"Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы – Мары" жылы ашылды
Былтыр Қазанда өткен ТҮРСКОЙ Тұрақты кеңесінің 32-ші отырысында қабылданған шешім бойынша, Түркіменстанның Мары қаласы – 2015 жылдың түркі дүниесінің мәдени бас қаласы болып бекітілді. Осыған орай Қазаннан келесі эстафетаны алған Мары қаласында «Мары – түркі дүниесінің мәдени бас қаласы 2015» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Марыдағы «Рухыет» мемлекеттік сарайында өткен шараға Түркіменстанның Мәжіліс депутаттары, түркітілдес елдердің Мәдениет ведомствалары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен мәдениет майталмандары, журналистер мен жастар қатысты. Сондай-ақ, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері мен Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Македония, Босния Герцогавина, Венгрия, Болгария, Гагаузия (Молдова Республикасы), Ресей Федеарциясының құрамындағы Татарстан, Башқортстан, Хакасия, Тува, Саха-Якутия, Калмыкия, Алтай сынды түркі әлемінің түкпір-түкпірінен шығармашылық топтар орын алды.
Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы сәлем хат жолдаған Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи шараға қатысып отырған барлық қонақтарды айтулы мерекелік күнмен құттықтап, адамзат өркениетінің тарихында елеулі орны бар ежелгі Мары қаласының түркі дүниесіндегі мәнін ашып, түрікмен халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті әлем халықтарының жақындасуына қызмет ететіндігін тілге тиек етті.
Мерекелік шараның тарихи маңыздылығын баян еткен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркіменстан Президентіне халықаралық шараның өтуіне қолдау көрсетіп, түркі дүниесінің өнер мен мәдениет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді. «Бүгінгі күні, - деген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, - «Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы» жобасының аясында этафетаны қабылдап алған Ежелгі Мары қаласы ЮНЕСКО-ның Бүкіл әлемдік тізіміне енгені баршаға мәлім. Осы қасиетті жерде әлемдік өркениетінің ежелгі орталықтары мен жалпы мәдени мұраның құндылықтарын сезінуге болады. Сондықтан Мары қалысының теңдессіз мәдени мұрасы түркі дүниесінің мәдени орталық болуға әбден лайықты,» - деп шараның мәнін тереңдете түсті.
Шара шеңберінде өткен концертке еліміздің талантты өнерпаздары қатысты. «Ақ жайық» ансамблінің Т.Ақбөкен, А.Ноғайбаева, Ә.Набиева, А.Ержанова, Т.Жұмағалиев, Г.Жұматаева, А.Жалғапов, Б.Ақтаев, Е.Баймұратов, С.Байменова сынды өнерпаздары қазақтың дәстүрлі музыкасымен түркітілдес елдерден келген қонақтарды тәнті етті. Әсіресе белгілі домбырашы Темір Ақбөкеннің түрікменнің ұлттық аспабы дутармен қазақтың күйлерінен поппури орындағанда түрікмен жұртшылығы дән риза болды, - хабарлайды ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстанның өкілі Мәлік Отарбаев.