Түстікте Төле би бабаның тойы өтуде
Әйгілі Бұқар жыраудың «Әй, Абылай, Абылай, сені мен алғаш көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, қалтақтап жүріп күнелткен, Үйсін Төле бидің түйесін баққан құл едің», – деп хан ағасы Абылайға айтқан жыр-толғауының кейіпкері, ұлтының кемеңгер тұлғасы, белгілі қоғам қайраткері – Төле Әлібекұлының 350 жылдығына арналған торқалы той басталып та кетті.
Бүгін, яғни 2013 жылғы 23 қазанда Ташкент қаласында ала тақиялы ағайын «Қарлығаш әулие» атап кеткен ұлы бидiң кесенесiне тағзым етiп, рухына Құран оқылып, ас беруден басталады. Сондай-ақ Шымкентте, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлы тұлға ұлағаты» атты кеңейтiлген көрме-экспозициясы көрермен назарына ұсынылмақ.
24 қазанда облыстық опера және балет театрында «Қазақ мемлекетiнiң тұтастығы мен дамуындағы Әз Төле бидiң тарихи қайраткерлiк рөлi» деген тақырыппен республикалық ғылыми-теориялық конференция өткiзiледi. Сондай-ақ осы күнi көркемсурет галереясында «Төле би және ұлт тарихы» тақырыбының аясында республика суретшiлерiнiң көрме-байқауы ашылып, жұмысын бастайды. Күндiзгi сағат 15:00-де А.С.Пушкин атындағы облыстық кiтапханада «Төле би» жетi томдығының тұсаукесерi өтедi.
Белгілі қаламгерлер М.Байғұт пен Ш.Орынбайдың қаламынан туындаған «Төле би – Қарлығаш әулие» спектаклi театр көрермендерінің назарына 24 қазан кешкi сағат 18:00-де ұсынылмақшы. Қойылымның режиссерi – Ә.Құлданов. Онан арғы күндерде iс-шаралар әрi қарай жалғасып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Данагөй баба – Төле би» атауымен жастарға арналған көркемсөз оқу шеберлерiнiң республикалық байқауы өткiзiледi.
Шойбек ОРЫНБАЙ, қаламгер, Төлебитанушы:
– Өткен тарихымызда өшпес із қалдырған бабамыздың тойы тек Оңтүстік Қазақстан облысымен ғана шектеліп қалмайды. 24-26 қазан аралығында көршілес Жамбыл облысында да Төле би бабаның 350 жылдығы кең көлемде тойланады. Әулие ата жеріндегі той Е.Әлiмжанның «Төле би» драмасымен ашылады деп күтілуде. Жамбыл жеріндегі «Баласағұн» облыстық концерт залында «Төле би және оның ұлағатты мұралары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға қонақ ретінде қатыспақпын.
25 қазанда Тараз қаласында ұлы тұлғаға орнатылған ескерткiштiң тұсаукесерi өтедi. Сол күнi «Төле бидiң қасиеттерi мен өсиеттерi» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жасалады. Әрі салтанатты мереке соңы кешке қарай гала-концертке ұласты.
Бес күнге жалғасатын Төле би баба рухына арналған тойдың сірге жияр қорытындысы 27 қазанда ұлы тұлғаға арналған салтанатты iс-шараға ұласып, Төле би ауданында өз мәресiне жетедi. Сағат 11:00-де басталатын салтанатты театрландырылған көрiнiс концерттiк бағдарламалармен астасып, баба рухына арналып ас берiледi. Оның соңы ұлттық ат спортына жалғасады деп күтілуде.