақ тарихының әрбір датасын алғашқы болып қағаз бетіне түсірген тарихшы, Жетісу қазақтарының арасынан Ресей мемлекеттік Думасына депутат болған көрнекті қоғам қайраткері, алаш арыстарының бірі Мұхаметжан Тынышбаевтың туғанына – биыл 130 жыл.
Бір ғана Лепсі өзенін бойлай қоныстанған елден алашқа қызмет еткен, алаштың атын аспандатқан Мұхаметжан Тынышбаев, Базарбай Мәметов, Мұқан Төлебаев сынды үш бірдей тұлға шығыпты. Әуелі кіндік қаны тамған жері Жетісудың төрінде М.Тынышбаевқа ескерткіш тұрғызудан бастау алған осы мерейтой барысында тұлғаның өмірі мен қызметі, шығармашылығын түгел қамтитын туынды да дүниеге келді. Осының бәріне ұйытқы болған Қажымқан Мәсімов басқаратын Мұхаметжан Тынышбаев атындағы қоғамдық қор күні кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетімен бірігіп, дөңгелек үстел өткізді. Сол жерде Өкітай Ахметов пен Жомарт Игіманның «Мұхаметжан Тынышбаев» атты кітабының тұсауы да кесілді. М.Тынышбаев жайлы еңбектердің бұл алғашқысы да, соңғысы да емес, сондай-ақ тұлға мерейтойы тұрғысында жасалып жатқан жалғыз іс-шара емес.
Қазақ киноөнерінің негізін қалап, керегесін керген тұңғыш оператор Ескендір Тынышбаев тірі болғанда бүгінде 100-ге толар еді. Мұхаметжанның ұлы болғаны үшін де талай арыстарымыздың ұрпағы секілді азап көрді, қуғындалды, бірақ мойымай өтті. Жиынға сол Ескендір Тынышбаевтан қалған көз – Елена Тынышбаева қатысты.
Елена ТЫНЫШБАЕВА, Мұхаметжан немересі:
– Биыл біздің отбасымыз үшін маңызды жыл болды, себебі бір емес қос бірдей той қатар келіп отыр. Біріншіден, атамыз Мұхаметжанның 130 жылдық мерейтойы болса, әкеміздің 100 жылдығы. Менің әкем –Мұхаметжан атамыз бен Гүлбаһрам әжеміздің бір-біріне деген тұңғиық сезімдерінің жемісі, тұла бойы тұңғышы. Әкеміздің өз өмірінде жасаған ең үлкен ерлігі –10 жылдай айдауда қандай азап шексе де, Тынышбаев деген тегін, қанын, рухын бізге, яғни ұрпақтарына жеткізгендігі. Ол ешқашан ешкімнің алдында иілген жоқ, қандай жағдайда да әкесінің атына кір келтірмей, еңсесін тік ұстады.
Алаш қайраткерлерінің арасында тәуелсіз ел болып, шаңырақ көтеру, ірге бекіту жағынан түрлі көзқарас, түрлі мүдделер болғаны белгілі. Әлихан Бөкейханов бастаған бабаларымыз Алашорданы құруды көздесе, Көлбай Төгісов бастаған топ «Үш жүз» партиясын құрып, қызылдармен бірігуді үндеген. Осы жағынан келгенде Мұхаметжан Тынышбаев әуелі Тұрар Рысқұловпен, Мұстафа Шоқаймен мүдделес болған, яғни Орта Азия мен Қазақстанды біріктіріп, Түркістан Республикасын құрушылар жағында болды. Бірақ соңынан қуғындалып, идея құрдымға кеткен соң, Алаш үкіметін құрушылардың қатарына қосылды. Семейде Алаш полкін құруға Отыншы Әлжанов, Райымжан Мәрсеков, Базарбай Мәметовтер, Биахмет Сәрсенов секілді мықты азаматтарды жұмылдырады.
Негізінен, ол кісі саяси қайраткер ғана емес, қазақ халқының тарихы, қазақ хандықтары жайлы жазған ғалым, этнограф та. Өкінішке қарай, қазіргі ұрпақ М.Тынышбаев жайлы көп біле бермейді. Оның бір себебі – кезінде ол кісі атылып кеткеннен кейін еңбектерінің де қиянатқа ұшырауы. Қазір жұрттың қолында М.Тынышбаевтың «Великие бедствия» (Ақтабан шұбырынды) атпен шыққан, типографиялық сапасы төмен шағын кітапшасынан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан осындай жан-жақты тұлғаның тамтұмдап қалған еңбектерін ерінбей іздеп, жоқтан бар құрап, шоқтан от үрлеп жағу бүгін мен болашақтың еншісінде.