Таяуда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттерінен құралған ұлт аспаптар оркестрі Түркияда өнер көрсетіп қайтты. Дүйсен Қасейінов басшылық ететін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған гастрольдік сапарда түрік жұрты қазақ жастарының өнеріне тәнті болды.
Қазақ ұлт аспаптар оркестрі – «Жұбанов көктемі» халықаралық байқауының Гран-при жүлдегері. Оркестрдің жетекшісі әрі бас дирижері — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.
Гастрольдік сапар барысында оркестр бірнеше концерт берді. Осы концерттердің бірі әлемнің 150 еліне тарайтын телеарна арқылы көрсетілмек. Сондай-ақ студенттер оркестрі Түркияның 90 жылдығына арналған байқауға қатысты. Байқау Түркияның Амасья қаласының көшесінде өтті. Аталған мерекелік шара барысында үлкен шеру ұйымдастырылды. Шеруге Түркияның Президенті Абдулла Гүл арнайы келді. Түрік жұртшылығының назарына тек қазақтілді ғана емес, басқа түркі тілдес композиторлардың шығармалары ұсынылды.
Гастрольдік сапарға атсалысқан өнерпаздардың қатарында жас дирижер Арман Жүдебаев, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Сәуле Жанпейісова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ахат Кенжебаев, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты «Сарын» фольклорлық ансамблі және «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ қазақ және түрік тілдерінде жас әнші Ақерке Тәжібаева ән шырқады.
Түркияны тәнті етті
Последние статьи автора