«Тұрмағамбет жылы» басталды
Биыл қазақтың сөз шебері, Сыр сүлейлерінің бірі – ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 130 жыл толады.
Осыған байланысты түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру мәселелері ақын туған өңірден бастау алып отыр. Талантты тұлға туған өлкеде аудан басшылығы жергілікті мәслихаттың мақұлдауымен үстіміздегі 2012 жылды аудандағы «Тұрмағамбет жылы» деп жариялап отыр. Енді, осы атаулы жыл барысында ұйымдастырылатын әдеби-танымдық шаралар жүйелі түрде өткізілмек. Бұған қоса, ақын туған топырақта мәдени нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары да жандана түспек.
Жоспарға сай жыл ішінде ғылыми-теориялық конференция, халықтық театр күшімен сахналандырылған қойылымдар әзірленіп, түрлі деңгейдегі рухани және спорттық байқаулар өткізіліп, ақындар айтысы және мүшәйра ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар Тұрмағамбет ауылындағы 80-жылдары салынған ақын ескерткіші тозып тұрғандықтан, қайта жаңғыртуға 21 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмыстарын жүргізу жобаланған. Аудан орталығына кіреберістегі 8,5 гектарлық алқапқа дендробақ орналастырылып, ақынның домбырасы мен қауырсын қалам бейнесіндегі кітап парақтарына шайырдың нақылдары ойып жазылатын болады.
Тұрмағамбет Ізтілеуов Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ленин ауылында 1882 жылы 9 шілдеде туған. Ол атақты ғалым Садриддин Айнимен бірге Бұхара қаласындағы «Көгелташ» медресесінде оқыған.
1905 жылы туған жеріне келіп, өз ауылындағы жаңадан ашылған мектепте сабақ беріп, 20 жылдай мұғалім болады. Ұстаздығымен, ақындығымен өскен ортасына екі дәуірде де адал еңбек еткен Тұрмағамбетті 1935 жылы республикадағы үкімет орны Алматыға қызметке шақырып алды. Содан бастап өмірінің ақырына дейін Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істеді. Ақын1939 жылы 15 мамырда дүние салды.
Шығыс тақырыбына үңіліп, «Мәрді диқан», «Рауа бану», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз» поэмаларын жазған. Ақынның қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан үлкен үлесі – Фирдоуси «Шахнамасының» 40 мың жолдық аудармасын жасағаны.