Түркияның астанасы Анкара қаласының ең үлкен саналатын Кечиорен ауданында сөздің пірі атанған Сүйінбай ақынның бюсті орнатылды. Былтырғы жылы ақынның 200 жылдығына орай осы елде Сүйінбай саябағы ашылған болатын.
Аталмыш саябақтағы ескерткіштің ашылу салтанатына Алматы облысының делегациясын бастап барған облыс əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, делегация құрамындағы мемлекет жəне қоғам қайраткері Шəмшə Беркімбаева, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ғалымдар Бақтияр Сманов, Тоқтар Албеков жəне басқа да азаматтар қатысты. Басқосуда сөз сөйлеген Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак Рамазан айымен дөп келіп отырған үлкен қуанышпен жиналғандарды құттықтады.
Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз алып, тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай атқарылып отырған шара Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын жеткізді. Жетісу ғана емес, барша қазақ халқының атынан, облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан түрік бауырларға, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтып, мұндай шаралардың түркі дүниесін байыта түсетініне, Мəңгілік елдің мəңгілік мұралары болатынына сенім білдірді.
ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, мемлекет жəне қоғам қайраткері Шəмшə Беркімбаева, ақынның тікелей ұрпағы Ғабит Садырбаев екі ел арасында саяси, экономикалық байланыстармен қатар алтын көпір болып отырған руханият əлемі – түркілік тұтастық екенін атап өтті. Сүйінбай ескерткішінің ашылуын соның бір жарқын көрінісіне балады.
Бюстің авторы – мүсінші Нұрғалым Исабаев. Өткен жылы Н. Исабаевтың жасаған мүсіні ақынның туған ауылы Қарақыстаққа қойылған болатын. «Бұл бюст Қарақыстақтағыға қарағанда көлемі жағынан үлкен. Жəне бұл жұмысымда қазақтың киімдеріндегі ою-өрнектерін зерттеп жүрген ғалымдармен бірлесе отырып, бас киімі мен шапанындағы зердің мəн-мазмұнына жете мəн бердім. Мəселен, қалпағына билерге тəн «Билік ағашы» оюы салынды», дейді автор.
Бюстің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 2,60 метр, иық тұсынан ені 1,35 метр.
Сонымен қатар Анкарада жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай ғылыми конференция өтті. Юнус Эмре атындағы мəдениет орталығында өткен конференция жұмысын Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак құттықтау сөзбен ашып, қонақтарға ыстық ықыласын білдірді. Түбі бір туыстас халықтар арасындағы тамыры терең байланыстардың жаңа заманда жалғаса беретініне, жаңғыра беретініне сенім білдірді.
Мұнан соң Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Жамбыл бабамыздың 170 жылдығы ақпан айында Жетісу жерінде басталғанын, бүгін сол игі істі түрік бауырларымыз бастамашы болып өз елінде жалғастырып отырғанын ризашылықпен атап өтті.
- Қазақтың Гомері атанған ақынның мұрасы мəңгілік. Оның туындыларын қазір тəуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Бұл іске түрік бауырларымыз да айшықты үлес қосуда. Бүгінгі конференцияны қазақ еліне деген зор құрмет деп білеміз. Барша түрік бауырларымызды елімізде мерейтойдың мəресі ретінде Алматы облысында өтетін үлкен республикалық айтысты тамашалауға шақырамын. Облыс əкімі Амандық Баталовтың атынан осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған түрік бауырларымызға, ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркиядағы елшілікке зор алғыс айтамын – деді Б. Өнербаев өз сөзінде.
Сонымен қатар ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы төтенше жəне өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, Шəмшə Беркімбаева сөз алып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, рухани үндестік, соның ішінде Жамбыл жыраудың өлмес мұрасы туралы айтып өтті. Жыраудың өмірі мен шығармашылығы əрі эпик ақын, əрі айтыс ақыны, əрі азаматтық үні айқын тұлға ретінде əр қырынан талданды. Бір миллион жол өлеңі бар ғасыр жасаған жыраудың Көроғлыны отыз күн жырлағаны да тілге тиек етіліп, бұл мұраларды түрік азаматы Ахмет Аляздың жаңа қырынан зерттеп жүргені де айтылды. Сол сияқты Мугла университетінің доценті Экрем Аян, Халықаралық Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омироғлы, «Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, Гази университетінің докторы Жемиля Кнаджы қазақ елі мен Анадолы елінің өнеріндегі ұқсастық пен ортақтыққа қатысты, жамбылтануға байланысты пайымды пікірлерін білдірді.
Осы сапар аясында Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония əртістері, оның құрамындағы «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі Астана күніне орай «Anteres» сауда үйінің фойесінде, Жамбыл жыраудың 170 жылдығына орай «Калаба Кент» алаңында қазақ өнерін паш етіп, халық əндері мен билерін анкаралық көрермендер назарына ұсынды.